Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5006 0 пікір 12 Қазан, 2016 сағат 11:10

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ - БІРЛІК

Біздің халқымыз тәуелсіз ел болуды ғасырлар бойы армандады. Қазіргі кезде қайран қазағымның сан ғасырлық тарихының ең жарқын парақтары жазылу үстінде. Оны көру, жетістіктеріне куә болу біздің ұрпаққа бұйырды. Ұзағынан сүйіндірсін!, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.

Еліміздің ұлы мақсат-міндет­терінің бірі ұлттық тәуелсіз мемлекет құру болды. Біздер сол арманымызға осыдан жиырма бес жылдай бұрын қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде Қазақстан бүгін­гі жаһандық өзгерістер мен үдеріс­терде бәсекеге қабілетті эконо­ми­каға негіз болатын құқықтық база­ны қалыптастырды. Ал мемле­кет­тің ойдағыдай дамуының құқық­тық іргетасы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум­да қабылданған Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы болып табылады.

Конституцияда қоғамның мате­риалдық және рухани өмірін жаң­ғыртудың стратегиялық мақсат­тары мен міндеттерін іске асыру­ға мүмкіндік беретін негізгі қағи­даттары нақты көрсетілген. Еліміз Ата Заңды басшылыққа ала отырып, ұлттық мүдделерді және әлем­дік дамудың бағыт-бағдарын ескеретін саяси-экономикалық құрылыстың өзіндік үлгісін жасады. Қазақстанның кешегі және бүгінгі дамуы қабылданған сол жоспарлар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып келеді. Олар­дың ішінде Қазақ­стан хал­қының әл-ауқатын арттыруға, ел қауіпсіздігін нығайтуға бағыт­талған, сондай-ақ, мерзімінен бұ­рын орындалған «Қазақстан-2030» Стра­тегиясының орны бөлек болды. Ал қазіргі кезде іске асырылып жатқан «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы жоғарыда аталған бағдарламалық құжаттың заңды жалғасы болып табылады. Өйт­кені, бұл Стратегия еліміздің бар­лық салаларын әрі қарай дамытумен қатар, жаңа әлем­дегі жаңа Қазақ­станның ұлттық мұраты – қазақ­стандық қоғамды топ­тас­тыру, ішкі саяси тұрақтылық пен сыртқы саяси байыптылықты тең ұстау қажеттігін міндеттеп отыр.

Осыдан 25 жыл бұрынғы әлеуметтік-эконо­мика­лық жағ­дайымыздың мүшкіл хал-ахуалын көзге елестетудің өзі қиын, қорқынышты. Жұмысын тоқтат­қан өндіріс орындары, бос қал­ған дүкен сөрелері, жұмыссыз­дық… Содан бергі жылдары елі­міз елдікті нығайту мен халық­тың әлеуметтік жағдайын жақсар­ту, инвестиция тартып, экономика­ны дамытуда аса ауқымды жетіс­тіктерге жетті, биік белестерді бағын­дырды. Нарықтық экономикаға көшу бағдарламасы жүзеге асыры­лып, қаржы мен банк жүйесі және экономиканы басқару институт­тары құрылды. Осы және басқа да қаржы-экономикалық құрылым­дардың тиімді жұмыс істеуі ішкі жалпы өнім көлемінің еселеп артуына қолайлы жағдай жасады.

Сол кездер үшін ел экономи­ка­сын демеп, кейіндеп оны дамытуда шетелдік компаниялардың инвес­ти­циясы аса қажет еді. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында-ақ шетелден күрделі қаржы тартуға және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қолға алынды. Соған қатысты тиісті заңнамалар әзірленіп, депутаттар талқылауына ұсынылды. Шетелдіктердің ел экономикасына салатын инвес­тициясын қорғауға заңнамалар негізінде кепілдік берілгеніне көздері жеткен әрі Қазақстанның болашақта іргелі елдердің біріне айналатынын білген шетелдік компаниялар еліміздің экономикасына қаржы сала бастады. Сол инвесторлардың алғашқы қар­лығашы бүгінде еліміздің мұнай-газ саласында табысты жұмыс істеп жүрген «Шеврон» компаниясы еді. Ал 2005 жылдан бері Қазақстанға тар­тыл­ған инвестиция көлемі 215 мил­лиард АҚШ долларын құрады. Оның 17 миллиард доллары өңдеуші өнеркәсіп саласына бағытталған.

Бұрындары Қазақстан шетел инвестициясына зәру болып келсе, арада он бес-жиырма жыл өткенде, еліміз бірлескен кәсіпорындар ашып, шет мемлекеттердің экономикасына да қаржы сала бастады. Оған бірқатар алыс-жа­қын шет ел­дерде қазақстандық капи­тал­дың қатысуымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мысал болады. Екіншіден, соңғы жыл­дары Азия құрлығындағы дамушы елдерге салынатын тікелей инвес­ти­­цияның көлемі артып келеді. Қа­­зірге олардың көшін Қытай, Гон­­конг және АҚШ бастап тұр. Ал Қазақстанға келсек, біздің еліміз тіке инвестиция тартудан да­мушы елдер арасында 16-шы, бар­лық елдер арасында 28-ші орын­ды алады. Осы тұста атап өтейік, бүгінде еліміздің өңдеуші өнеркәсіп саласында 140-қа жуық инвестор жұмыс істеуде. Олар жалпы сомасы 6 миллиард дол­ларға жуықтайтын 150-ден астам жобаны жүзеге асырды. Соның нәтижесінде 30 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, алдағы жылдары инвесторлар жалпы көлемі 104 миллион долларды құрайтын сегіз жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде бұл 360 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Енді Президент сыртқы ин­вес­­тицияға байланысты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикалық бөлігіне кіретін шаралар ретінде өңдеуші секторға кем дегенде, 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастыруды тапсырып отыр. Онымен негізінен қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар, трансұлттық компаниялардың әлеуетін пайдаланатын өндіріс орындары қамтылады. Бұл жерде басымдық энергетикалық, инфрақұрылымдық салалармен қатар, өңдеуші кәсіпорындарға да берілмек. Себебі, экономикада жетекші саланың бірі болып табылатын өңдеуші өнеркәсіп саласы кенже қалып қойды. Енді кеш те болса, соның орнын толтырып, қуатты өңдеуші кәсіпорындар қатарын көбейтуге баса назар аударылатын болады.

