Ордабасыда Елбасының «Сыбаға» бағдарламасы шаруаларға қолдау көрсетіп отыр
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданында шаруалар мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы «Қазақстан заман» басылымына сілтеме жасай отырып абарлайды.
Мысалы, Ордабасыда Елбасының «Сыбаға» бағдарламасы бойынша былтыр 90 бас ірі қара мал алу жоспарланып, ол толығымен орындалған. Биыл тағы 75 бас алу жоспарланып, 80 басқа жеткізілді. «Құлан» бағдарламасы бойынша 188 бас асыл тұқымды уақ мал алу жоспарланса, нәтиже 450 басқа жетті. Шұбар ауылдық округінде биыл 2900 гектар ақ егіс егіліп, гектар берекелілігі 27 центнерге дейін жетті. Алтын күз мерекесінде ауылдық округ аппараты астықтан ең жоғары өнім жинағаны үшін ауыспалы туға ие болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ауылшаруашылық басқармасының желтоқсан айындағы мәліметтеріне сүйенсек, биыл өңірде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығына айрықша қолдау көрсетіліп отыр.
Шаруалардың «Сыбаға» бағдарламасына қызығатындығының тағы бір себебі, селекция және асыл тұқымды мал сатып алуға мемлекет 1 бас үшін 154 мың теңге субсидия төлейді. Тұқымды түрлендіру мақсатында 1 басқа 18 мың теңге бөледі. Былай айтқанда, мемлекеттік қолдау шаруаларды екі жеп биге шығарып отыр.
Abai.kz