Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Тұлға 5205 0 пікір 19 Қазан, 2016 сағат 10:58

МЕН БІЛЕТІН БАЛТАШ ТҰРСЫМБАЕВ

Бүгінде жетпіс жасқа келіп отырған Балташ ағам туралы қадау-қадау ойларымды ғана ортаға салмақпын:

Біріншіден, мен білетін Балташ Тұрсымбаев бүгінде Ресей қарамағындағы Омбы өңірінде туып, сонда орта және жоғары білім алған, қазақшадан гөрі орысшаға жақын азамат болған.

Екіншіден, Солтүстік Қазақстан облысында қатардағы бригадирліктен еңбек жолын бастаған Балташ аға, өз еңбегімен ауыл, аудан, қала, облыс, республика көлемінде басшылық лауазымды қызметтерге көтеріліп, сол жылдары солтүстік өңірдегі орыс шовинизмімен ашық күресті. Талай қазақ кадрларының өсуіне ықпал етті.

Үшіншіден, 1986 жылғы Желтоқсан қасіреті кезінде Қызылжарда  басшылық қызметте еді. Қанды қырғыннан кейін осы өңірге арнайы келген Г. Колбин мен Н. Назарбаевты қарсы алып, ішінен қан жұтып жүріп, сол кездегі горбачевтік  «сухой законға» қарамастан, Г. Колбинді елден жасырып, ақаңмен «суарып», доңыздай домалатып, абройын төккен, сөйтіп, желтоқсандықтар үшін өш алғандай болған да осы Балташ Тұрсымбаев еді.

Төртіншіден, сол тұстағы қазақтың белгілі ақын-жазушылары: Ғафу Қайырбековті, Сәкен Жүнісовті, т.б. орыстанған өңірге жиі шақырып, ұлттың рухын көтеруге күш жұмсаған, Ғафаңның ақылымен тезарада ана тілін үйреніп шыға келген де, осы Балташ Тұрсымбаев ағамыз.

Бесіншіден, 1989 жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, оның үні «Ана тілі» газеті жарық көретін болған тұста республика ауыл шаруашылығын басқарып отырған Балташ Тұрсымбаев  оларға өзі отырған мекеменің бір қабатын тұтастай тегінге беріп, автокөлікпен, қаржымен  қамтамасыз еткен еді.

Алтыншыдан,сол тұста ақталып жатқан Мағжан Жұмабайұлы, Сымағұл Сәдуақасов, т.б. сияқты боздақтарымыздың кітаптарының жарық көруіне, мен шығарып тұрған тәуелсіз саяси «Алашорда» газетіне, небір ақындар мен жазушылардың, өнер адамдарының мерей тойларына қаржылай көмек көрсеткен де осы Балташ Тұрсымбаев болатын.

Жетіншіден,Қазақстанда басталған алғашқы жекешелендіру кезінде ауылды, колхоздар мен совхоздарды таратуға ашық қарсы шыққан, сол үшін біреулерге жақпай қалған да осы Балта-ағамыз – Балташ Тұрсымбаев еді.

Сегізіншіден, қазір біздер шетел алпауыттарының қолына өтіп кетпес пе екен деп у жұтып отырған қазақ жерінің тағдырына алаңдап, «Жер туралы кодекс» қабылданар кезде бүкілхалықтық референдум жасауға бел шеше кіріскен, ашық айқасқа түскен, небір сұмдықтарды басынан кешкен де осы Балташ Тұрсымбаев болатын.

Тоғызыншыдан, Түркияда Қазақстан елшісі болып тұрған тұста сол елдің астанасы Анкара қаласына данышпан Абайдың, түрікшіл ұлы ақын Мағжаннның ескерткіштерін тұрғызуға бар күшін жұмсаған, тағы да осы Балташ Тұрсымбаев болды.

Оныншыдан, Қостанай облысында облыс әкімі болып тұрған кезінде кірмелердің қолына өтіп кеткен қазақ жері мен кәсіпорындарын өзіміздің қара көздерге қайтарып беруге өлшеусіз үлес қосқан да осы Балташ Тұрсымбаев.

Он біріншіден, Қожағапанов деген байшікештің бригадир ғана болған әкесі Аягөздің «Таңсығындағы» сан мың жылдық тарихы бар, барша түрік халқының ортақ мақтанышы «Қозы мен Баян» ескерткішін иеленіп кете жаздағанда оны қорғап қалуда Аягөздегі Амангелді Керімтаевтарды, мына біздерді қолдып, ашық хат жазған, ақыры  ұлы ескерткішті аман алып қалған да осы Балташ Тұрсымбаев болды.

Он екіншіден, қазіргі «Еуразиялық экономикалық одақ» дегенге, «үш тілділікке» ашық қарсы шығып, пікірлерін ірікпей айтып жүрген де, қазіргі биліктің келеңсіз қылықтарын қаймықпай, жасқанбай, ашық сынап жүрген, тағы да осы Балташ Тұрсымбаев екенін кім білмейді?І.

Бұл Балташ Тұрсымбаев туралы жоғарыда айтқан қадау-қадау ойларым алда айтылатын, жазылатын, зерттелетін үлкен еңбектің бастауы ғана. Менің айтқандарымды толықтырғысы, түзегісі, алғысы, қосқысы келетін жандар табылып жатса, мархабат...

Аман болыңыз, асыл аға!

 Үлкен құрметпен, ініңіз Жұмаш КЕНЕБАЙ (Көкбөрі),

ақын, қоғам қайраткері, публицист, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1505
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5755