Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 2603 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 13:51

«Ырыс» арқылы ырысы артқандар

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында облыста көптеген жаңа жобалар жүзеге асуда. Осы ретте «Ырыс» микроқаржы ұйымы кәсiп ашқысы немесе бизнесiн көркейткiсi келгендерге 6 млн. теңгеге дейiн жеңiлдетiлген пайызбен несие беруде. 

 Егер тиесiлi жер телiмi немесе мал асырауға қолайлы қора болса, осы ұйымнан қаржы алуға болады. Ол үшiн жоспар айқын, тиiстi құжаттар түгел болуы тиiс. Тек «Ырыс» микроқаржы ұйымына кепiлге жылжымайтын мүлiк қойылса болғаны.

– «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы 2011 жылдан берi жүзеге асырылуда. Биыл осы бағдарлама аясында 3,39 млрд. теңге тартылып, бүгiнде ол кәсiп бастаған азаматтарға берiлiп жатыр. Жұмыссыз немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз етiп отырғандар бiз арқылы 6 миллион теңгеге дейiн қаржы ала алады. Несиенiң сыйақы мөлшерi 7 пайыздан аспайды, өтеу мерзiмi – 5 жыл. Ең бастысы, қаражатты алған кәсiпкер 60 күн iшiнде несиенi мақсатты пайдаланғаны туралы бiзге құжаттарын өткiзуi тиiс, – дедi «Ырыс» микроқаржы ұйымының басшысы Х.Назарметова.

Биыл ел Тәуелсiздiгiне – 25 жыл. Осы айтулы мерекеге байланысты «Ырыстан» несие алып, оны экономиканың дамуына жұмсаған 25 кәсiпкер марапатталуда.

Өз iсiн дөңгелетiп отырған азаматтардың бiрi – Қарабұлақ ауылының тұрғыны Эргаш Халниязов. Ол 2015 жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан мал бордақылау мақсатында 4 млн. теңге несие алған. Iстiң бабын тапқан шаруа кәсiбiн дамытып, 2016 жылы қаржы орталығынан тағы да 3 миллион теңге несие алды. Шаруашылығы жылдар өте келе iрiленiп, бүгiнде қорасындағы мал саны 60-қа жетiп отыр.

– Еңбек етемiн деген адамға мемлекет үлкен қамқорлық жасауда. Бұрын автобус жүргiзушiсi болған кезiмде қорамда азын-аулақ малым болушы едi. Кейiн мал шаруашылығын отбасымызбен қолға алдық. Қазiргi таңда қорамда 60 iрi қара ұстаймын. 20 сауын сиырды келiнiм сауып, сүтiн фермаға өткiземiз. Мүмкiндiк туып тұрғанда қол қусырып қарап отыруға болмайды, еңбектену керек, – дейдi кәсiпкер.

Өз iсiне адал, еңбекқор, кәсiбiнiң нәсiбiн көрiп отырған Сайрамдағы келесi кәсiпкер – Адильша Кочиев. Ол да биыл жоғарыда аталған қаржы орталығынан 3 млн. теңге несие алыпты. Кәсiпке ден қойған Адильша бүгiнде 20 бұқа бордақылауда. Жеке кәсiпкер мал шаруашылығынан бөлек, егiстiк жерiне бидай өсiрумен де айналысады. «Қазiр жем-шөп бағасы қымбат болып тұр. Өзiмiз өсiрген бидайдың арқасында мал азығынан көп таршылық көрмеймiз. Егер жемшөптi түгел сатып алатын болсақ, шығынға ұшырайтын едiк» дейдi ол.

Келесi марапат иесi Манкент ауылдық округiне қарасты Аққала ауылының тұрғыны, «Арыстан» шаруа қожалығының иесi Рустам Юнусов 2012 жылы «Ырыстан» алған 9 млн. теңге несиеге мал бордақылау iсiн бастаған. Өзiнiң айтуынша, бордақылау мерзiмi малдың тұқымына қарай 3-6 айға дейiн созылады. Байлауда тұрған әр мал күнiне 700-800 грамға дейiн салмақ қосады. Жастығына қарамастан тiрлiктiң көзiн тапқан Рустамның шаруа қожалығында бүгiнгi таңда 350 бұқа, 50 жылқы бағылуда. Мал тұратын үлкен үш қорасы бар.

Ауыл шаруашылығына деген мемлекеттiң қолдауы мен жәрдемi осы қарқынмен жалғаса берсе, сала еңбеккерлерi алдағы уақытта бұдан да үлкен табыстарға жетерiне шүбә жоқ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499