Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тұлға 4009 0 пікір 14 Желтоқсан, 2016 сағат 11:35

САҢЛАҚ САУЫҚ

(Жалғасы. Мақаланың бастапқы жарияланымын мына сілтемеден таба аласыз: http://abai.kz/post/view?id=11516)


РЕФОРМАТОР  

 Сауық Темірбайұлының инженерлік ізденістері мен жаңашылдық сипатта ойлау қабілеті оның табиғатындағы реформаторлық қасиетін оята өріліп, қызметінің ауқымын кеңейтетін іргетас боп қаланған-ды. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев оның реформатор ретінде ашыла түсуіне жол ашты. Талай жыл тікелей өндірісте істеген тау-кен инженері, республика, өлке, аймақ проблемалары мен мүмкіндіктерін жақсы білетін Димекең Мәскеудегі басшылық алдында ұзақ дәлелдеп жүріп, ақыры, өз елімізде түсті металлургия министрлігін ашуға рұқсат алған.  Тәкежанов осы министрлікке әуелі 1971 жылы министрдің орынбасары лауазымына шақырылып, бір жылдан кейін түсті металлургия министрі болып тағайындалды.

Министрлікке қарасты елу шақты кәсіпорынның жай-күйіне қатысты ағымдағы  шаруалармен танысып отырған күндердің бірінде оған Бірінші хатшының қабылханасынан телефон соғылып, бір сағаттан кейін Димекең оны  өз кабинетінде көргісі келеді деп хабарланды. Тәкежанов сала мәселелері бойынша кез келген сауалға жауап беруге әзір-тін, алайда, алдына кіргенде, Бірінші хатшы одан ойламаған жерден Норильск комбинатында соңғы кезде ғана орын алған ірі авария жайын сұрады. Әңгіме, сөйтіп, өз кәсіпорындары емес, өзге республикадағы өндіріс орны туралы қозғалды. Сауық Темірбайұлы іркілген жоқ, терістіктегі әріптестері игере алмай жатқан «сұйық ваннада балқыту» схемасын алдындағы қағазды сызғылай отырып түсіндіре бастады. Сонда Димекең оған сол схеманы өзіміздің Балқаш пен Жезқазғанға ендірумен тікелей шұғылдануды тапсырды.

Тәкежанов қажетті өзгерістерді Жезқазған мыс зауытынан бастауды жөн көрді. Осында сұйық ваннада балқытылуға тиіс концентраттар, яғни болашақ дәуір металлургиясының арсеналы дайындалады деген ұйғарым болды. Алайда Жезқазған мыс зауытының жаңа өнімін пайдалануға Балқаш кен-байыту комбинатында (БКБК) қолданылатын түсті металды балқытудың дәстүрлі әдістері жарамайтын-ды. Оның дәйектерімен келіскен Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Алматыға Ресейден аса ірі кеңес ғалымы Ванюковты ақылдасу үшін шақырды.  Содан, Кеңес Одағының түсті металлургиясын өзгертіп жіберуге қабілетті жаңа жобалар Тәкежановтың кабинетінде ірі ғалымдарымен бірлесіп талқыланып, ақыры, БКБК-да сұйық ваннада балқытудың тәжірибелік-өндірістік қондырғысы құрылысын салу жайында шешім қабылданады. 

Бар болғаны төрт шаршы метр алаңға орнатылған сол кішкентай пеште күкірті көп, мысы тапшы шихтамен  жұмыс істеуді металлургтер жандарын шүберекке түйіп, әлі зерттеліп бітпегендіктен де алдын алу қиын қауіп-қатерге бастарын тіге тұрып үйрене бастады. Ақыры, 1973 жылғы қарашада, қондырғы алғашқы тәжірибелік сынақтан ойдағыдай өтті. Оқиға аса маңызды болғандықтан да,  Сауық Темірбайұлы бейуақ мезгілге қарамастан Алматыға Димекеңе телефон шалып, табысты баян етті де, Біріншінің аузынан күллі ұжымға арналған марапатты құттықтау сөз естіді.

