Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 6759 1 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 11:54

ҚАБДЕШ АҒАНЫҢ ҚЫЛЫҒЫНА ҰЯЛДЫҚ

Абай ақпараттық порталының электронды почтасына қазақтың классик жазушысы Қабдеш Жұмаділовті сынаған материал келіп түсті. Автор Қабанбай батырға арналған ғылыми-танымдық конференцияда жазушының өзін дұрыс ұстамағанын тілге тиек ете келе, біраз тарихи пікіріне қарсылық білдіріпті. Әрине, біз тізгінді тең ұстауға тырысатынымызды, Қабдеш аға Жұмаділов тарапынан айтылар уәж болса, оған да мінбер беруге дайын екенімізді ескертеміз. 

Абай ақпараттық порталы

Осы мақаланы жазуыма «Айқын» газетіндегі «Қабанбайтану кенжелеп барады» деген мақала себеп болды. Айдана Нұрмұханның қаламынан туған дүниені оқып шыққан соң, журналистердің ғылыми негізделген пікірге араласпағаны, тараптардың ешқайсысын қолдамағаны, көргенін, естігенін сол қалпында оқырманға жеткізгені жөн екен деген ойға келдім. Айдана қатысқан ғылыми-танымдылық конференцияға біз де барған едік.

Қазақстан Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет Иниститтуты ұйымдастырған басқосу  Қабанбай батырдың туғанына  325 жылдығына арналған-ды. Келер жылы атамыздың мүшел тойы. Тарихшы, фольклоршы ғалымдар Қабанбай батыр туралы, Қ.Жұмділовтің, З.Сеніктің еңбектері, Қабанбай батырдың Туы жайлы баяндама жасады. Кезек құттықтау үшін ақын Шөмішбай аға Сариевке беріліп еді, төрден шу шықты. Қабдеш аға Жұмаділов:

– Мынау менен бұрын неге сөйлейді? Менің алдыма неге түсіресіңдер! – деп жүргізушіге дүрсе қоя берді.

Жүргізуші:

– Аға бұ кісі өлең оқып, құттықтасын деп едік, – деген тақілеттес ақталу айтып жатыр.

Бұған тоқтайтын Қабдеш аға ма, әлдекеуім шытынады. Орынсыз-ақ қылық.

Өзіне сөз берілгенде де ашудан арылмай тұрды. Біз конферецияға даярланып, ғаламтордағы Қабанбай батыр туралы мақалаларды тінтілей оқып, өзара пікір алысып келгенбіз. Ағамыздан жаңалық күттік. Бірақ Қабдеш ағамыз сонау жылдардан бері айтып келе жатқан қарама-қайшы өз пікірлерін тағы да тізбеледі. Бір ізге түспеген, бытыраңқы ойларын, талданбаған аңыздарын  ұзын-сонар әңгімеге айландырып жіберді. Залда тарих пен фольклордың, әдебиеттің кәсіпқой мамандары, ғылым докторлары мен кандидаттары отырғанымен де ісі болмады. Өстіп келді де аяқ асты залға қарап, сес көрсетті.

– Мына жерде Камал Әбдірахман деген отыр. Өзі адасқанымен қоймай, елді де адастырып, Қабанбай батырды Арқада, Ақмолада жерленді дейді. Ойдан өлең құрап дастандарға қосыпты. Мұны тарих ғылымының докторы Нәсенов керемет анықтады. Кесенеден күнін көре берсін де, бірақ елді алдамасын. Біздің берік сеніміміз бойынша Қабанбай батыр Жоңғар Алатауы маңында жерленген. Мына Камал өтірікші. Ақмолада жерленген басқа, арғын Қабанбай. Бұл, тіпті, Қабанбайдың тұсында найман Тарбағатайға қоныстанбаған, ол жақта Қабанбай батырмен тұстас адамның моласы жоқ дейді. Менің оныншы атам жерленген. Бұл ше? Шыңғысханнан бері найман отырған жер ғой...

Ары қарай Қабдеш аға «Жас Алаш» газетіндегі, «Аңыз адам» журналындағы жеке дара пікірлеріне қайта оралды. Камал аға Әбдірахманды бетпе-бет танымайды екенбіз. Бірақ Қабанбай батыр туралы мақалаларын ғаламтордан оқығанбыз. Орыс, қытай, қырғыз елдеріне барып Қабанбай батыр туралы тың деректер әкелгенінен, сапарларынан хабардармыз. Нұртілеу аға Иманғалиұлымен күбірлесіп отыр екен, Қабдеш аға саусағымен нұсқап көрсетті. Алайда о кісі Қабдеш ағаның өзіне ұрына бастағанына аса мән бермеді, әжуәлай күліп отырды.  Сөз алып, пікірін білдірді.