Тарих қойнауынан ойып тұрып орын алған өткен кезеңде Қазақстан жолының бостандық пен теңдік, бірлік пен тұрақтылық, даму мен жаңғыру сияқты негізгі құндылықтары берік қалыптасты. Бұл жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін, қайраткерлігі мен көре­ген­дігін ерекше атаған жөн. Өйт­кені, Елбасымыздың бастапқы кезден-ақ ұстанған салмақты саяса­тының арқасында елімізде халық шаруашылығы салаларын рефор­малау қолға алынды. Әрине, бұл жолда көптеген қиын­дықтар мен проблемалар да кездесті. Бас бі­­рі­ктіріп, әріден ойлас­ты­рудың, ұйым­шылдық көрсету­дің нәти­же­сін­де реформалар ой­дағыдай жү­зеге асырылды. Оның жемісін бү­гін­де барша қазақ­стандық көріп отыр.

Тарихқа зер салатын болсақ, адам баласы жаралғалы бері әлем­дегі дәстүрлі діндер басылары мен түрлі діндер өкілдері бір шаңы­рақ астында, бір үстел басында ешқашан бас қоспаған екен. Осынау қиын шаруа Н.Ә.Назар­баевтың қолынан келді. Бұл тарихи іс Еуразия жүрегі атанған Астана қаласында жүзеге асты. Бүгінгі күнге дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес съезі өтті. Осы жиындар қазіргі заманның аса өзекті мәселелері бо­йынша рухани көшбасшылардың беделді және тұрақты жұмыс іс­тейтін форумы ретінде қалып­тас­ты деп айтуымызға әбден бола­ды. Өйткені, ол діндер мен мә­дениет­тер арасындағы келіспеу­ші­ліктер­ді түрлі халықтар арасында бейбіт­шілік, өзара түсіністік пен әріп­тестік орнату арқылы ғана еңсе­­ру мүмкіндігінің көрнекті үлгі­сіне айналды. Астана форумы, сон­дай-ақ, діни сенімі сан а­луан адам­дар ара­сындағы толерант­ты­лық пен өза­ра құрмет идея­ларын орнық­тыра түсуде өз тиімді­лігін көр­сетті.

Ел басшылығының егемендік жолындағы күресте алға қойған тағы бір мақсаты – еліміздегі барлық этностардың әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдайлар жасау еді. Бүгінде сол мақсат ретімен орындалу үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Оған мысал ретінде, нақты дәлел ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын алуға болады. Әлемдік деңгейдегі бірқа­тар саясаткерлер бұл бірегей құры­лымды Біріккен Ұлттар Ұйы­мының қазақстандық үлгісі деп атап та жүр. Байыптап қарасақ, шындығында да солай. Себебі, Ассамблея тілі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір еліміздегі барлық этнос­тар өкілдерін мемлекетті құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру арқылы ынтымақ пен бірлікті ны­ғайтуда ерекше маңызды рөл атқарып келеді. Осын­дайда тәуел­­сіздіктің бастауын­да-ақ Елбасы­мыз Н.Ә.Назарбаев­тың «Қазақ­станның тәуелсіздігі мен тұтас­тығын сақ­тау­дан маңыз­ды міндет жоқ» дегені ойы­мыз­ға оралады.

Бүгінде Президент ұсынған жос­парлы социалистік экономика­дан көпшілікке беймәлім нарық­тық экономикаға көшу, «алдымен – экономика, сосын – саясат» ұста­нымы, халықаралық сала бойын­ша жүргізілген көп век­торлы сая­сат өткен жылдар ішінде өзін толық ақтады деп айта аламыз. Елі­міз өзінің үйлесімді сырт­қы сая­сатының арқасында алыс-жақын шет мемлекеттермен бей­біт әрі тиім­ді қарым-қатынас орната білді. Сонымен қатар, Тәуелсіз Мемле­кеттер Достасты­ғының, Азияда­ғы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңестің және Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы­ның өмірге келуінің негізгі бастамашысы болуы арқылы оншақты жылдың аралығында халықаралық қоғамдастыққа кеңі­нен танылды.

Міне, бұл да Тәуелсіздіктің арқасы, Тәуелсіздіктің жемісі. Ал Тәуелсіздік – тәңірдің біз­дің ұр­паққа берген бақыты, халқымыз­дың мәң­гілік құндылығы. Оны қас­тер­леп, құрмет тұту, кейінгі ұрпақ­тың бойына сіңіру – бүкіл қазақ­стан­дықтардың борышы және міндеті.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5678