Кеңес Одағының министрлері, ғалымдары, аса ірі комбинаттардың директорлары Балқашқа ағылып, түсті металлургияда басымдық алатын жаңа бағыттың өмірге келгеніне көздерін жеткізді. Содан кейін Тәкежанов осы табысты баянды етуді ұйымдастырды: сәтті сынақ артынша  комбинатта күкірті көп, мысы аз күрделі шикізатты сұйық ванна пешінде балқытуға арналған алғашқы ірі өнеркәсіп агрегаты салынды. Сұйық ваннада балқыма алуды жүзеге асыратын сол алғашқы пеш отыз жылдан астам, күні бүгінге дейін тиімді жұмыс істеп тұр.  Кезінде талай маман қатерлі жағдайда, асқан тәуекелдікке барып жасаған технологиялық әдіс осынша уақыт бойы металға кедей кентастан толық мәніндегі нағыз мысты ептілікпен балқытып бөліп алуды мүмкін етуде.

Күрделі шикізатты өңдеу мәселелерін шешу жолы табылды. Осы жол ғана салаға экономистер мен экологтар күннен күнге табанды түрде қойып келе жатқан елеулі сұрақтарға оң жауап бере алады. Тәкежановтың тікелей қатысуымен жасалған еліміздің түсті металлургиясы құрамы күрделі полиметал кентастарынан пайдалы құрамдас бөліктерді мүмкін болғанынша көбірек алып, қалдыққа   мейлінше азырақ жіберуге тырысуымен ерекшеленетін. «Табиғатта бос жыныс жоқ!»  – міне оның  ұраны. Сауатты инженер, ғалым, білікті реформатор, бар білімі мен күш-жігерін мемлекет мүддесіне қызметке қоя білген азамат ұстанған ереже осындай еді. Ол түсті металлургия министрі,  жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымдарында істеген кездерінде  тау-кен ісі мен металлургияға заманынан озық технология енгізуге күш салды. Жаратылыс қойнауының байлығын  кешенді түрде пайдалану, туған жерді жаралай бермей, мүмкіндігінше жақсарта түсуге бағытталған технологияны қолдану көзқарасын ұстанды.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң Горбачев-Колбин жүргізген «қазақ ұлтшылдығын» жою мақсатындағы ұлттық кадрлерге қатысты жасалған шектеулер кезінде (сол кезде түсті және қара металлургиядағы шешуші тұтқалардың бәрінде Димекеңнің қамқорлығы нәтижесінде өскен қазақ инженерлері істейтін еді)  Сауық Темірбайұлы басқарып отырған түсті металлургия министрлігі таратылды. Бұл әрекетке Тәкежанов тек сала мүддесін ойлағандықтан ғана емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарсылық білдірді. Сонда оған орталық эмиссары, ұлттылықты жаңаша күйретуші Колбин:  «Сен креслоңа жармасып тұрсың», – деген мысқылды жауап берген еді. 

1987 жылғы желтоқсанда Тәкежанов «Қазқорғасын» өндірістік бірлестігін басқаруға жіберілді. Бірлестіктің негізінде Өскемендегі өзінің он бес жыл өмірін арнаған комбинат жатқан-ды. (Ол осы өңірден тұңғыш рет 1967 жылы, ӨҚМК бас инженері кезінде,  жетінші шақырылған республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған-тын, содан бері бес шақырылым қатарынан   шығысқазақстандық сайлаушыларының сеніміне ие болып жүрді).  Қайта құру үдерісі шарықтаған шақта, 1990 жылы, Тәкежанов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланды. Парламентарий шағында, егемендікке орай туындаған мемлекеттік шаруалар бастан асып жатқанына қарамастан,  ол ғылыммен, өндіріспен байланысын үзген жоқ.

 Саукеңнің адал жары, айнымас досы және әріптесі, Инженерлік академияның  корреспондент мүшесі, Қазақ политехника институтында металлургтердің әлденеше буынын тәрбиелеген ұстаз Клара Зейнулақызы (олардың балалары да әке-шеше жолын қуып, инженер-металлург болды) былай деп сеніммен айтады: Сауық республикада нағыз сирек металдық өндіріс құрды, еліміздің металлургиясын кентастан кешенді түрде оның барлық пайдалы құрамдас бөліктерін бөліп алуды көздейтін деңгейде дамытты, тау-кен шикізатымен қалдықсыз жұмыс істейтін технология  жасады.

