Оңтүстіктегі шаруалар, Солтүстіктің жерін игеруге мүдделі
Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың айтуынша «былтыр оңтүстік қазақстандық 70 отбасы облыс әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына тегін көшірілген. Ол азаматтар әкімдіктердің демеуімен жұмысқа тұрып, баспаналы болған».
Биыл да жыл басынан бері Оңтүстік қазақстан облысының бір топ шаруалары Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударын, жермен жұмыс істеуге ынталы екенін білдірген.
«Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жаңа тармақ енгізілді. Үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгілеп берді», – дейді Сәтжан Полатов. Мамандардың сөзінше, азаматтарды түстіктен теріскейге көшірудің демографиялық себебі де бар. Сәтжан Полатов бұл сөзіне «Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 миллионға жуық, ал Солтүстік Қазақстан облысында 6 жүз мыңдай ғана тұрғын бар» деген деректі уәж етеді. «Солтүстік Қазақстан облысының халқы көрші Ресейге және облыс орталығы Петропавлға көше бастаған. Ауылдарда адам саны азайғаннан соң мектеп пен бала бақшалар жабылып жатыр. Ол жақта жер кең, игеруге адам жетіспейді. Түпкі ой – демографияны көтеру, жұмыссыздықтың алдын алу», – дейді Сәтжан Полатов.
Солтүстік өңірге жұмыс күші көп аймақтардан азаматтарды көшіру мәселесі бұл өңірде «демографиялық ахуал нашарлап, халық санының азаюынан туғанын» Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Алма Махметова да растайды. «Былтыр көшіп келген тұрғындардың 27-сі жұмысқа жарамды, қазір 21-і жұмысқа орналастырылды. Барлық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде ауылшаруашылығы саласындағы жұмысшыларға қоса, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар, – дейді бас маман.
Abai.kz