– Қабанбай батырды Арқада туып, Арқада жерленді дегенді жазуды бастаған мен емес. Мен әр кезеңде жарияланған деректердің басын құрастырушы ғанамын. Алғаш рет 1934 жылы Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы Қыдырмолда жырау:

                              «Ежелден мекен етіп жүреді екен

                              Ащысу, Есіл-Нұра, Сарыбелді» деп жазды.

1931 жылы моласына үш түнепті. Өз қолымен жазып бергені сақтаулы. Батырдың және бір тікелей ұрпағы, ғылым докторы Болатжан Абылқасымов 1979 жылы, онан соң 1991 жылы Талдықорғанда өткен Халықаралық конференцияда «Қабанбай батырдың моласы Ақмоладан 30 шақырымдағы «Октябрь» совхозының жеріндегі Қабанбай тауында» деп атап көрсетті. Болатжан кандидаттығын туған атасы Қабанбай батырдан қорғаған еді. Қабанбайдың моласы Нұра бойында екенін 1960-70 жылдары сол мекеннің тумасы тарихшы, прфессор Нәби Дауылбаев жазды. Тағы бір профессор С.Бәйішев студенттерінің құлағына осы деректі үнемі құйып отырыпты. Профессор М.Кәрімов сол жылдардан бері Қабанбай батырдың Арқадағы моласын дәл көрсетіп жүр. Қабдеш аға, даулассаңыз Батырды сізден көш ілгері білетін ұрпақтарымен, кәсіби тарихшы профессорлармен, осы  ғалымдармен дауласыңыз.

Қабанбай батырды тарихи тұрғыдан зерттеуде негізгі қате, жаңылыс сол тұстағы қазақ рулары орналасқан мекендерді білмеуден кетіп жүр. Біз бүгін Қабанбай елі Жетісуда, Шығыста отырған соң Қабдеш ағаға сеніп, ХҮІІІ ғасырда наймандар түп-түгел сол маңды мекендеді деп ойлаймыз. Шындық олай емес. Шындық іздесеңіздер Андреевтің 250,  Уәлиханов пен Аристовтың 150, Тынышбаев пен Халидидің 100 жыл,  Мыңжан келтіретін 150 жыл бұрынғы қытай деректерін оқыңыздар. Менімен емес, солармен айтысыңыз. Андреев ХҮІІІ ғасырдың ортасында, Қабанбай батыр тұсында Тарбағатай, Жоңғар Алатауы маңында, Аягөздің сол жағалауында кім отырғанын шаңырағына дейін санап жазады. Аристов, Уәлиханов, Тынышбаев, Мыңжан, Халиди қазақ руларының осы алқаптарға қашан орналасқанын әр жылымен дәлдеп көрсетеді. Аягөздің сол жағалауында 1810 жылға дейін қазақ руларынан, Қабанбай елінен бір шаңырақ жоқ. 1758, 1862 жылғы қазақ-қытай келіссөздерінен кейін осындай жағдай қалыптасты. 1762 жылы Ұрыжардың жанына қытай шекара бекетінің кеңсесі орнады. Нығымет Мыңжан мұны тайға таңба басқандай жазады. Қайдағы 1754 жылдан бастап найман мен керей бұл жерге орналасты? Тек 1810 жылға қарай қытай императорының белгілі жарлығына орай Уәлихановтың, Тынышбаевтың, Аристовтың, Халидың нақтылы тарихи деректері бойынша, қазақ рулары Аягөздің сол жағалауына өте алды. Мен бар-жоғы әлем таныған ғалымдардың ғылыми орта толық мойындаған тарихи деректерін жинастырып, жұртқа ұсынушымын. Дауыңызды, шамаңыз жетсе әлем танитын Уәлиханов, Мыңжан, Тынышбаев, Андреев, Аристовқа, профессорлар Абылқасымовқа, Дауылбаевқа, Кәрімовке, Бәйішевке, Мұстафинге, соларды мойындаған, күні бүгінге дейін бір ауыз қарсылық білдірмеген, мына залда отырған ғалымдарға айтыңыз.Камал ағаның осы сөзінен кейін Қабдеш аға орнынан тұрып кетті:

– Тоқтатыңдар ананы, тоқтатыңдар! Тоқтатпасаңдар мен кетемін! – деп столды нұқыды.

Ұйымдастырушылар Камал ағаны тоқтатқысы жоқ. Оның үстіне ғалымдар да, біздер де ақ пен қараны, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін ажыратып отырғанбыз. Дегенмен Қабдеш ағаның көңілін тапқысы келді ме, жүргізуші:

– Уақыт Камал аға, уақыт, – деп қойды.