Онысы рас, Сауық Тәкежанов қолданыстағы технологиялар үшін шикізат іздеуді – заманы  өткен, залалды әрекет деп білді. Біздің еліміздегі тау-кен-металлургиялық кешеннің кәсіпорындарына келген жаңа қожайындардың экономиканы жаһандандыру жайындағы әңгімелерді сылтаулатып, сырттан тасылатын шикізатқа ден қоюына және кен орындарын өз қалауларымен талғап өңдеуіне наразылық білдірді. Ол мұны не ресурсті үнемдеумен, сақтаумен, не қоршаған орта мен жер қойнауындағы байлықты қорғаумен,  не халықтың әлеуметтік-экономикалық оң жағдайымен, не мемлекеттің экономикалық дамуымен үйлеспейтін зиянды әрекет ретінде сынайтын. Мұндайға жол бермей,  жоғары білікті инженерлер корпусы мен жұмыс күшін өндіріске жаңа технологиялар енгізу мәселесіне жұмылдыруды ол болашағы зор іс деп білді.  Сондықтан да толассыз істейтін ірі көлемдегі өндіріс жағдайында концентраттарды өңдегенде пайдаланылуға тиіс  қалдықсыз технологияның кез келген нұсқасын  тексеруді және енгізуді қамтамасыз ететін біртұтас технология жасау үшін қажет ұйымдық-техникалық және өндірістік ахуал туғызатын Степногорск технопаркін құрудың басы-қасында болды.  Мұндай көзқарас, сөз жоқ, оны инженер және реформатор  ғана емес, мемлекетшілдік сезімі өте күшті дамыған қайраткер дәрежесіне көтерді.

МЕМЛЕКЕТШІЛ

Мемлекет мүддесіне елдің негізгі халқының мүддесі тұрғысынан қараудың, тарихи, рухани, мәдени құндылықтарды қорғай отырып қараудың үлгісін күллі қызметімен Қонаев ақсақал көрсеткен еді. Бірақ ол өзіне  тікелей тапсырма беріп, ақыл айтқанынша Тәкежанов бұған соншалықты назар аудармаған екен, Қазақстан өндіріс орындары ұстап тұрған қалаларды, аймақтарды қызмет бабымен жиі аралай жүріп, ол еш жерде тарихи мәні бар нысандарға бас сұқпаған еді. Бірде, жетпісінші жылдардың ортасында,  оған Димекең: «Сен Кентауға барып жүрсің, ал соның жанында қасиетті Түркістан тұрғанын білемісің? Ондағы Қожа Ахмет Йассауи мавзолейінің жағдайынан, оған не істеу қажеттігінен хабарың бар ма?» – деп сұрады.  Әрине, білмейтін, әрине, көрмеген, әрине, хабарсыз... Бірақ барды, көрді, оны жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында тиісті мекеме көмегімен ғылыми зерттеу жасап, Әзірет Сұлтанның қазақ хандары пантеонына айналған, жер асты және жер үсті құрылыстары мол тұтас бір кешен екеніне көз жеткізді.

Сол шақта мавзолейді жаңғыртып, түзегендері – бертінде сонау көне астананы толығымен ретке келтіру жұмыстарының бастамасы болды. Сауық Темірбайұлының жеке өз басына  Димекеңнің бұл тапсырмасының тигізген әсері ерен еді: кешенді бірге аралаған қасындағы бір серігі сондағы кітапханадан парсы тілінен тәржімаланған кітап мұқабасындағы аудармашының аты-жөніне назарын аударды.  Жүрегі тулап қоя берді, өйткені аудармашының аты-жөні Құсайын Тәкежанов еді. Құсайын – Сауықтың әкесінің ағасы. Ол жасауылдардың қырағы күзетіне қарамай, өзін, бес жасар сәбиді, АЛЖИР-ге айдалған анасының қолынан алып қала алған, сөйтіп өз ошағында тәрбиелеп өсірген, жетімдік көрсетпеген, іс жүзіндегі әкесі еді. (Ақын Құсайын Тәкежановтың «Таңдамалы шығармалары» Сауық қайтыс болғаннан кейін жарық көрді. Кітапқа берген алғысөзінде ақынның келіні Клара апай: «...жолдасым Сауық Тәкежановты жастайынан асырап, өз ортасынан кем қалдырмай оқытып-тоқытып, кәмелетке жеткізген әкесі Құсайын Тәкежанов. Сонау зұлмат заманда Сауықтың туған әкесі Темірбай Тәкежанов итжеккенге айдалып кеткенде, қараусыз қалған  оны бауырына басып, әкесін жоқтатпай өсірген немере ағасы осы Құсайын ақсақал болатын», – деп көрсеткен).  Осы жәйт Сауықты  шығыс даналықтарымен жақынырақ танысуға жетелеп қана қоймай, оның отаншыл азамат ретіндегі ұстанымының мазмұнын тереңдетіп, ұлттық тамырмен жалғасқан, шын мәніндегі ұлттық-мемлекеттік мүддені көздейтін көзқарасын байыта түсті деп батыл айтуға болады.   

