Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6596 0 пікір 7 Қазан, 2016 сағат 10:48

«ШИАЯҚ» ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР немесе ҚЫТАЙ ТАРИХЫНЫҢ "ҚҰБЫЖЫҚ" КЕЗЕҢІ

Қытай тарихында қазіргі заман адамдарының көзімен қарағанда мүлдем түсініксіз жағдай орын алған. Ол әйелдердің аяғын орау деп аталады. Ондай адамдарды қазақтар «ши аяқ» деп атап кеткен. Мұндай салттың пайда болуын ғалымдар 937-978 жылдары өмір сүрген оңтүстік Таң патшасы Ли Яумен байланыстырады. Аңыздарда айтылуынша ол кішкене аяқты қыздарды сұлу деп бағалайтын көрінеді.

Әсіресе оған аяғын ақ матамен орап алып би билеген сарай бишісі ерекше ұнаса керек. Сондықтан оның назарына ілігу үшін патша сарайындағы қыздар арасында аяқты орау арқылы кішірейту салты пайда болған деседі. Ол кезде аяқтың кіші болуы сұлулықтың белгісі ретінде бағаланып, сыртқы келбеті, көлемі мен иісі де сарапқа салынып, оның ұзындығы 8-9 см болғанда «ең көркем аяқ» есептелінген.

Патша сарайынан басталған бұл салт қарапайым ел арасына да кеңінен етек алған. Сұң патшалығы кезінде тіпті де жалпылама сипатқа ие болып, аяқ орамайтын ұрғашы кіндікті қалмады деуге боларлықтай деңгейге жеткен. Аяқты орау тектіліктің де белгісі есептелген. Егер қайсыбір қыз бала аяғын орамайтын болса ол тексіз аталып, оның күйеуге шығуы да мұң болады екен. Ораған аяқпен еркін жүріп-тұру мүмкін болмағандықтан, ол қыздар тек отбасында ғана өз жұмысын атқарады да, «жеңіл жүріске» бармайды екен-міс.

Онымен қоса ол сол замандағы еркектердің әйелдерді өзінен төмен санайтын пиғылынан да болған деседі. Олардың ойынша, әйел тек бала туып, отбасылық шаруамен ғана айналысып сырт көзге көрінбей, үйде отыруы шарт екен.

Аяқ орау – сыртқы күштің әсерімен оның табиғи өсуін тежеу арқылы аяқтың пішінін өзгерту. Ол, әдетте 4-5 жастан басталады да, 7-8 жасқа келгенде негізінен қалыптасады. Аяқ орауды қыз баланың шешесі немесе тәжірибелі күтушілер атқаратын болған. Орау алдында аяқты жылы суға малып, башбайдан басқа төрт саусақты табанның астына қарай қайырып, суланып сасымас үшін арасына ашудас салып қолдан тоқылған матамен 5-7 қабат етіп мықтап орайды. Орайтын мата 1.5 – 2 метр болады. Жібек маталар тым сусылдақ болғандықтан қолданылмайды. Алғаш аяқ ораған қыздарға көк түсті маталар пайдаланған. Ол түсінің әдемілігі мен қатар ондағы бояудың құрамындағы химиялық заттар аяқтың сасып кетуінің алдын алады екен. Бір қызығы – аяғын ораған әйелдерді жазалау да аяққа байланысты. Яғни оның аяғындағы орауышты шешіп алып тастап тік тұрғызып қойса болғаны, жарты сағат ішінде аяғының ауырғанына шыдамай, қара терге малшынып тіпті талып жығылады екен.

Медициналық тұрғыдан алғанда, оның писихологиялық немесе физиологиялық жақтан болсын, аса зиянды әсері болады. Мысалы, ораған аяқ табиғи өскен аяқтың жартысына да жетпейді де, адам өз теңдігін сақтай алмайтындықтан алысқа жүру, бір орында ұзақ уақыт тұрып жұмыс атқару мүлде мүмкін болмайды. Оған қоса, аяқтағы қан айналысының кедергіге ұшырауынан аяқтың қарайып ісіп, тіпті шіруі де әбден мүмкін. Осындай аурулардың салдарынан көптеген қосалқы аурулар да пайда болады. 5 мың жылдық тарихы бар «аспан асты елінде» бұл салттың мың жылдан аса жалғасуы шынында адам таңғаларлық жағдай еді. ХІХ ғасырдың соңына қарай қытайға еуропа мәдениетінің дендеп кіруімен бірге зиялы қауымның ескілікке қарсы күресінің арқасында бұл салт тарих сахнасынан өше бастады да, қазіргі кезде мүлдем жоғалып тынды.

Оқырман қауым, ойланыңызшы, мына аяқтар, шынында да сол қытайлар ерекше бағалағандай әдемі ме?!...

Қытай тілінен аударып реттеген: Адал Қалибекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625