Бордақылау мен мал сою бекеттері қаржыландырылды
Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде бір мың шағын мал бордақылау алаңын қаржыландыру жоспарланған болатын деп хабарлайды Абай-ақпарат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сиыр етін өндіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі үстіміздегі жылы жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде 5-20 ІҚМ басын бордақылайтын шағын мал бордақылау алаңдарын қаржыландыруды жоспарлаған болатын. Мал сою бекеттері бордақылаумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардан құрылған ауылшаруашылық кооперативтердің негізінде ұйымдастырылған. 2016 жылы бұл шараларды жүзеге асыруға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қаржысы бағытталады. Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылпы көлемі 9,2 млрд. теңгеге 3,7 мың жобаны қаржыландырыпты. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2,4 млрд. теңгеге 913 қарыз алушы қаржыландырылған. Шағын несие ретінде берілген қаражаттың 70% мал шаруашылығын дамытуға жұмсалған.
ЖҚЖК 2020 қатысушыларын аталған бағытта қаржыландыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан «Береке» бағдарламасы әзірленді. Несиенің мақсатты бағытталуы - ірі қара, ұсақ мал, жылқы, басқа да ауылшаруашылық мал мен құсты бордақылау мен ауылшаруашылық өнім алу үшін сатып алу, сондай-ақ, мал азық сатып алу болып табылады. Қарыздың максималды сомасы - 3 миллион теңгеге дейін, қарызды мерзімнен бұрын өтеген қатысушылар үшін - 5 миллион теңгеге дейін, қарыздың мерзімі - 4 жылға дейін. 500 мың теңгеге дейін қарыздар бойынша сыйақы үстемесі - жылдық 4,8%, 500 мың теңгеден асатын қарыздар бойынша - жылдық 6%. Жылдық тиімді сыйақы үстемесі - сәйкесінше, 5% және 6,7%. Республика бойынша 2016 жылы 55 мыңға жуық мал басына арналған 7 мыңнан астам шағын мал бордақылау алаңы қаржыландырылған. Бұл мақсатта 10,9 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында - 7,9 мың мал басына арналған 1000 отбасылық шағын алаң 3 млрд. теңгеге бағаланған.
Абай-ақпарат