Өзінің ғұмырын арнаған кәсібі болашақтың экономикасымен қалай үндесе алатынын Сауық Темірбайұлы алғаш рет  қорғасын-мырыш комбинатында ұққан еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында КСРО Үкіметінің басшысы Косыгин ұсынған, жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың жаңа жүйесіне Кеңес Одағы бойынша қырық үш кәсіпорын көшірілгенде, солардың қатарына Қазақстаннан жалғыз ӨҚМК енгізілген болатын. Сондағы азын-аулақ уақыт қана жүргізілген, бірақ партияның ең жоғарыдағы жетекшілерінің қасаңдығы салдарынан аяғына жеткізілмеген тәжірибе нәтижесінде комбинатта еркін экономиканың қарапайым элементерін игерудегі ебедейсіздеу алғашқы қадам жасалған еді.

Жаңа жүйеде ең алдымен, әр жұмыс орнының ақшаға шаққандағы тиімділігі есептелді. Сол есеп-қисап барысында Тәкежанов металлургиялық шикізатты кешенді түрде пайдаланудың қандай тиімділік әкелуі ықтимал екенін мүлдем айқын түсінді. Сапалық көрсеткіштер өнім көлемінен гөрі таза табысқа жақсы қызмет етеді, – ол өзіне осындай жаңалық ашты. Сол кезде комбинаттың таза кірісіндегі сапалық көрсеткіштер мен шикізатқа кеткен шығынды үнемдеу есебінен алынған таза пайда үлесі ҚМК-ның барлық таза пайдасының жартысынан асатын. Кәсіпорынды әуелі Кеңес Одағы көрмесіне, одан халықаралық көрмелер мен әлемдегі көптеген елдерінің өнеркәсіп жәрмеңкелеріне шығаруды мүмкін еткен – жаңа технологиялар екеніне ешкім күмәнданбайтын. Комбинат шығарған мырыш, қорғасын, кадмий Лондондағы металдар биржасында «тазалық эталоны» ретінде мойындалды. Экспорттық мүмкіндіктер ұлғайды. Комбинатта кентастан Менделеевтің периодтық жүйесіндегі елу элементті алу игерілді. Ал ӨҚМК-ның технологиялық жасалымдарын қолдана отырып,  республика тау-кен кәсіпорындарындағы тауарлық өнім  74 элементке жеткізілген болатын. СОКП Орталық Комитетінің арнайы шешімімен ӨҚМК тәжірибесі күллі одақтағы сала кәсіпорындарына қолданыла бастады. Осының бәрі оны инженердің еңбегіне экономикалық тиімділік тұрғысынан ой жүгіртуге итермелейтін.

