БАҚЫТЖАН ЕРТАЕВ: АҚИҚАТ ҚАШАН ДА ҮСТЕМДІК ҚҰРУЫ КЕРЕК!
Генерал-лейтенант, депутат Бақытжан Ертаев «Евразия.Эксперт» басылымына сұхбат беріп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде БАҚ-тың рөлі ерекше екенін айтты.
Мәжіліс депутаты әңгімесінің әлқиссасын журналистердің ұсақталып кетуінен бастаған екен.
- «Өсек шаң сияқты, жел тұрса, ұшып кетеді, ал өтірік лай сияқты жабысса, оңай кетпейді» деген сөзі бар. Өкініштісі қазір кейбір БАҚ өкілдері сол өтіріктің жолында жүр.
-Демек, сізді біздің елдегі БАҚ қызметі алаңдатады ғой?..
-Мені біздің бұқаралық ақпарат құралдарының кісі тағдырына, оның тұлғасына бейжай қарайтындығы алаңдатады. Көріп жүргеніміздей, көбіне нақақ жала жауып, кейбіреулердің мансабына, адами қасиеттеріне қарсы жұмыстар жасалуда. Біздің журналистер тек негативке байланып қалған, жақсы жақтарын жазбайды.Рейтингтің соңына түскен ТВ, электронды БАҚ, тіпті әлеуметтік желілер тек жағымсыз жаңалықтарды ғана жазады.
Әрине, сөз бостандығы болуы керек. Тек бір дүниені жазар, таратар алдында соның анық-қанығына жетіп алу қажет қой.
-Сіздің айтпағыңыз, біз қандай да бір материал жазар алдында ойланып-толғанып, оның ақыры елімізді неге әкеліп соқтырарын сараптап барып, жауапкершілікпен қараған дұрыс дейсіз ғой.
-Әрине, тап солай. Батыр – арды ойлайды.
-Сіз Халық қаһарманысыз. Генерал-лейтенант, белгілі әскер басшысы болдыңыз. Өміріңізде қандай да бір қиындықтар болды ма? Адам рухын әлсіретпеу үшін не істеу қажет? Адам өз шындығына сену үшін қандай болу керек?
-Менің өмірімде қиын кезеңдер болды, әрине. 2000 жылы МиГ саудасына қатысты дау болды. Оны бәрі біледі. БАҚ талай рет жазды.
Сонда мен өзімнің таза екеніме кәміл сендім. Мен шындық үшін соншалықты күресу керектігін білмеппін. Сол кез менің өмірімде бір сынақ кезеңі болды. "Басыңа іс түскенде нағыз достар жаныңнан табылады" дей ме?.. Дос деп жүрген азаматтар сол кезде менімен амандасудан қалды. Керісінше, қатты жақын араластығым жоқ азаматтар маған түсіністікпен қарап, қолдап жатты. Менің сондағы бар уайымым: «Егер мені қамайтын болса, мен мұны балаларыма қалай түсіндірем?» деген сұрақ болды.
Мені соттап жатқанда, менің қорғаушым сөзін батыр ағам Қасым Қайсеновтың сөзімен бастады.
«Егер Ертаевты соттайтын болсаңдар, мені, Қасым Қайсеновты бірге соттаңдар. Егер Ертаевты қамасаңдар, мені де бірге қамаңдар» деген сөз маған қатты демеу болды.
Сот болатын күні маған бір журналист сұрақ қойып, мен неге азаматтық формамен келгенімді сұрады. Мен: «Генерал атына кір келтірмеу үшін, мен бұл қиындықтан Генерал формасында шығатын боламын» дедім. Және солай болды.
-Сіздің ойыңызша, өз ісіне адал берілген танымал азаматтар төңірегіндегі дауда да сіз секілді жағдайда жүргендер бар ма? Сізді әлі күнге алаңдатып жүрген жайттар туралы айтып беріңізші.
