Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 5049 0 пікір 26 Қыркүйек, 2016 сағат 12:56

"КЕҢСАЙДЫҢ ЖОЛЫ - ҚИЫН ЖОЛ, ОНЫ ҚИЫНДАТҚАН... ТІРІЛЕР

Өмірі де, өнері де ешкімге ұқсай бермейтін, білім-білігі, ойының озықтығы жағынан да өзгеше белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Есенғали Раушанов бұл сұхбатында бәрі­мізге белгілі, толғандырып жүрген тақырыпқа орай тосын ой өрбітіп, пікір, ұсыныстарын ортаға салады.

 

Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

 

Ол кездегі Алматы басқа еді

 

Тілші: Әлеуметтік желілерден сіздің  жыл сайын өзіңіз сүйіп жырлайтын күз маусымында   жас ақындарды ертіп Кеңсай қорымына жерленген ақын-жазушылардың басына зиярат жасайтын әдетіңіз барын  оқыдық. Сауапты іс екен.

Е.Раушанов: Жоқ, ондай әдетім жоқ. Желілерің желдіртіп жіберген ғой, шамасы. Кеңсайға барып тұратыным рас, бірақ, ел бас­тап барады дегені енді… асыра сілтеу. Бейітке жалғыз барған дұрыс… Күзде бара­тынымда да ешқандай лирика жоқ. Ертең қар аралас жаңбырлар басталып кетеді, Алматының лайсаңында одан әрі ақ қар, көк мұзында тауға шығу қиын. Кеңсай­дың жолы қиын жол. Оны қиындатқан өлілер емес, тірілер. Жаңа айттым ғой, желі-пеліңді оқы­маймын деп. Ұзынқұлақтан естіп жа­там, біреулер сол интернетте ара-тұра мені мақтайтын көрінеді, енді бір топ даттайды дейді. Даттайтындарды түсінем, әрі аяймын, ал мақтайтындарды түсінбей­мін. Не тауып мақтайды екен, тоба?

Тілші: Осы жолы сізге еріп барған жас ақындар туралы не айтар едіңіз?

Е.Раушанов: Олар ғажап. Бөліп-жара­тыны жоқ. Жаңағы айтқан Шерхан Талап, Айбол батыр, фамилиясы есіме түспей отыр, Бекзат Смадияр, Аслан Тілеген (Му­син емес), Әріби-Әрібек Дауыл (атының өзі керемет екенін айтып тұрған жоқ па, би де өз­ім, бек те өзім деп?), Ретбек Мағаз (Ма­ғаз, бірақ, Масанчи емес), Нұртас Тұрған­бекұлы, Тұрсынбек Башар (Башар Асадқа түк те қатысы жоқ), Жандарбек Жұмағұл, Еділбек Дүйсенов, Еламан Хасен, Айдын Байыс… осылардың қай-қайсысы да  мық­ты. Кейбірінің аты-жөндерін шатастыр­сам ренжімесін. Олар тобын жазбай  баспаға келіп тұрады, оған мен қуанамын.

Тілші: Олардың  Кеңсайдан алған әсері керемет шығар?

Е.Раушанов: Әрине, солай болады. Кезінде мен де Кеңсайға  ағаларыма еріп талай барғанмын. Сол Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Сырағаң, Қуанағаң, Ғафе­кеңдердің… өздері бұл күнде Кеңсайда мәңгі ұйқыда жатыр. Әр бейіттің өз мінезі бар. Мысалы, ұзақ уақыт бармай кетсең, Тұма­ғаңның құлпытасы бір түрлі “өкпелеп” тұрады, Қадекеңе  тас түйін дайындалып бару керек, әйтпесе табан астынан  тауып айтып  “шалқаңнан түсіретіндей” көрінеді. Са­ғи мен Жұмекен ағайлар момын, ”и-и-и, айна­лайын­­дар, келдіңдер ме, аман-есен жүрмі­сіңдер” деп күліп тұрады. Сырағаңа көп сөйлемеу керек. Қуанағаң  бекзаттық­ты ұнатады. Олпы-солпы жүрсең, абзалы бармай-ақ қой. Жарасқан, Тынышбай, Жұ­матай, Дәуітәлі… — бұлар бір-біріне ұқса­майды.

Ол кездегі Алматы басқа еді. Суық емес еді. Кеңсай шағын болатын. Оның үстіне  біздің жасырақ кезімізде қазіргі белгілі  ақын, зерттеуші Байбота Қошым Ноғай, ол кездегі фамилиясы Серікбаев болатын, Кеңсайдың етегіндегі бір шағын көшеде пәтер жалдап тұрды, демалыс күндері  жастар сол аулаға жиналып өлең оқитын­быз, сосын Кәмиләнің тамағы піскенше сыртқа шығып бейіттерді аралап келуші едік. Мен ол күндерді ұмытқам жоқ.

Кеңсай ерекше мекен. Оған барып тұру кісіні ойландырады, көп нәрсеге басқаша қарайтын боласың, асып-тасып бара жат­қан кездеріңде сабырға шақырады.

 

Тамара ханумның шын аты-жөнін білесіз бе?

 

Тілші: Шет елдерге жиі шығасыз ғой, олардың да өз Кеңсайлары бар шығар?

Е.Раушанов: Иә, мен қай қалаға барсам да сол елдің көне бейіттерін көруге уақыт табуға тырысамын.  Әсі­ресе, Еуропаға жолым түссе, сая­ха­тымның бір бөлігін  мазар­ларға арнау қашанғы әдетім. Мұнда бір тылсым бар. Фран­цияға алғаш бар­ға­ным­да Сент Женеве Де Буа қала­сын­дағы ортодокс ма­зар­станына арнайы соқ­тым. Бала кезімнен көрсем деп жүретінмін. Ол туралы кезінде Иван Бунин туралы мақа­­ламда жаздым да. Кейінгі сапар­ларымда да аталмыш қалаға бармай кеткен кезім жоқ. Айтпақшы, менде сол сапарда түсірген бір сурет бар. Көптен сақтап келе­мін. Бұл асылы кезінде қызылдардан үрке көшкен орыс ақ­сүйектерінің қорымы ғой, мына бір Байтуғанов деген кісі, бәлкім, соларға еріп барған бір бейбақ болар. Байтуған деген орыс болмайды, мүмкін, тегі қазақ шығар деп суретке түсіріп алғам, қазақ екені рас болса, кім біледі, туыс­тары табылып қалар. Осы суретті газет­теріңе шығарсаңдар оңды болар еді.

Лондондағы Һайгейт мазаратына арнап атап барғанымда жолбастау­шы­ның  “Сіз Карл Маркске келген болар­сыз?”деп сұра­ғаны есімде қалыпты. Шынын айтсам, мен Карл Маркстің мұнда жерленгенін білмеуші едім. Һайгейт көне қорымнан гөрі демалыс паркіне немесе  күтіммен өскен ор­ман­ға ұқсайды. Сыңсыған тал-теректердің ара­сында атақты әл Құддыс балқа­рағайы (самыр­сыны) өсіп тұр. Па­лес­ти­надан бұл маңға  қалай келіп, қалай жерлескенін ешкім айта алмайды. Биіктігі қырық, елу метрге дейін жетеді. Әлібек Асқаров жазып жүрген біздің  Алтайдың алып самырсын­дарымен тұқымдас, бірақ, сорты бөлек. “Кәләм шәрифте” баяндалатын  баяғы топан судың кезінде Нұх осы ағаштан кеме жасапты деген де аңыз бар. Асылы самыр­сын туралы Сүлеймен патша, Нұх пайғам­бар және Әлібек Асқаров бізден гөрі жақсы біледі.

Тыныштық. Мұнда құстар да бөлек бір дауыспен сайрайды. Мүк басқан құлпытастарға үңілсеңіз, алды бес жүз жыл, соңы жүз жыл бұрынғы жәді­гер­ліктер екенін көресіз.  Ағылшынның атақты жазушысы Чарлз Диккенстің әкесінің бейіті осында. Ол кезінде Англия­ның атақты шенеуніктерінің бірі болса керек. Бірақ, оның бейітінен гүл үзілмейтінін мұндағы жұрт баласының абыройымен байланыстырды. Марқұмның өз уақытында не жұмыс істегенін тарихшылар болмаса, былайғы жұрт білмейді, құрметтесе баласы үшін құрметтейді.

Стамбулды қақ жарып өтетін жалғыз трамвай жолын жағалап отырсаңыз, Осман патшалары заманындағы көне бейіттерді көптеп кездестіресіз. Олардың архитекту­расы бөлек әңгіменің желісі. Христиан әле­мі әдетте қайтқан кісілерді шіркеу маңына жерлесе, мұсылмандар мешіттің маңына жерлеген. Осылардың бәріне ортақ бір ерек­шелік бар. Адамдар өлі әруақтарды қадірлеу арқылы тірілердің жиі соғып, өзін- өзі қайта танитын бір мекен жасағанын білді ме екен?

Стамбулды айтқан соң есіме түсіп отыр, осындағы археология музейінде Ес­кендір Зұлқарнайынның табыты (сарко­фаг) тұр. Баға жетпес ақ мәрмәрдан  қа­шал­ған жәшік пішіндес тас табыт. Ма­ңында  кезінде “әлемді уысымда ұстаймын” деген нешеме шынжыр балақ, шұбар төстердің саркофактары қаздай тізіліп тұр. Олардың кім екенін жұрт бүгінде ұмытқан. Менің айтпағым ол емес, менің  айтпағым, бір кезде жарты әлемді тітіркендірген Александр Македонскийдің тас табытын осында жеткізерде оның сүйегін сауды­ратып төгіп тастаған болуға керек, сар­кофагтың іші  бос. Дүние жалған дегенді  бұрынғы шалдар осындайды көп көрген соң айтса керек. Күнде таңертең  еден сы­пырушы әйел “туу, есіз қалғыр, осы жә­шікке-ақ шаң жиналғыш екен” деп қарғап- сілеп, шаңсорғышын дүрілдетіп тазалап жатады Ескендір Зұлқарнайынның табы­тын. Ол әйел бұның  кімнің саркофагы еке­нін білмеуі де мүмкін, бәлкім, білетін болар. Білсе ше? Есіл Ескендір патшаның сүйегі қай сайда қалды екен? Әрбір патша, әрбір президент, оны айтасыз, әрбір әкім өзін Македонскийден кем сезінбейді, әттең.

Ташкентке бара қалсам, Шағатай қа­бір­станына соқпай кетпеймін. Өзбек зия­лыларының пантеоны Фараби даңғылында. Бас-аяғы бес алты гектар ғана жер, бірақ,  керемет абаттандырылған. Шараф Раши­дов, Усман Юсупов, Ғафур Ғұлам, Айбек, Абдулла Қаһар, Пірімқұл Қадыров, Батыр Закиров, Тамара ханумдар осында жерлен­ген. Бір ауыз сөз, Шараф Рашидовтың бейіті туралы. Ол бір емес, үш рет қайта  жер­ленген адам. Әуелі әспеттеліп, өзі  жаң­ғыртқан әзім Ташкенттің қақ ортасындағы үлкен  алаңға қойылды. Горбачевтің бұл­ғағы басталып, Гдлян мен Ивановтың қы­лышынан қан тамып тұрған кез еді ғой, арада көп уақыт өтпей сүйегі ол жерден қа­зып алынып, туған жеріне, Жызақ уәләяты­на көшірілді. Заман тынышталған соң кешегі өткен Ислам Каримов ұлт зиялы­ларын ардақтайық деп бастама көтереді. Сөйтіп,  марқұмның мүрдесін  қайта аршып алып, Шағатай пантеонына әкеліп қайыра көмдіреді. Ал өзі болса, неге дүр атақты Ша­ғатайға емес, туған жеріне, ата- ана, бауырластарының жанынан «орын алуды» жөн санапты. Шынында, не ойлады екен? Ал мына Тамара ханумның шын аты-жөні  Тамара Артемовна Петросян. Бірақ, хрис­тиан бола тұра мұсылман бейітіне жерлеуді өсиет еткен, бұл жәйт сіздің есіңізге біздің Герағаңды, Герольд Карлович Бельгерді түсірмей ме?

Шағатайға тақау Бұхара жөйттерінің де қорымы бар. Онда да түп-түзу тартылған көшелердің екі бетіне қатар тізілген құлпытастарды көресіз. Түп-түзу тартылған көшелерге біз әлі ораламыз.

Біз өзі қандай ұлтпыз?

Менің Шағатайға арнайы ат басын ті­рей­тінім — мұнда қазақтың даңқты пер­зенті, академик суретші Орал Таңсықбаев пен хан Кенесарының ұрпағы ғалым Натай Кенесарин жерленген. Сәл жоғарыда Шайхантауырда Төлебидің күмбезі бар. Олардың қазақтан кетіп, неге өзбек жеріне сіңгені бөлек әңгіме. Әсіресе, Натай Ке­несариннің тағдыры қазақ баласын қатты ойландырады. Орал ағаның құлпытасын ертеректе бір  барғанымда  суретке түсіріп алып едім, мынау сол. Оған өзі жанындай сүйіп, талай суретке тартқан Алматысынан де емес, ата-бабасының ежелгі қонысы Сарыарқадан да емес, жеті қиян жер түбіндегі Шағатайдан топырақ бұйырыпты. «Адамның басы Алланың добы» деген бұрынғы шалдар. Сол сапар Натай төренің де бейітін суретке тартқанмын. Қағаздар­дың арасынан таба алмай отырмын. Екі арыс­тың да бейіті әрқашан күтімде. Қашан барсаң да тап-таза.  Өзбектің бізге деген құрметі осылай болғанда, қазақтың өзара сыйластығы қандай? Біз өзі қандай ұлтпыз? Енді сол туралы бір ауыз сөз. Жасыратыны жоқ, қазақ бейіттері көбіне-көп руластар қорымы сияқты көрінеді. Бір рудың адамдары бір бөлек жерленеді. Мен мұны жақсы демеймін, жаман да демеймін. Мен мұны кез-келгеніміз күнде көріп жүрген шындық деймін. Егемендіктің алғашқы жыл­дарында елімізге қандастарымыз сеңдей қаптап, судай ағылды емес пе? Сол күндердің бірінде төбемізден жәй түскендей әсер еткен бір сұмдық әлі күнге жадымызда. Ажал қашан айтып келуші еді, шет жерден «қазағым, елім» деп аңсап, шаршап әрең жеткен бір азаматтың қарындасы кенеттен  қайтыс болып, әдеттегідей ауыл сыртын­дағы бейітке жерлейді. Көп уақыт өтпей қаралы үйге бір топ кісі сау етіп кіріп келеді.  «Оралман ағайын, сен біздің бейітке қа­рындасыңды жерлепсің. Бұлай болмай­ды. Бұл біздің рудың бейіті». «Маған не істе дейсіз, бұл жақта менің руымның бейіті жоқ қой». «Сенің Қытайыңда (әлде Өз­бекстаныңда, Моңғолияңда, бәлкім, Ре­сейіңде — әңгіме онда емес) қандай дәстүр барын біз білмейміз, мынау біздің бейіт. Онда басқа рудың адамдары жерленбеуі керек. Сөздің қысқасы…». Иә, сөздің қыс­қасы, еңірегенде етегі жасқа толып отырған қаралы үй ертеңіне  жаңа қойылған жас мүр­дені қайтадан қазып алып басқа қорымға көмуге мәжбүр болған. Бұған қандай баға берер едіңіз?! Ұлты жөйт Карл Маркс ағылшындардың арасында, ирлан­диялық Оскар Уайльд француздардың қо­рымында  жерленген. Ешкім жөйт Из­райльге, ирландық  Дублинге жерленсін деген жоқ. Демейді де. Біздікі не танту? Бұл не көргенсіздік? Мұндай тексіздікті, осын­шалықты жабайылықты, бұншалық жаһил надандықты қай елде, қай ұлтта, қай мем­лекетте көргеніңіз бар? Адамдар айуан­нан ажырап, алғашқы қауымдық құры­лысқа енгенде де осындай бассыз­дыққа бармаған шығар, қанша дегенмен ол Адам баласы ғой. Қазақстан жер көлемі бойын­ша әлемде тоғызыншы орында тұр. 2,7  миллион шар­шы шақырымнан орал­ман қызға бұйырған шаршыдай ғана жер сон­ша дау тудыра­тындай не көрінді  бұл елге? Бір қызығы, сіз бен бізді басқарып, сіз бен біз төлеген салықтың арқасында күн кө­ріп отырған ресми билік осындай оспадар оқиғаларды көрсе де көрмеген болатыны несі? Егер өздері туралы ащы шындық айтылса ғой, шабына ши жүгірткендей тулайды. Құдай­шы­лығын айту керек, Кең­сайда ру-руға бөліп жерлеу жоқ. Өкінішке орай, онда қайтқан кісілерді рет-ретімен, белгілі бір жүйемен  қою тағы жоқ. Әлбетте, бұл тұста жер рельефінің қиындығын ай­тып ақталуға болады. Түйетайлы беткейлер кісі жерлеуге қиындық туғызары хақ. Бәл­кім, әуел баста бұл осыншалықты үлкен ай­мақты алатын мазарстан болады деп жос­парланбаған да шығар. Бірінші Кеңсайда­ғы кезінде «ЦКов­ский» атанған  айлақта ғана мүрделер белгілі бір тәртіппен, жүйе­мен жерленіп, көгал­дандырылған, абаттан­дырылған. Пан­теонға ұқсаса тек осы бөлік қана ұқсайды. Райымбек бабаның бейітінің қарсы бетіндегі көне бейітте Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтар, тағы басқа ұлт зиялылары жерленген.

Тілші:  Ал кейінгі бейіттердің орнала­суына келсек ше?

Е.Раушанов: Жоқ, Райымбек даңғы­лын­дағы бейіт бұл күнде жабық. Мұхаңа, Қанекеңе, Күләш апайға тағзым үшін ара- тұра баратындар болмаса, адам аяғы сирек.

Әңгіме Кеңсай туралы боп отыр емес пе, жоғарыда айттым ғой, қай мемлекеттің, қай діннің мазарларын көрсеңіз де бір моланы  екінші молаға мінгестіріп, үшінші бейітке баратын жолды мүлде жауып тастау деген  жоқ. Мұндай  ретсіздік тек Кеңсайда ғана бар. Әсіресе, соңғы жылдарда кісі жерлеуге жер бөлудің қандай тәртіппен жүргізі­летінін түсіну қиын болып барады. Мыса­лы үшін деп айталық, Бейсенбайдың  басы­на барып Құран оқу үшін Сәрсенбай­дың бей­ітін басып-жаншып, Дүйсенбай­дың мола­сынан аттап қана жетесіз. Кей тұста көш құлаш жерді алып көсіліп жатқан Сей­сенбайлардың бейітін айналып өтуге тура келеді. Оның моласында үлкен құлып тұруы да мүмкін. Бейнекамера тағы бар. Онда да жете алсаңыз. Тіке жолдар жоқ. Жабылған. Соңғы жерленген адамның қоршауы бұрын жерленген кісінің бейітіне барар жолды бөгеп тастайды. Қалай барсаң, солай бар. Ең бастысы, өзінің әкесінің (ше­шесінің, ағасының, апасының, т.б) бейіті кеңірек болуға тиіс, өзгелерге қарағанда айбаттырақ, әсемірек, көрнектірек болуға керек, басқаларында шаруасы не?

Кеңсайда  өзге жұрттың  қорымдарын­дағыдай бейіттердің арасынан жалғыз аяқ соқпақ қалдыру жоқ. Соның үшін жұрттың бәрі жолдың жиегінен орын алуға тыры­сады. Егер бейітаралық жолдар тартылса, көгалдандыру да оңайырақ болар ма еді. Бір кездері көлік айналу үшін, техникалық қажеттіліктер үшін арнайы қалдырылған айналмалар жыл сайын тарылып барады. Алда-жалда қысты күні барып, аңдаусыз тар «көшеге» түссеңіз айналып шыға алмауыңыз әбден мүмкін. Жолдар мұнда тұйықталып қалған.

100 мың долларға көтерілген бейітте жатқан адамның халық үшін не еңбек сіңіргені туралы айтудың өзі артық. «Ақша менікі, қалай, кімге, не үшін жұмсасам еркім, менде кімнің не шаруасы бар?». Ал не дейсіз? Оның етегінде елеусіз  қалған қоңырқай ғана төмпешіктің астында ұлтым деп өткен аса дарынды  қаламгер немесе кемеңгер ғалым жатқанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Оның үстіне біз соңғы жылдары  жазушы қауым мен өнер, ғылым адамдарын   зиялы қауым  деп танудан  гөрі, пайдасы да, зияны да жоқ, сүйкімі аз, жалыныштылау, жақыбайлау, жалпоштау бір тобыр дейтұғын пікір қалыптас­тыр­ғанымыз жасырын емес.

Қала қазынасынан жыл сайын  Кеңсай қорымына арнайы қаржы бөлінеді. Өзінің әкімшілігі, жұмыскерлері, қадағалаушы­лары бар. Бұл жерде қаржы қайда кетті деп дау шығарғымыз жоқ, оның заңға сәйкес жұм­са­латынын қадағалаушы орындар бар және олар өз жұмыстарын біледі деп ойлай­мыз. Тексеру, қадағалау біздің ісіміз емес. Біз­дің айтпағымыз, қайтқан кісілерді ақтық сапар­ға жөнелту, олардың «басын қарай­туда» бірізділік керек, жүйе керек. Қай көлем­дегі жерге қанша кісіні жерлеуге болады, бейіттердің арақашықтығы қандай болуға тиіс, тазалық, абаттандыру пробле­ма­лары арнайы қарауды, талқылауды керек етеді.

Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналған көрінеді. Қабыр басына неше түрлі керемет құлпытастардан бастап зәулім сарайлар да салынған. Абай айтатын бекер мал шашу­дың өзі. Кейін Мұстафа Кемал Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқан көрінеді. Қа­зір түрік молалары стандартталған, аядай ғана жер, оған қойылар құлпытастың мөл­шері де шақтаулы. Бейберекет тасып-төгілу, «аттан қалма, байталымдап» жарыса шабу  мұнда атымен жоқ. Асылы өлген кісіге бізден керегі алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға болса керек, тап қазір яки бас-басымызға би болып тұрған мына заманда оны айтсаң қазаққа сенен асқан дұшпан жоқ.

 

 «Кіл мықты, өңшең алып айнала елің, Сен кімсің, танымадық, қай бала едің?»

 

Тілші: Қазақ пантеоны туралы әңгіме көп. Соңғы кездері оған бөлінетін қаржы жағдайы көбірек сөз болуда. Бұған қалай қарайсыз?

Е.Раушанов: Біз қаржы маманы бол­мағандықтан, бұған мардымды бір сөз алып қоса алмаспыз. Ерте ме, кеш пе, оның салынатыны ақиқат. Бүгін болмаса, ертең бұл туралы нақты әңгіме қозғайтын бола­мыз. Мен Римдегі біздің заманымыздың 126-жылы Адриан қаған салдырды дейтін Пантеонды да, жоғарыда айттым ғой, Париж Пантеонын да көрдім. Қай-қайсы­сы да ұлт зиялылырының мәңгі қонысы ретінде мәлім. Осылардың арасында маған ерекше ұнайтыны — Тбилисидегі Мтаци­мида пан­теоны. Әуелі мұнда Пиросманидің бейітін іздеп барғанмын, таба алмадым. Сөйтсем, оның бейіті жоқ екен. Бұл туралы тағы бірде айтармыз. Қазір оны Кеңсай туралы сөзге араластырмайық. Мтаци­мидада Грузияның атақты ақын-жазушы­лары мен қоғам қайраткерлері жерленген. Кездейсоқ кісілер  жоқ. Кезінде ата даңқымен сөз өтеді, мата даңқымен бөз өтедінің керімен жақында­рын осында жерлеуге омыраулай кіріскен­дер аз болмаса керек. Ел оған үзілді-кесілді қарсы болған. Сол әдет әлі күнге сақталып келеді. Әдетте, грузиндер бірінші кезекте ақын-жазушылар деп бөліп, арнап атап айтады. Өткен ғасырдың басында қазіргі біздегідей грузиндерде де «ұлт неге ақындар мен жазушыларды алғы планда ұстауы керек?» деген керітартпа әңгімелер  болса керек. Ерте заманнан қалыптасқан ескі жұрт, көне мәдениет иесі ретінде грузин қоғамы жаңа байшікештер мен оларды қорғайтын басшылыққа елдің есінен кетпейтіндей ғып жауап берген. Иә, қоғам әртүрлі кезеңде әртүрлі  жылдамдықта, санқилы моральды, түрлі әдеп ахлақ, таным білікті ұстын ғып дамитынын көріп отырмыз. Әсіресе, біз секілді халықтарда…

Әлбетте, қоғам жаңарады.

Әлбетте, көптеген құндылықтар қайта екшеледі.

Әлбетте, қазақ қоғамы Елбасымыз айтқандай,  Мәңгілік елге айналады.

Заман дегеніңіз сан өзгереді, өзгермесе  құбылады, ол әлімсақтан солай. Тарих қы­зық. Кейде өте қайғылы. Ұлт пантео­нына кімдер қойылады дегенде асығыс шешім қа­былдаған елдер кейбір кісілерін кейін қайта жерлеген… керісінше, кейде өз за­манында қадірленбеген  тұлғалардың мәйіті  жер түбінен әкелініп, қайыра Панте­он­нан орын тауыпты. Жаңа ғана Шараф Раши­довты айтып өттім ғой. Көне грек поэ­зия­сында эпитафия деген жанр болған. Әдетте, түзу тұрмай, қаршығадай қайры­лып  сатираға қарай бұрылып  тұрады. Соның бір-екеуін мен де аудардым. Менің аудар­мам ұнамаса оқымассыз, ұнаса патша көңіліңіз білсін деймін дағы… Мысалы, ескі гректер пантеонға “ жаңбыр жаңбырдың арасымен келіп, байқатпай кіріп кеткен” бір бейіттің құлпытасына мына егіз жол лайық депті: «Халқымыз бұл кісіні сүймеді ғой, Үйткені ол аморальный тип еді ғой». Екінші “өз орынын таппаған” келесі бір  молаға жазылған екі жол: «Кіл мықты, өңшең алып айнала елің, Сен кімсің, танымадық, қай бала едің?».

Ал абзалы тірі жүрген яки өмір сүрген. Мен сізге де, сіздің оқырмандарыңызға да ұзақ өмір тілеймін. Аман жүрейік.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – П.Алпамыс.

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576