МҰХАМЕДИҰЛЫ ЖЕЛІДЕГІ ШУҒА ЖАУАП БЕРДІ
Желіде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы да шулы әңгіме тарала бастады. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Еңлік Сыдықова желі парақшасына видео жариялап, онда Мұхамедиұлын "арсыз ұсыныстар жасап, пара сұрады" деп айыптаптаған. Бүгін сол сынға министрдің өзі жауап берді, - деп хабарлайды NUR.KZ.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының желідегі шуға айтар өз уәжі бар екен.
"Мен бұл мәселеге пікір білдірмесем де болатын еді. Алайда, елге танымал тұлға, оның ішінде, Мәдениет министрі болған соң бұл мәселені айналып өтуге хақым жоқ. Бұл видео хабарламаның дәл сол уақытта емес, бірнеше жылдан кейін жарық көргені күдік ұялатады. Шамасы, біреулерге менің қызметімді қаралаған керек сияқты", - дейді Мұхамедиұлы.
Министр Еңлік Сыдықованың мәлімдемесін жала жабу деп танып, өз құқығын заңды жолмен қорғайтынын жеткізді.
"Меніңше, видео хабарламаны жазған қыз адвокаттармен жұмыс істеу керектігін білмейтін секілді. Мен мамандарға видеоны жақсылап зерттеуді тапсырдым. Енді барлығын заң талаптарына сай зерттейтін боламын", - дейді министр.
Мұхамедиұлының айтуынша, бұл өзіне қарсы әдейі ұйымдастырылған іс болуы мүмкін.
"Видео соңында ол Болат Атабаевтың тобында оқығанын айтып, өзін ұстап берді. Әрине, бәрі түсінікті. Мүмкін бұл қызға ақша төлеген шығар, мүмкін ол жай ғана өзін жарнамалағысы келген шығар", - дейді министр.
Абай-ақпарат