Камал аға болса залда отырған ақсақалға қарай сөйледі.

– Мақсүт аға, Сіздің отырғаныңыз өте жақсы болды.  Қабанбай батыр туралы жазылып алынған 18 дастанның барлығы сіздің алдыңыздан өтті. Сол дастандарда Қабанбай батыр дүниеден озар шағында:

                     «Жиылып тегіс ас беріп,

                     Ту биені сойыңдар.

                     Арқаға арнап, бейіт соғып,

                     От орныма қойыңдар», – дегенін, Арқаны қадап көрсеткенін, онан соң үзіліп бара жатқан қайын ағасының басын сүйеп отырған Дәулетбай батырдың келіншегінің:

                     «Мағрип пе машрихтан, асыл қоймай жинаған,

                     Есіл менен Нұраның арасына симаған,

                     Қайран менің қайны ағам!», – дегенін мен жазыппын ба, әлде сіздер жинап алып па едіңіздер?

Мақсүт аға байсалды адам. Басын изеп, келісімін білдірді.

Қабдеш аға, сіздер Мәскеудегі тарих ғылымдарының докторы, Ермахан Бекмахановтың қызы Нейла Бекмаханованың «Легенда о невидимке» деген кітабын оқыдыңыздар ма? Оқымапсыздар. Осы кітапта апамыз «ХҮІІІ ғасырдың қырқыншы-алпысыншы жылдары қазақтың игі жақсылары өрістік және жайылымдық жерлерді қауым болып иелене бастады. Мысалы... Қабанбай батыр Есіл мен Нұра өзенінің бойында көшіп жүрді» деп жазады. Осы деректі Ақмолалық ғалым Апполова да қайталап, Қабанбай батырмен қапталдас керей Құлсары батыр және Абылай көшіп жүрді деп көрсетеді. 1754 жылы Қабанбай батыр шығыстағы қай жерді керей мен найманға бөліп береді? Арқада табжылмай отыр. Өткенде соны бір дерек келді. Біз орысқа қарсы шаққан башқұрттың Салауыты мен Қарасақалын ғана айтамыз. Бірақ 1755 жылы Батырша деген башқұрт та көтеріліс жасап, ақыры ол да қазақты паналапты. 1770 жылы орыстар оларды Нұра бойындағы Қабанбай батыр ауылынан табады. Осы жылы ата дүниеден өтті емес пе. Арқада! Қайдағы шығыс?

Жуырда Қабанбай батырдың аталасы, бәрімізге белгілі ғалым, профессор  Тұрсын Жұртбай «Арқада Байжігіт, Жанжігіт атты екі өзен қатар ағып, Терісаққанға құяды, Терісаққан Есілге. Есіл мұхитқа құяды. Біздің Байжігіт жұрты 1916 жылға дейін «Үлкен үйге сәлем береміз. Бата аламыз» деп Ақмоладағы Қабанбай батыр моласына жыл сайын арнайы келіп, құран оқып тұрған» деп жазды. Тұрсынға сенбеудің еш негізі жоқ.

Осынша ғылым докторлары, Қабанбай батырдың кіндік төлдері түгел қателесіп жүр ме сонда? Жоқ. Қабанбай батыр, кім не десе, о десін, Арқада туып, Арқада, Нұра өзенінің бойына жерленген. Қалған сөз – кесауат! Осымен тоқтайын.

Қабдеш аға мен Камал ағаның сөздерін диктофонға тартып алып едім, азды-көпті реттеп жазып отырмын. «Айқын» Камал ағаны неге жеккөрінішті еткісі келді екен? Есімінен ат үркетін Қабдеш ағадан бір мысқал тайсалмай адалын, білгенін көзінше дәлелді және түйінді айтты, Камал аға. Қатесін дәлдеп көрсетті. Бүгін  Қабанбай батыр ғұмырнамасынан бәріміз, әсіресе, ғылыми орта,  хабардармыз. Бізді иландырмақ ниетпен, қазақ тарихын бұрмалаудың  еш қажеті жоқ. Ғаламторда керегіңнің бәрі ілулі. Жоқ болса, өзіміз ізденеміз. Үлкен ағаларымыз беделін бекер төкпесе екен. Жөн сөзге, нақтылы тарихи деректерге мойынұсыну керек қой. Онсыз да кеңес дәуірі әбден қиюын кетіріген тарихымызды өз қолымызбен бүлдірмейікші.

Ғайни Биахметова, Әлеуметтік ғылымдар магистрі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5393