«Тәуелсiз Қазақстан» пойызы Түлкiбасқа аялдап, Түркiстанға бет бұрды
Елордамыз Астана қаласынан 1-қарашада шыққан ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы құрметiне, республикамыздың шалғай аймақтары тұрғындарының игілігі үшін жасақталған «Тәуелсiз Қазақстан» пойызы қасиеттi Оңтүстiктiң шығыс қақпасы саналатын Түлкiбас стансасына келді. Құрамында бiрнеше министрлiктiң жетекшi мамандары, сарапшылар, заңгерлер, бiлiктi дәрiгерлерi бар қонақтарды аудан халқы ерекше ықыласпен қарсы алды.
Пойыз делегаттарының қатысуымен «25 жылдың белестерi» атты таныстыру дәрiсi, «Тәуелсiздiк тарихы – Ұлт тарихының өлшемi» тақырыбында зиялы қауым және ардагерлермен кездесу өттi. Сондай-ақ, штаб мүшелері халыққа құқықтық, медициналық кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламалардың бағытын түсіндірді.
Акция барысында аудан бойынша әртүрлi саладағы 120 адамға кеңес берiлiп, Түлкiбас поселкелiк емханасында қабылдау жүргізген дәрiгерлердiң қабылдауына жүгінгендердің қарасы көп болды. Оның ішінде науқас балаларын ерте келген ата-аналар да аз емес. Делегацияның құрамында 270 маман, олардың 70-тен астамы -медицина қызметкері.
Айта кетейiк, ауданда 110 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы, «Тәуелсiз Қазақстан» республикалық акциясының жұмысына 1650 адам қатысып, өздерiн толғандырып жүрген әртүрлi сауалдарына жауап алды.
Облыс әкiмiнiң орынбасары Ұ.Сәдiбеков делегация мүшелерiне облыстың бүгiнге дейiн жеткен жетiстiктерiн кеңiнен әңгiмелеп, қонақтарды Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерекесiмен, Тұңғыш Президент күнiмен шын жүректен құттықтады.
1,5 айдың ішінде еліміздің шалғайдағы 35 елдімекенін аралап шығуды межелеп отырған жылжымалы көмек керуені осылайша Түркістанға жол тартты.
Abai.kz