-Бізде Отан алдында адал патриот азаматтар көп. Олар өз істерінің нағыз мамандары. Өкінішке қарай кейбір журналистер олар туралы қате пікір ұстанып алып, жағымсыз жағынан жазады. Дәлірек айтсақ, анық-қанығына жетпей жатып байбалам салады. Ол туралы бірдеңе түсіріп көрсету немесе жазу үшін оның жағдайын түсінгісі келмейді. Оның абыройына, оның қызметіне, оның ел дамуына қосқан үлесіне пысқырып та қарамайды.
Мен, қазіргі БАҚ-тан Мәдениет министрі туралы оқып-көріп жүрмін. Меніңше, бұл әдейі ұйымдастырылған шабуыл. Әлдебіреу, ол қыздан министрді қаралауды сұрағаны көрініп тұрды. Мені ойландыратыны, сол адам осындай қадамға барарда сол қыздың тағдыры не боларын ойлады ма екен?.. Біздің қоғамда біреуді нақақ қаралаудың соншалықты оңай дүние болғаны ма? Мені қуантқаны, министрдің адамгершілігі, адалдығы, шындық үшін күрескерлігі болды. Меніңше ол көпке үлгі көрсетті. Біздің министр кино саласына бөлінген халық ақшасын жымқармақ болғандарды әшкереледі ғой. Менің кеңесім, шындық үшін күресу керек. Ақиқат қашанда үстемдік құру керек.
Мен осы іс басталғанда не болар екен, не істейді екен деп бақыладым. Егер ол отставкаға кеткенде, менің оған деген сенімім мүлде жоғалар еді. Егер ол өз орнында қалса, оныкі дұрыс болғаны. Ол сол орынға лайық адам. Сондықтан, мен Арыстанбек Мұхамедиұлының отставкаға кетпегеніне қуандым және өзімнің қателеспегеніме сенемін. Оған қарап отырып, өзімнің де бір кездегі шындық үшін күрескенім есіме түсті. Мен генерал атыны кір келтірмедім.
-Жетекші басшылардың тәжірбесінің жоқтығы немесе жетіспейтіндігі сізді алаңдата ма?
-Иә, мысалы, жақында азаматтық және әскери техника өндіретін зауытты араладық. Сонда мен жаңа тағайындалған екі вице-министр де әскери адам емес деп айттым. Менің оларға еш қарсылығым жоқ. Тек бұлай болмауы керек. Бір вице-министр тәжірбиесі мол, әскери антына адал берілген, әр істің жайын білетін әскери адам болуы керек.
Осы жерде қайтадан Мәдениет министрін мысалға келтіремін. Ол Мәдениет пен спорт министрлігіне өз саласы бойынша келді. Тәжірбиесі де бар. Неге БАҚ осындай тақырыптарды жазбайды? Қарапайым ғана адам. Жақсы жақтары өте көп. Осындай азаматты қаралауға бейім. Ол өзінің ер екенін көрсетті. Оны қаралап жатқан БАҚ-пен дауласып, ақталып жатпады. Өзінің таза екенін дәлелдеп шықты. Қазір жұмысын жасап, қызметін аброймен атқарып жатыр.
-Сөз соңында, патриоттық тәрбиенің маңызы жөнінде, отанға, туған жерге, елге деген махабат туралы не айтасыз?
-Сіз нағыз керек мәселені көтеріп отырсыз. Бұл туралы көп айтуға болады. Қысқаша айтар болсам, патриоттық тәрбиені жан-жақты дамытуымыз керек. Бұл дегеніңіз – әскери тәрбие, отанға, елге қажет тәрибе...
Біз аға буын мен жастардың диалог құратын алаңын қалыптастыруымыз қажет. Балабақшалардан бастап жастар ұйымдарына дейін қамтуымыз керек. Біздің бай тарихымызды, ата-бабаларымыздың ерліктерін, батырларымыздың еңбектерін, олардың тарихтағы маңызды ролін түсіндіруіміз керек. Бізде білімді, саналы ұрпақ өсіп, жетіліп келе жатыр. Тек солардың туған Отанынан қол үзіп қалмауын тілеймін. Олар Отандық мүдде, Ұлттық мүдде бәрінен биік тұратынын біліп, жадына сіңіріп өсуі керек.
-Әңгімеңізге рақмет!
Abai.kz