1 желтоқсан - жалпыға ортақ мереке.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Жалпыға ортақ мереке.
Президенттік институт алғаш рет АҚШ-та тағайындалып, енгізілгені белгілі. Әлемнің көптеген елінде президент лауазымы бар. Бұл – өміршең институт. Сол АҚШ-ыңызда 1880 жылдан бері Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне белгіленген Президент күні жыл сайын аталып келеді.
Қазақстанда да Тұңғыш Президент күні ресми мереке ретінде атала бастады. Мемлекет басшысының бір сөзі бар: – Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақкөңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені «ұлым» деп, «перзентім» деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу БАҚЫТЫН бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын!
Тәуелсіздік ұғымы – қазақ үшін қастерлі. Тәуелсіздік – Тәуекел деген ұлттық ұғымға толық сай келетін құбылыс. Қазақ «Тәуекел ет те тас жұт» дейді. Елбасының осынау 25 жыл мұғдарындағы атқарған ауқымды қызметін бағамдайтын болсақ, ең алдымен осы Тәуекелге арқа сүйегенін аңғарамыз. Қай қазақтың баласына толыққан тәуелсіз мемлекет құру бақыты бұйырды расында?!. Бұрын сорабы белгілі, соқпағы бедерлі жолмен жүрсек бір сәрі. «Күн сөнгенше, сөнбейді» деген КСРО бір күнде күйреп сала берді. Шырмауықтай шырмалған жоспарлы экономиканың белбеуі быт-шыт үзілді. Қазақстанға қарасатын ешкім қалмады...
Бәрін де тыңға түрен салғандай жаңадан бастауға тура келді. Аспан ұғымымен салғастыра қарайтын болсақ, Тәуелсіздік – Темірқазық жұлдызы іспеттес. Ол бір орнынан ешқашан өзгермейді. Өзгерген де емес. Мемлекет басшысының ә дегенде ұстанған екі бағыты – Демократия мен Нарық, Темірқазыққа байланған Ақбозат пен Көкбозат секілді. Уақыт Елбасының ең дұрыс таңдауды жасағанын дәлелдеді.
«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» депті Абай. Президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекет құру жолындағы іс бастауы оңынан болды. Аз уақытта ғасырға татырлық жұмыстар атқарылды. Шекара шегенделді. Төл теңгеміз айналымға түсті. Елдің қорғаныс қуаты артты. Ішкі-сыртқы саясаттың бәрі оңғарылды. Атом аждаһасының ошағы жабылды. Астана қаласы салынды. Санай берсек бір адам емес, мың адамның атқарар ісінің бастауы шыға береді.
Жарықтық Абай өзінің 41-қарасөзінде «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолды үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қып үйретсе, бұл аталары қартайып сөзден қалғанша түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағылым берсе, сонда түзелер еді» деп кеткен екен.
Абайдың айтып отырғаны – осы күнгі тілмен айтқанда, президенттік биліктің нақ өзі емес пе?!. «Жарлық қолында бар кісі» деген – президент лауазымы ғой. Демек, Абай – данышпан! Тәуелсіз Қазақстан Республикасында толыққанды жүзеге асырылған реформалар мен ауқымды, өзекті іс-шаралардың барлығы да негізінен алғанда Елбасы Жарлығымен атқарылды.
«Балаларды дұрыс жолға салу» тұрғысындағы Абай өсиеті Мемлекет басшысының Жарлықтарымен жүзеге асырылды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасын айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы, Абай айтқан «дүниеде көп есепсіз ғылым жолдарын» игеру емес деп кім айта алады?!.
Тұңғыш Президент күні – тарихи таңдау күні! Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекемделген барша қазақстандықтардың ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні!
Елбасының өз сөзімен айтқанда, «Біз үйренуші елден – үйретуші елге айналдық». Қазақтың аты қалың әлемге мәлім болса, оны мәшһүр еткен Тұңғыш Президент. Қазақ халқының әрдайым мәртебесі биік, мерейі үстем бола берсін!
Нұртөре ЖҮСІП
дереккөз. Аikyn.kz