Күнгейліктер кәсіптің кілтін тапты
Соңғы жылдары оңтүстіктегі шаруалар жерді тиімді игеріп, түрлі дақылдарды егуге көңіл бөле бастады. Соның ішінде көкөніс өсіру шаруашылығының ісі өрге басып тұр.
Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығының басшысы Түгелбай Пернебай Нұранұлы көкөніс өсіруден гектарына 230 центнерден өнім алып, зор жетістікке жетіп отыр. Және өңірдегі озат көкөніс өсіруші ретінде жақында ең үздік он шаруаның бірі атанып, аудан әкімінің марапатына ие болды. Түгелбай Пернебай Нұранұлы алдағы уақытта түрлі технологияларды қолдана отырып, еңбек өнімділігін әлде де арттыра түсуді ойлап отырғандарын жасырмайды. Қазірдің өзінде еңбек озаты атанып отырған шаруа қожалығының басшысы өңірдің мақтаулы шаруаларының бірі болуда.
Өткен жылы оңтүстік өңірге жасаған сапары барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұндағы жұмыссыздық мәселесінің оң шешіліп келе жатқанынан хабардар болып, істелініп жатқан бірқатар шаралардың куәсі болып, өңірдің даму қарқынын жоғары бағалаған еді. Олай ететін себеп те бар. Өйткені жыл өткен сайын Оңтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Сәйкесінше мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемінің де артып келе жатқанын айта кету керек. Алдағы уақытта өз елімізді өзіміз көкөніс өсірумен қамтамасыз ету басты мақсат болып отыр. Сондықтан өңірдегі шаруа қожалықтарынан күтер үміт мол болып отыр.
Abai.kz