Кентау қаласында жылыжай шаруашылығы дамып келеді
Кентау қаласында жылыжай шаруашылығы енді-енді дамып келеді. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы хабарлайды.
Кенді өлкеге қарасты Байылдыр ауылында осы уақытқа дейін ешбір тұрғын бұл кәсіппен айналыспаған. Қазір аумақта кәсіпкерлікпен қоса, инфрақұрылымдау ісі де икемге келіп, ел еңбектің наны тәтті екенін ұққан.
Еңбекке епті, кәсіпке мығым кәсіпкерлер жылыжай шаруашылығымен айналысуды өз күштерімен бастады. Енді мемлекеттен тиісті субсидия алуды мақсат етіп, істерін дөңгелетуге бейімделіп келеді. Қара жерден табыс табуға болатынын түсінген Серік Садырбаев еңбек етем деген адамға 8 соттық жер де жететінін айтады. Алғашқыда үйренбеген кәсіп болғасын қиындау болды. Биыл үшінші рет қияр, қызанақ ектім. Бастапқы кезде алған өнімдерімізге қанағат етеміз дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ Нұрбек Өмірбеков те қара жерден несиесін айырып отыр. Оның жылыжайы жер астында. Бұл шаруа жұртқа таңсық екені рас. Дегенмен жергілікті әкімдік кез келген кәсіпкерге қолдау көрсетуге әзір екенін айтады. Өз істерінің алғашқы жемісін көре бастаған кәсіпкерлер бүгінде кісіптерін дамытып, халықты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Жергілікті әкімдік мамандарының айтуынша ауданда осы кәсіпті қолға алғысы келетін, үйреншісі келетін азаматтар бар көрінеді.
Тек жүрексінбей іске кіріссе болғаны. Ал жылыжай кәсібін қолға алған екі азамат болашақта көкөніс егетін аумақты кеңейтіп, жылыжай өсірудің жаңа технологиялары мен қыр-сырын меңгеруді мақсат етіп отыр.
Abai.kz