Сейсенбі, 17 Мамыр 2022
Дабыл 9372 0 пікір 7 Желтоқсан, 2016 сағат 17:54

МЕЙІРГҮЛДІҢ ХАТЫ ҚАСЫМОВТЫ ҚАЛТЫРАТЫП ЖІБЕРДІ

Жалпы, «Нұр Отан» партиясы Бас Прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп қеледі. Аталған органдардың басшылары, орынбасарлары, депутаттар жыл бойы партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен қабылдау өткізеді.

Осы дағды бойынша «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне бүгін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов өзі келіп, өтініш айта келген халықты қабылдады.

Айта кетуіміз керек, осы қабылдаудың хабары шыққалы, телефонымызда тыным болған жоқ. Арқа мен Жетісудан неше жүздеген қандастарымыз қоңырау шалып, Көші-қон мәселесі, тұрақты тіркеуге тұрудың қиындығын айтып жалбарынды... Келген кауымның да қарасы өте көп болды. Солардың ең қомақты бөлімі ҚХР-нан келген этникалық қазақтар.

Олар сол тұрақты тіркеуге тұруда талап етілетін соттылығының бар немесе жоқ екені туралы АНЫҚТАМА-ның қиындығы және 2013 жылы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп асығыс қабылданған қатаң Заңның кесірінен әкімшілік құқық бұзушылыққа ұрынып, елден тысқары шығарылған туыстарының тағдыры туралы өтінішпен келіпті. 

Мысалы, Алматы қаласындағы №93 мектептің 3 «Ә» сыныбында оқитын 9 жастағы Мейіргүлдің әкесі Ұларбек пен шешесі Оралхан соттылыққа байланысты АНЫҚТАМА-ның кесірінен, визасының мерзімін өткізіп алғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық жазасына тартылып, елден шығарылған. Енді Ұларбек пен Оралхан Қазақстан Республикасына 5 жылсыз келе алмайды. Қарғадай қыз Мейіргүл Алматыда жалғыз қалған.

 – Қалмұханбет ата, мен секілді сіздің де немереңіз бар шығар. Маған көмектесіңізші, өтінем. Әкем мен шешеме және сондай кісілерге бір жолға рақымшылық жасаңызшы. «Нұр Отан» партиясына сол үшін Алматыдан келдім. Олар Қазақстанға тез қайтып оралсыншы. Мен оларды қатты сағынып кеттім!, - деп, Мейіргүл уәжін айтқанда, бүкіл елдің сай сүйегі сырқырап-ақ кетті. Министр де өзін қоярға жер таппай, қатты қиналды. Хат ұстаған қолдары қалтырап кетті....

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының депутаттық сауалына Полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы өз қолымен берген ақпаратқа қарағанда, 2015 жылы 307 этникалық қазақ елден тыс жерге шығарылыпты. 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты. Ал, 2014 жыл туралы дерек бермепті. Бұл жылы жазаға ұшыраған қандастарымыздың саны тіпті де көп болуы мүмкін.

Министр бұл мәселені шынында тездетіп шешпесе, қандастарымыз көшіп келгенмен, бәрі бір тұрақты тіркеуге тұра алмай, делдалдарға жем болып жатқаны жасырын емес. Көбі әкімшілік құқық бұзушылыққа ұшырап, соттың шешімімен келген еліне қайтарылуда. Бұл мемлекетіміздің, Елбасымыздың беделіне нұқсан келтірері де хақ!..

Сөйтіп, Мейіргүл бастап, қабылдауға келген қандастарымыз түгел өтініштерін айтып, жазбаша өтініштерін тапсырды. «Нұр Отан» партиясына, оның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкеновке, барлық қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.

Өз кезегінде біз де төмендегі үш өтінішті негізге ала отырып, мәселені шешудің тиімді жолын ұсындық:

1. «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаты» деген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің №992 бұйрығының  10 тармағының 7)-тармақшасына толықтыру енгізіп, «егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда;» деген бір ауыз ескертпе қостырсаңыз, Қытайдан келген қазақтар бұл қорлықтан құтылады;

(Мәселені осы жолмен ғана шешуге әбден болды. Себебі, кезінде осы №992 бұйрықтың «азаматтығы бар мемлекеттің жазбаша келісімі, ол кету парағы не шетелге тұрақты тұруға шығуға арналған рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде жүруі мүмкін (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында пана ұсынылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды және егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда);» деген 10 тармағының 4) тармақшасына да осы ескертпені қостырғамыз)

2. Қытайдан көшіп келіп, осы мәселеге байланысты тұрақты тіркеуге тұра алмай, визасының мерзімі өтіп кеткен барлық этникалық қазақтарды құқықбұзушылық жазасына тартпай, кешірім жасауыңызды өтінем!

3. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 000 қылмыскерге рақымшылық жасағалы жатыр. Қазақстан Республикасының ҚР Ішкі істер министрі мәртебеңізбен, ескі Заңның тым қатаңдығын ескере отырып, Сіздің де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бері Сот шешімімен елден тыс жерге шығарылған сол қандастарымызға бір мәрте рақымшылық жасатуыңызды сұраймын!

Егер, бұл мәселе 2016 жылдың аяғына дейін шешілмесе, БАҚ өкілдерімен баспа сөз мәслихатын өткізіп, Қытай Халық Республикасында тұратын этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына көшіп келмеуін мәлімдеуден өзге амалымыз жоқ екенін ауызша да, жазбаша да ескерттік!

Ескерту:

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы бұл мәселені толық түсінгенін, Соттылық пен Рақымшылық туралы мәселені Үкіметпен ақылдасатынын айтты.

Ауыт МҰҚИБЕК

07.12.2016

Астана

Abai.kz

0 пікір