Жұма, 22 Қараша 2024
12781 0 пікір 21 Желтоқсан, 2016 сағат 15:47

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында еліміздегі өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтын, үш тілді еркін меңгерген, көпмәденилік тұлғаны тәрбиелеу ісіне зор мән беріледі.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қызметі мен қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тілдік саясат құру. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында тілдерді үйрену ісіне ерекше көңіл бөлінуде.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда.

Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес.

Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауында 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады”, – деп атап көрсеткен болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің алдына “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Іс қағаздар жұмысы мемлекеттік тілге көшірілді. Іс қағаздарындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру үшін тиісінше шаралар жасалды.

Елбасымыз: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады”, - деген еді.

Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының бірінші баспалдағы. Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты – елдің ертеңі үшін аса қажет. Мақсаты – көп ұлтты елімізде ұлтаралық татулықты сақтау, ұлттық-мемлекеттік біртұтастықты қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді негіз ете отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.  

Үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесін көре алады. Қазіргі таңда орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйрену арқылы тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді әлемге паш етуге, мәдениетаралық қатынас негізінде ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинауға барлық мүмкіндік бар.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз, - деп атап көрсеткен еді.

Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытылып, барлық мекемелерде де меңгеру қажеттілігі туындауда. Еліміздің рухани астанасы – Семей қаласында орналасқан киелі қара шаңырақ Абай қорық-мұражайы Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдай отырып, ауқымды шаралар атқаруда.

Соның бір айғағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы ICOM-UNESCO ұйымына мүше бола отырып, әлемнің әдеби және музыка музейлерін біріктіретін комитет (ICLM) қарамағындағы ұжымдармен шығармашылық байланыс жасауы.

       Қазіргі ғылым анықтаған ұлттық мемлекет белгілерінің бірі – халықтың ана тілі екені мәлім. Соған орай біздің тәуелсіз елімізде қазақ тілі Ата заңымызда атап көрсетілгендей, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Демек, Елбасының сөзімен айтсақ, қазақ мемлекетінің болашағы қазақ тілімен тікелей байланысты. Ал ол үшін ең алдымен туған тілімізді мемлекет құрушы халық болып табылатын қазақ ұлтының өкілдері біздер ерекше ардақ тұтуға тиіспіз. Яғни қазақ қазақпен қазақша сөйлессе қазір республиканың өз ішінде ғана он миллионға жеткен халықтың туған тілінің ертеңі қандай болады деп алаңдаудың еш қисыны жоқ.

       Абайдың «Жидебай - Бөрілі» мемлекеттік қорық – музейі ұлы ақынның асыл мұрасының алтын қоры, әрі насихатшысы болып табылады. Өйткені, қазақтың көркем тілінің кестесін келістіріп, жазба әдебиетінің негізін қалап, әдібін түзеген Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы екені жұрт мойындаған шындық. Сондықтан хакім Абай шаңырағында тіл мәдениетіне, әсіресе қазақ тілінің көркемдігіне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар тіл адамдармен өзара байланыс құралы. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы теңдесі жоқ дәнекер, әрі жаһандану заманының жаршысы екенін ескере отырып, музейге келушілердің ұлы ақын мұрасымен халықаралық ағылшын және орыс тілдерінде танысуына да мүмкіндік туғызылды. Осындай нақты шаралар алдағы «Экспо - 2017» халықаралық көрмесіне орай жалғаса түседі. Мәселен, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арнап Абай қорық-музейі www.visit-abaisemey.org сайтын ашты. Онда Семей қаласының тарихы, мәдениеті, сәулет өнерінен мол мағлұмат беріліп, жаңалықтар айдары қаламыздың тыныс-тіршілігінен орыс-ағылшын тілдерінде хабардар етеді. Бұған қоса жақында музейге келушілердің Абай өлеңдерінің қазақ, орыс ғана емес, қытай және ағылшын тілдерінде танысу үшін шығарылған кәдесыйлық қойын кітапшалары келушілердің көзайымына айналмақ. Олай болса халықтың өркениетке танылуына тың өріс ашатын үш тұғырлы тіл бағдарламасы Абай мұрасының насихатталуына үлкен септігін тигізері анық. 

 

Мұқатаева Салтанат Амантайқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

 тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық

қорық-мұражайының ғылыми хатшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270