Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6681 0 пікір 2 Қазан, 2016 сағат 12:24

ҰЛТТЫҚ КӨШІ-ҚОН КҮНІ БЕЛГІЛЕНСЕ...

Азаттыққа бет алған кезеңнен бастап Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бүгінгі Ұлы Дала елінің іргетасын нығайтуға бағытталған айтулы шешімдер қабылдана бастады. Солардың ең бастыларының бірі – Елбасымыздың шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарымызды атажұртқа шақырып, қоныстандыруға арналған көші-қон туралы жарлығы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың алыста жүрген ағайынды Атажұрт­қа шақыру туралы батыл әрі тарихи шешімінің арқасында көші-қон мәселесі мемлекетіміздің стратегиялық басым бағытына айналды. Елімізге ширек ғасырға жуық уақыт ішінде бір миллионға жуық қазақ келіп қосылды. Өткен жылы 24 қарашада «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданды.

Елбасымыздың Қазақстан тәуел­сіздігін жариялағаннан кейін он бес күн өткенде, нақтылап айтсақ, 1991 жылы 31 желтоқсанда «Қазақ радиосынан» шеттегі қазақтарға жолдаған, ертесіне «Егеменді Қазақстан» газе­тіне басылған «Қымбатты отандас­тар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты атақты Жолдауын қазақ көшін бастаудың алғашқы шешімі деп жүргенбіз. Сөйтсек, олай емес екен. Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздікті жариялаудан бір айға жуық бұрын Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып қойған екен.

20 тармақтан тұратын ол қаулыда басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек біл­діруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, ауылды жерге көшіп келген соң оларды құжат­тандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрі­гер­лік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейім­деу сынды толып жатқан мәсе­лелер бойынша жеңілдіктер мен көмек­тер ұсыну егжей-тегжейлі қарас­тырылған. Мысалы, қаулының 5-тармағында «Халық депутаттары жер­гілікті кеңестерінің ат­қару коми­теттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына басқа республикалардан және шетелдерден қоныс аударған байырғы ұлт адамдарын тұрғын-жаймен қам­тамасыз ету мақсатында жекелеген азаматтардың республикадан кетуі нәтижесінде босаған үйлерді немесе пәтерлерді сатып алу ұсынылсын» делініпті.

Демек, тәуелсіз Қазақстан үшін сол «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулы шығарылған 18 қараша өте маңызды тарихи күн деп есептелуі тиіс. Өйткені, бес құр­лыққа тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың басының өз Отанында бірігуі осы күннен бас­талды.

Сондай-ақ, бұл қаулының 1997 жылы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған, 2011 жылы 22 шілдеде, 2013 жыл 15 желтоқсанда және 2015 жылы 24 қарашада Парла­ментте үш рет өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды түзуге түп негіз болғанын да айта кетуіміз керек.

Міне, содан бері Алатау мен Сарыар­қаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Елбасы бұл жетіс­­тікті «Біз 1 миллион ағайын­ды елге қайтардық!» деп үнемі мақ­та­нышпен айтып келеді. Қазір сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес қана болса, қазір 70 пайызға жетті. Соның бір бөлігі, әрине, шеттен келген ағайын­ның үлесінде.

2015 жылғы 15 желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында Президент: «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келемін деген ағайынға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналассын. Жағдайын жасаймыз!» деп шегелеп тұрып айтты.

Биыл – Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы. Сонымен бірге, алдағы 18 қараша­да №711 қаулы шыққалы да 25 жыл болады. Ұлы тойдың аясында Қазақ көшінің де ширек ғасырлық қуа­нышы мақтанышпен атап өтілетіні сөзсіз. Осы қарсаңда Үкімет «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер тур­алы» 2001 жылғы 13 желтоқ­сан­дағы №267-ІІ Заңның 3-бабына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп бекітсе, нұр үстіне нұр болмақ.

 Ауыт МҰҚИБЕК

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5473