Республика түсті металлургиясының ірі де танымал басшысы 1974 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары-Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымына бекітілді. Жаңа жұмысқа кіріскенінде Тәкежановтың не нәрсеге аң-таң қалғаны жайында айтқандарын бізге журналист Олег Квятковский жеткізді: «Республикада «ұлттық табыс», «ішкі жалпы өнім» деген терминдердің болмағаны мен үшін күтпеген жаңалық еді, – деп еске алды академик.  – Дәлірек айтқанда, бұл терминдердің бізге арналғаны бар болатын, бірақ оларды біз үшін тек Мәскеу толықтыратын. «Бізге мұны тек қана Мәскеу береді», – мен онда іс-қағаздарды  қабылдаған кезімде осындайды естідім. Сонда мен, өз-өзінен түсінікті, бірден «төменнен» есеп-қисап жасадым да, өзіміздің ұлттық табысымыз жайындағы жолды өзімнің бірінші есебіме салып, өзім қол қойдым. О, соның артынша не басталды десейші! Мені «идеолог» – Орталық Комитеттің хатшысы шақырады. Сөйтіп тура табалдырықтан бас салады: Сауық Темірбайұлы, сен, немене, – шынымен де ұлтшылмысың? Егер біздің бәрімізде бары – бір ғана Ленин партиясы болса, біздің республикамызда қандай ұлттық табыс болуы мүмкін?  Сонда мен «идеологты» осындай «ұлттық табыс» деген ұғымды қабыл алмайынша, нағыз экономиканың болмайтынына, әрі оның біздің біртұтас партиялылығымызға титімдей де кедергі келтірмейтініне соншалықты қиындықпен иландыра алдым-ау әйтеуір! Сол кезден бастап ұлттық табыс госпландық есептердегі өте маңызды көрсеткішке айналды. Ал бұл оқиға Мәскеуге де жетіпті: мені Байбаков өзіне КСРО Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып ауысып келуге шақырғанда, осы жәйтті жымия отырып еске алды...» (О. Квятковский. «Тәкежанов», Алматы, 2004 ж., 142–143-бб.)

Оның жастайғы инженерлік, реформаторлық қасиеттерінің қорытпасы кеңестік республика үкіметінде істеген кезеңінде мемлекет мүддесін тереңнен ойлайтын отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ұласты. Ол бірден экономикалық жұмысты және  жоспарлауды  жетілдіру мәселелерін қолға алды. Әрі тек қана салалық жоспарлардың өзара үйлесімділігіне ғана мән беріп қоя салмай, аумақтық жоспарлар жасауды көтерді, ғылыми институтты қатыстыра отырып, оның салалар мен әлеуметтік аумақ көрсеткіштерінен құралған моделін ойластырды. Сондай жоспар тұңғыш рет 1976 жылға және сол жылдан басталатын он бірінші бесжылдыққа құрылды. Оның басшылығымен аумақтық-өндірістік кешендерді дамытуға байланысты  үлкен жұмыс жүргізілді. Ол халық шаруашылығы құрылымын жетілдіруге, осы орайда өзі «төртінші балқыту» деп атап кеткен саланы – Қазақстанның дайын металын пайдалана отырып ақырғы өнім шығаруды дамытуға көп көңіл бөлді.  Оның талабы бойынша Алматыда тау-кен құрал-жабдығын шығаратын зауыт, Көкшетауда фарфор зауыты, Бақыршыда тау-кен өңдеу комбинаты, пайдалы қазындыларды игеру негізінде пайда болған  үлкенді-кішілі қалаларда «Б» тобының көптеген кәсіпорындары салынды.  

Тоғыз жыл түсті металлургияны, алты жыл госпланды (мемлекеттік жоспарлау комитетін) басқару кезіндегі ұтымды еңбек тәжірибелері әкелген беделіне тәнті халық депутаттары 1990 жылы оны бір ауыздан Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа,  қаржы-қаражат және бюджет мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы етіп сайлады. Қайта құру жылдары мемлекет дербестігін әзірлеген және тәуелсіздікті жария еткен осы парламент қабырғасында еңбек еткенінде, ол шын мәніндегі ірі мемлекетшіл қайраткер дәрежесіне көтерілді. 

