Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жөн-ақ 3191 0 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 11:08

ТАНЫМАЛ БОЛУДАН ТАРТЫНБА, ДЕПУТАТ!

Парламент депутаты болу – халықтың мұң-зарын ескеріп, мүддесін көздейтін қолдаушысы болу екені әлмисақтан белгілі. Халық сайлаған соң қабылданатын заңдардың адамдардың мүддесіне сай болуын депутат алдымен ескергені жөн. Бұл – барлық демократиялық құрылыстардың міндеті.

Демократиялық мемлекет дегеннің өзі – халықтық билік деген сөз екенін мектеп қабырғасынан білеміз. Ал біздің мұратымыз – демократия екендігі Ата заңымызда жазылған. Халықтың мұң-зарын жоқтап, құқы мен мүддесін қорғау, тілегін өкіметке жеткізу, талап-тілегін қолдайтын, аманатын орындайтын заңнамалық құжаттар қабылдау арқылы депутаттар өздерінің есімдерін де халық арасына танымал қылады. Танымал болу да депутат үшін өте маңызды, оларды халықтық ашық қайраткерлер (публичный)  дейтініміз де содан.

Алайда, «біздің депутаттарымыз осындай талаптардың үрдісінен табылып отыр ма?» деген сұраққа біржақты жауап айта алмайсың. Ілгешек іздейтіндер депутаттарымызды мүлде іске алғысыз қылып «дауыс беру үшін ғана отырғандар» деп шенеп тастайтыны да бар. Олардың сөзінің де жаны бар, көптеген депутаттарымыз үндемеген қалпы әйтеуір сессияның аяғына дейін аман жетіп, көзден ғайып болады. Бірақ бізде халықтың жоғын жоқтайтын, мұңын ескеретін депутаттар да, құдайға шүкір, бар. Ондайлар өздерінің белсенді әрекеттерімен көрініп жүреді. Әсіресе, Қазақстан Халықтық коммунистік партиясы фракциясынан сайланғандар бұл тарапта үлкен белсенділік танытуда. Осы фракцияның мүшесі Айқын Қоңыров, «Ақ жолдан» Меруерт Қазбекова, «Нұр Отаннан» Зағипа Балиева, Нұртай Сабильянов, Сенаттан Қуаныш Айтаханов, Сәрсенбай Еңсегенов және т.б. халықшыл депутаттардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Осы істе барынша танымал болып, қай күнде халықтың мұңын батыл айтып жүргендігімен есте қалған бұрынғы сенатор Светлана Жалмағанбетованы да қазір сағынышпен еске аласың. Сондай-ақ Амангелді Айталы ағамыз да депутат болғандығының арқасында халыққа әділетті, білікті сөзімен кеңінен танымал болған еді. Олар Үкімет әзірлеп әкелген заң жобаларының жетімсіз тұстарын батыл сынап, ашық қарсы шығатын. Халықтық іс болған соң біреуге ұнамай қалармын, әлдекімдерді ренжітіп алармын дейтін әсіресақтықтан олар мүлде аулақ еді.

Қазір алтыншы шақырылым екінші сессияда жұмыс істеп жатыр. Депуттардың негізгі бөлігі «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланғандар ғой. Олардың біразы өз аймақтарында бір саланың басшылары, мамандары болып, шенеуніктік орынтақтан ауысқандар. Мұндайлар еңбек тәртібіне (дисциплинаға) әбден кептеліп, артық-ауыс пікірден, сөзден қашып, бастыққа қарап жалтаңкөз болып үйреніп қалғандар. Талқыланып жатқан заң жобаларындағы көзге түскен кемістіктерді біреудің аяғын басып кетуден сақтанып, айтпай қалатын себебі де сол. Сондықтан да саланың білгірі деп таңдалынған мамандардан заң жобасын жетілдіруге пайда болмай қала ма деп күмәнданасың. Ал енді сондайлар халықаралық келісімдерді ратификациялау сияқты өзгеріссіз  мақұлданатын заң жобаларын талқылағанда аяқ астынан белсенді бола қалады. Мұнысы енді көзге түсудің амалы, арзан ұпай жинап, өзінің бар екенін білдіру сияқты. Пленарлық отырыстарды басқа залдан көріп отыратын журналистер бізде мынандай да депутат бар екен-ау деп оларды жаңа көріп, таңырқап қалып жатамыз.

Тағдырдың жазуымен басыңа «халық қалаулысы» деген бақ қонғанда барыңды салып, халықтық іске аянбай кірісу керек қой. Сонда танымал болып, халқың ертең басына көтеретін болады, дегің келеді бүгінгі жаңа депутаттарға. Депутаттың парызы да сол – халықтың мұңын айтумен, мүддесін қорғаумен танымал болу ғой.  

Жақсыбай Самрат

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5633