Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 8672 0 пікір 7 Желтоқсан, 2016 сағат 14:49

ТАУЫҚ ҚОРА МЕН ШОШҚА ҚОРАДАН ШЫР АЙНАЛЫП ШЫҒА АЛМАЙ ЖҮРМІЗ. НЕГЕ?

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов ҚР Премьер-министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын сынға алды. Ауылшаруашылығын субсидиялауда алалау бар екендігін ашық айтқан Мәжіліс депутаты Үкімет басшысына «Жеріміздің 70 пайызы жайылымды жерлер бола тұра, халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны шыр айналып шыға алмай жүрміз. Неге?» деген сұрақ қойып отыр.

Депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында былай дейді:   

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы қызу талқыдан өтіп жатыр.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының ішінде мал шаруашылығының тиімділігін арттыру, өндіріс көлемін, экспорттық әлеуеттікті көтеру бар екендігін атап өту қажет. Алайда осы бағдарламаның мазмұнына үңілетін болсақ, бірқатар сұрақтар туындап отыр.

Мысалы, құс етін өндіруді субсидиялау 9 млрд. теңгеден 13,5 млрд. теңгеге, яғни 1,5 есе өссе, сонымен қатар ірі қараның етін өндіруге берілетін субсидия 10 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге, яғни 1,5 есеге кеміген.

Асыл тұқымды шошқа сатып алуды субсидиялау 16,5 миллионнан 315 миллион теңгеге, яғни 19 есеге артып отыр, ал асыл тұқымды жылқы сатып алуды субсидиялау 387 миллионнан 126 миллион теңгеге дейін, яғни 3 есе кеміген.

Сонымен қатар, ірі қара бағытындағы асыл тұқымды малды импорттау, сүт бағытындағы ірі қараның бұқаларын жеке шаруашылықта ұстау, бірінші деңгейлі мал бордақысына өгіздерді өткізу, мал азығын арзандату үшін мемлекеттік қолдау көрсетуден, яғни субсидиялаудан мүлдем бас тарту жоспарланып отыр. Бұл қалай? Бұл кімге қарсы жасалған шара? Ауылдағы қарапайым халыққа ма?

Күні кеше ғана Индустрияландыру күнінде Елбасымыз шет елден асыл тұқымды қара малды алып келудің аса қажеттігін атап өтті. 

Оның үстіне, жеріміздің 70 пайызы жайылымды жерлер бола тұра, халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны шыр айналып шыға алмай жүрміз. Неге? Ауылшаруашылығын жоғарыдағыдай алалаудың артында кім тұр? Мүмкін бұл саланы да қолдау керек шығар.  Бірақ атадан қалған кәсіпті - дәстүрлі мал шаруашылығын одан кем қоймауымыз керек қой.  Қашаннан бері қазақтың дастарханы үшін тауық қазы-қарта, жал-жаядан артық болып еді?..

Төрт түлік малды бағудан, өсіруден қазақтан асқан маман жоқ.

Қазақ ауылдарындағы бүгінгі күн көрістің көзі болып отырған, төрт түліктің негізі – жылқы мен ірі қараға бөлінетін субсидияның күрт төмендеуін қалай түсінуге болады?

Облыс орталықтарында шоғырланған ірі құс өндіретін фабрикалар, ірі шошқа фермалары, астық шаруашылығы қанша маңызды болса, шалғай ауылдарды, еліміздің асырап отырған мал шаруашылықтарының да әлеуметтік-экономикалық, керек десеңіз саяси маңызы өте үлкен деп санаймыз.

Осыған байланысты, болашақта іске асатын бағдарлама жобасында ауыл шаруашылығының барлық салаларына тең жағдай жасап, қазақи дәстүрлі мал шаруашылығын қолдауды төмендетпеуді сұраймыз.

Құрметпен,

Берік Дүйсембинов  -

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаты

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357