Оған мына жәйт баяғыдан айқын-ды – Кеңес одағының экономикасы тек орталықты жағдайластырып, байыту үшін құрылған болатын. Шикізаттың, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы әдейілеп арзан деңгейде сақтатылатын. Мақсат – ақырғы өнімді өндіретін жерде тиімді кіріс болуын қамтамасыз ету еді. Мәселен, титан өндіруді одақта  үш алып комбинат –Өскеменде (Қазақстан), Запорожьеде (Украина) және Березникиде (Ресейдің Пермь облысында) жүзеге асырды. Өскемен мен Запорожье кентасты байыту, яғни бос тасты кенді құрамнан ажырату бағытындағы тек алғашқы өңдеуден ғана өткен дүмбілез шикізат – жартылай фабрикат шығаратын. Ал соның негізінде шығарылатын нақты материал – титан прокаты тек Березники комбинатында жасалатын. Біздің түсті металдар түгелге жуық шикізат күйінде тасып әкетілетін. Қазақстан империяның шикізаттық қосымшасы ғана еді. Қаржының бәрі одақтық бюджетте шоғырландырылатын да, елімізге дотация содан берілетін.

Большевиктер жиырмасыншы жылдары «тұйық экономика» құрғысы келген «жергілікті ұлтшылдарды» әшкерелей отырып, бар күштерін орталықты нығайтуға жұмсаған еді, бұл сол әрекеттердің жемісін берген шағы-тын. Енді республикада қандайда-бір өңдеуші зауыт салудың қажеті жоқ-ты. Ондайға ұмтылыс білдіруден Мәскеу ұлтшылдық көрініс сияқты пәле-жаланы оп-оңай тауып, еркінсігендерге жапсыра қоятын.  Нақты шындық құпия сақталатын. Өйткені орталық одақтас республикалардың дербестігі артуынан өлердей қорқушы еді.  

Осындай көзқарастың салдарынан Қазақстан негізінен шикізат базасы ретінде ғана дамытылған да, тәуелсіздік алған кезде ол күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өзінде шығармайтын,  ең арғысы шегенің өзін сырттан әкелетін жағдайда еді. Сондықтан да Тәкежанов басқарған комитет барлық басты проблемалардың қайнаған ортасында тұрды, жоспарлы шаруашылық қожыраған елімізде базарлық экономиканы қалыптастырудың заңдық негізін қалаумен шұғылданды. Комитетте меншік, жекешелендіру, валюталық реттеу, шетелдік инвестиция, еркін экономикалық аймақ, акционерлік қоғамдар, биржалар мен бағалы қағаздар, банктер, бюджет жүйесі, төл ақша жасау мен оны айналымға енгізу  секілді толып жатқан аса қажет мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы заңдар жасалып, парламенттің қарауына ұсынылды. 

Әңгімеміздің басында еске алып өткен «жаңа тұрпатты рубль аймағына» ену мәселесін қарау кезіндегі Тәкежанов ұстанымына азын-аулақ тоқтала кетейік.

Ресей 1993 жылғы 26 шілдеде өз ішінде жаңа ақша кіргізіп, біздің елді ескі қағаз ақша топан судай басып кеткен. Инфляция күн санап өсіп жатқан, білетіндер оны гиперинфляция деп атайтын. Міне сол шақта, Ресей екі жарым ай бойы өзінің жаңа ақшасымен дербес экономикалық саясатын жүргізіп жатқан кезде – 1993 жылғы 12 қазандағы парламент мәжілісі Қазақстанның ақша жүйесін Ресей Федерациясының ақша жүйесімен біріктіру жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы мәселе қарады. Келісімнің мән-жайын үкімет басшыларының бірі баяндайды. Парламентшілер қойған сұрақтарына жауап алғаннан соң, құжатты бекітпек  болады. Сол кезде  Тәкежанов табанды түрде өзіне сөз беруді сұрайды. Сондағы сөзінің мына қысқа үзінділеріне көз жүгіртелік: «...қол қойылған келісімді ратификацияласақ болды, төлемдердің барлық сауалдары жеңіл және жақсы шешіле кететіндей ұғым бар біздің бәрімізде. Мен сіздерге өзімнің жеке пікірімді айтуға тиіспін. Төлем мәселесін  Ресейдің  Орталық банкі жалпы жасанды түрде дабырайтып алға тартып отыр. ...Келісім дегеніміз – екі тараптың міндеттемелері болуға керек. ...Принципті түрде мәлімдеймін: мұнда тек қана бір тараптың – Қазақстанның ғана міндеттемелері бар!»

