Тексерулерді ашық әрі әділ жүргізбесек, бизнес-элитаны саяси ойынға еріксіз тартып алып жүрмейміз бе?
Серік ТҰРЖАНОВ, Қазақстан сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті:
– Бұл да мүмкін. Бір жағынан, топ-менеджерлердің елдің экономикасының дамуына көп еңбек сіңіргенін ешкім жоққа шығармаса керек. Сондықтан бұл істер әділ де ашық тексерілуі керек. Егер қателік жіберген болса, оны қайта түзетсін. Әрбір қазақстандықты түрмеге тоғыта берсек, кіммен жұмыс істейміз? Осылай кете берсе, кәсіпкерлік орта не күйге ұшырамақ? Қазір Парламентте «Жалған кәсіпкерлік туралы» заңжобасы қаралып жатыр. Бұл заң бойынша кәсіпкерлердің жалған немесе адал екендігін қайтіп ажыратады олар? Ол жағы түсініксіз. Майталман менеджерлерді қамай берсек, экономиканы алға сүйрейтін, мыңдаған адам жұмыс істейтін кәсіпорындарды кім басқарады? Сайып келгенде, менеджерлерді елдегі 100 мың шенеунік құртып отыр. Керек десеңіз, баяғы КСРО-ның да түбіне жеткен шенеуніктер ғой. Шенеуніктердің экономиканы билеуі жағымсыз құбылыс. Менеджерлерді қысып тастасақ, Қазақстанда әлгі 100 мың шенеунік қалуы керек пе? Не бітіреді олар?

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Дағдарысқа байланысты мемлекеттің экономиканы басқаруы пәрменді болып тұр. Бұл қазіргі кезде орынды жайт. Экономиканы национализациялау, мемлекеттік сектордың үлесін арттыру бізде ғана емес, әлемде жүріп жатқан құбылыс. Бірақ мемлекеттендірудің қолайсыз жағы бар. Онда мемлекет меншігін ұрлау көп кездеседі. Азды-көпті ұрлады екен деп, қыса беруге де және кешіре беруге де болмайды. Дағдарыс кезінде ел мүлкін ұрлау екі есе зауалды. Ал тексеру және тергеу жүргізудің елге жария етілмейтін өзіндік құпия жүргізілетін тәртібі бар. Ал сот ашық өтеді. Шетелде мынадай тәжірибе бар: егер бай-бағлан баласы қылмыс жасаса, жазадан құтыла алмайды. Ал кедей қылмыс жасаса, мүсіркеп, рақымшылық жасай салады. Ал бізде керісінше. Қоныштан басып, елдің малын ұрлайтын жабайы капитализм дәурені 90-жылдары өтіп кетті. Топ-менеджерлердің еңбегіне, кәсіби біліктілігіне ешкім шәк келтірмейді. Бірақ мәселе кәсібінде емес, тәртіпте. Кім де болсын қылмысы дәлелденсе, әділ жазасын өтеуі тиіс. Ал бұдан бизнестің климаты нашарлап кетпейді.
Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты:
– Сыбайлас жемқорлықпен күреске байланысты тек кәсіпкерлердің ісі ғана емес, барлық саладағы заңбұзушылықтар мен күдік туғызған жайттар, тіпті басшылардың қателіктері құзырлы органдар тарапынан тексеріліп жатыр. Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде 99 пайыз азаматтар 1 пайыз жемқорлармен күресуі керек деп атап өткеніндей, адам баласының дүниеқоңыздық, пендешілік құлықпен, жемқорлықпен бүкіл ел болып күресу керек. Осындайда тексеріп, қамап жатыр екен деп жұртқа басқаша түсіндіріп, құр байбалам салатын пиғылы бөтен адамдар табылып қалады. Оңтүстік Қазақстан облысында жекелеген шаруалардың жалған құжатпен субсидия жымқырып алғаны туралы жұрт естіп-біліп жатыр. Меніңше, тексерулер мен айыптаулар әділ де ашық болғаны жөн. Қылмысы дәлелденсе, жазасын мойнымен көтеруі керек. Кәсіпкерлер болсын, кез келген салада болсын жегі жемқорлыққа жол бермеу үшін қолданыстағы заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажет деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл