Жер игерем деушілерге жол ашық
Қортындысы жасалып, жыл есебі жасалып жатқан шақта ерекше атап өтетін нәрсе ол - жер игерушілер санының артып келе жатқандығы. Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарда бос жатқан жерлерді өз қаржысына алып, кәсіп көзін ашып жатқан бизнесмендердің қатары өсті. Мәселен, бір ғана Шымкенттің өзінде мұндай шаруашылық ашқан жандар өте көп. Оңтүстік өңірінде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл Шымкентте ұйымдастырылған инвестициялық жобалар көрмесі кезінде анық байқалды. Онда жергілікті және өзге аймақ, мемлекеттен арнайы келген кәсіпкерлер кәсібін дөңгелетуге мол мүмкіндік алған еді. Мәселен, Екатеринбургтен келген кәсіпкерлердің көмір қалдықтары мен мал көңін өңдеу арқылы жылу қуатын алу идеясы көпшілікті қызықтырғаны есімізде.
Ахан Оразалиев, «Биостройсервис» ААҚ директоры: «Біздің құрылғымызға «Ордабасы құс» серіктестігі және қала, аудан әкімдіктерінің өкілдері қызығушылық танытты. Жасыл экономиканы жүзеге асыруға бағытталған жобамыз » Экспо-2017″ көрмесінде де өз орнын табатынына сенімдіміз».
Ол шара барысында көрмеге қатысушылар келісім-шарттар түзуге де, қаржы институттарының көмегіне жүгінуге де мүмкіндік алған еді.
Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Көрмеде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуетін барынша толық көрсетуге тырыстық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейдегі банктер, қаржы институттары, жергілікті әкімдер де арнайы шақырылды. Тиімді жобаларды қолдауға облыс әкімдігі де дайын. Өйткені, шағын және орта бизнес дамыса, өңірдің экономикалық ахуалы да артады.Сондықтан жұмыс істеймін деген азаматтарға үкімет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да көмек көрсетіледі.»
Осылайша өз ісін ашамын деген азаматтарға облыс әкімдігі биыл да барлық жағдайды жасады. Жер қойнауын, индустриалдық аймақтарда жер телімін тегін пайдалануға мүмкіндік бар. Оған қоса құжаттарды рәсімдеу, мамандардың кеңесі бір терезе қағидасы аясында жүзеге асты.
Абай-ақпарат