Одан әрі: «Біз экономикалық одақты қолдаймыз. Бірақ, әңгіме ақша жүйелерін біріктіру жөнінде боп тұрғанда, біз Ресей  Орталық банкінің ойын ережесін мойындауға келісетінімізді ескеруіміз керек. Мұнда ешқандай да ойын болмауға тиіс! Мен сіздерге көбірек айтпайын. Біз КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінде тұрмыс кешіп көрдік, ол әлі жадымызда. Міне енді тыңдаңыздар, мұнда ешқандай да жаңа рубль жүйесі жоқ, бұл – бұрынғы КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінің дәл өзі. Тек енді КСРО Мемлекеттік банкінің рөлінде  Ресей  Орталық банкі сөйлейді». 

Тағы да: «Мен қазір ашық айтып тұрмын: Ресейдің  Орталық банкі, Үкіметі Қазақстанды рубль аймағынан итеріп шығарып жіберуге  бейіл. Бұл менің бекем иланымым».

Рас, өз ақшамызды толық әзірлеп үлгерген жоқпыз, шынында, оны сүйемелдеп нығайтуға – валюталық қор, алтын қоры, өтімді материалдар, т.с.с. едәуір мәселе шешімін табуы тиіс деп мойындай келе: «Бірақ неге біз өз кеденімізді тым болмаса өз ақшамызды қосарлана қатар енгізу жолымен қорғай алмаймыз? – дейді. – Біз  бұл жайында күллі Комитетіміз боп баяғыдан айтып келеміз. Бостан босқа уақыт өткіздік! Маған, бәлкім, осы істер үшін таяқ та тиер, бірақ біз екі жыл бұрын өз ұлттық валютамызды қатар енгізуді ұсынған болатынбыз. Тауарлық рынокты қорғаудың бұдан басқа әдісін мен білмеймін, себебі 11034 шақырымға созылған шекараны біз ешқашан күзетіп қорғай алмаймыз, бұл бос әңгіме. Бірақ өз тауарлық базарымызды қорғаудың басқа әдістері бар. Бүгін осы 1962–1992 жылдарғы ақшамен біздің республикада бәрі тып-типыл босап қалғанын біз білеміз. Қайран қалам, көптеген депутаттар бұл іске қалайша сондайлық беймарал қарауда...».

Нағыз мемлекетшіл тұлғаның жанайқайы. Оны парламент төрағасы ұғып, келісімнің қол қойғанға дейін төралқада талқыланғанын еске салды, сол кезде «ең басты оппонент Сауық Темірбайұлы болған еді, ол қазір де өз ойын айтты. Оның ұсыныстарында ақиқат мол», – деді ол.  Жағдай жарты айдан кейін, 28 қазанда парламентте тағы қаралды. Тәкежанов: «Тағы да қайталаймын: біз ратификациялаған құжат бір жақты болатын, – деді. – ...Бізде  рынокты ойрандау жүріп жатыр. ...Біз, ескі үлгідегі құнсыз рубль топаны елімізді басып тұрғанда,  аса жақын уақытта-ақ мүлдем тауар ресурстарынсыз бос қаламыз».

Нақты ұсыныс жасады: «Президенттің қолында біздің келісімімізбен іске қоса алатын нұсқа болуға тиіс». Қабылданды. Ақыры, 1993 жылғы 15 қарашада төл ақша айналымға енгізілді. Осы күнді Тәкежанов «экономикалық тәуелсіздік күні» деп атады.

Егемен елдің алғашқы парламенті таратылғаннан соң ол, Халықаралық инженерлік академияның және Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі – шикізатты  кешенді пайдалану  жөнінде «Қазақстан алтыны», «Конверсия алтыны» секілді бірқатар байыпты бағдарламалар жасап, олардың орындалуына басшылық жасады. «Қазметалл» компаниясы мен «Қазалмазалтын» консорциумының негізін қалап, президенті болды.

Ол артына елеулі жазба мұра қалдырды. Көп жылғы пайымдаулар негізінде жазылған «Қазақстанның түсті металлургиясы. Тарих фрагменттері, нәтижелер мен тенденциялар» деген кітабында еліміздің түсті металлургиясының даму кезеңдеріне тоқталып, оның базар экономикасы кезіндегі өркендеу ерекшеліктерін талдады. Ал «Кешенді шикізатқа – жаңа технологиялар» атты кітабында түсті және қара металдар өндіру технологиясын қайта жарақтандыру болашағы жайлы әңгімелейді. Автор ойының өзегі – «Металды тек сыртқа шығарып сату үшін өндіруде – болашақ жоқ».

