Қазығұртта фронт-офис бар
Елбасының тапсырмасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында өз жұмысын бастаған "Ашық әкімдік" жобасы негізінде Шымкентте фронт-офис ашылған болатын. Оңтайлы қызмет түрлері енді облыс орталығында ғана емес облыстың өзге де аудандарында көрсетілуде. Бұл туралы «rgmedia.kz» сайты хабарлайды.
Мәселен дәл осындай фронт-офис Қазығұрт ауданында да ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистерінде қазығұрттықтар барлық қажетті анықтамаларға қол жеткізіп, құжаттарды рәсімдей алады. Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз, аптасына алты күн жұмыс істейді және 530 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік корпорацияның 2 фронт-офисі қызмет атқарады.
Олар Қазығұрт ауыл округі, Қазығұрт ауылы, Д.Қонаев көшесі № 90/1 және Қазығұрт ауыл округі, Қазығұрт ауылы, С.Рахымов көшесі № 1. Аталған офистерде бір терезе жүйесі бойынша мемлекеттік қызметтің 400 түрін, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту сынды өзге де салалар қамтылған. «Фронт-офистің» қызметіне жүгіну арқылы кез-келген тұрғын өз уақытын үнемдеуіне болады.
Қуантарлығы, бұл электронды жоба бюрократиялық қағазбастылықтан құтылу, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санын азайту, билік органдары мен халықтың арасындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік бермек. Фронт-офистің тиімді тұсы мұнда барлық қызмет электронды түрде жүзеге асырылады.
Абай ақпарат