Дегенмен ол мұндай өндірісті мүлдем жоққа шығармайды – ондай ахуал «тек экономикамыздың құрылымын өзгертудің алғашқы сатысында ғана, нақты қаржы-қаражат ресурстарының аздаған көздерінің бірі ретінде қолдау таба алады». Осылай қарай тұрып еш естен шығаруға болмайтын нәрсе мынау: «Біздің мемлекетіміздің халқы өзінің тарихында тұңғыш рет өз жер қойнауы байлықтарының меншік иесі,  ерекше меншік иесі болып отыр». Ал одан туындайтын қорытынды: «Бастапқы шикізаттың кез-келген түрін кешенді түрде пайдалану – өзінің және өз халқының қазіргісі және келешегіне мүдделілікпен қарайтын  кез келген мемлекеттің табиғи экономикалық және экологиялық саясаты», демек біздің тізгін ұстаушылар жадынан осы ереже бекем орын алуға тиіс.

Осы орайда атап айту ләзім, Сауық Темірбайұлы минералдық шикізатты кешенді түрде өңдеу жайында ұсынған концепция, шынтуайтқа келгенде, ғалымдар мен мамандарды, сондай-ақ билік тұтқасын ұстағандарды алда тұрған маңызды да күрделі мәселелерді шешудің нақты әдістемесімен жарақтандыратын философия, әріптестері мен шәкірттерінің бағасы бойынша – техникалық философия болып табылады. Одан автордың инженерлік қана емес, реформаторлық, мемлекетшілдік көзқарастарының жиынтығын айқын көресіз.  Өкінішке қарай, оның аз ғана таралыммен автордың өз қаражатына шығарылған іргелі еңбектері әлі күнге дейін ғылыми-зерттеу орталықтарына, өндіріс және оқу орындарына жете қойған жоқ.

Ол мемлекеттік қызметтен кеткенмен, жаңа экономиканы жаңаша басқару туралы, минерал-шикізат ресурстарын пайдалану мәселесі жөнінде, кәсіпорынды жекешелендірудің ерекшеліктері жайында, басқа да көптеген өзекті проблемалар хақында үкімет пен парламент басшыларына нақты ұсыныстар айтылған  хаттар мен түсіндірме-жазбаларды тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап үздіксіз жолдап отырды.  Бөтен менеджмент пен сыртқы несиеге бағдар ұстаған  басшылыққа оның ұсыныстары ұнай қоймаса керек, әйтсе де академик мемлекетшіл көзқарасынан еш айныған жоқ. Қазақстанның өз потенциалына – жан-жақты білімі бар кадрлеріне, өндірістік, ғылыми және рухани күштеріне сену және арқа сүйеу ғана халық мүддесіне қызмет ететін ашық, бәсекеге қабілетті, еркін экономика  құруға мүмкіндік береді  – Тәкежанов өмірінің  соңына дейін (ол 2003 жылғы 20 тамызда, экономикалық дербестік пен тәуелсіздік мәселесінің қатаң кеңестік жоспарлау дәуірінде қалай сананы жаулай бастағаны туралы мақаласын айтып жазғызып тұрғанында, жұмыс үстінде  үзілді) осы ойда болды.

Осынау алып тұлғаның – инженер, реформатор, мемлекетшіл азаматтың туғанына был 85 жыл толып отыр. Оның еңбектерін бүгінгі іс басындағы тұлғаларға, баршамызға тым болмаса осы мерейжыл орайымен байыптап назарлау жөн болар еді, өйткені ғалым және қайраткер Сауық Темірбайұлы Тәкежановтың мазмұнды ғұмырында бүгінгі тәуелсіздік туын көтерушілер үшін үлгі етерлік сәт мол.  Біз оқырманға  ұсынып отырған бұл шағын шолуымызда тек соның шет жағасын ғана айта алдық.

(Соңы)

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636