Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 3944 0 пікір 28 Қараша, 2016 сағат 13:36

ЕЛБАСЫ һәм ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ

Елбасы Қазақстан билiгiне келгелi берi мәдениет саласын назардан бiр сәт таса еткен емес.  «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.  Ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерi Президент стипендиясын иеленiп, арынға арын қосып келедi. Жалпы, бүгiнде саладағы жетiстiктердiң барлығы Елбасының есiмiмен тiкелей байланысты. 

Тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн, әсiресе, 1990—2000 жылдар аралығында ел мәдениетi үшiн жаңа кезең басталды. Руханиятымыз қайта түлеп, тарих тасасында қалған барлық мұраларымыз Елбасы бастамасымен аршыла бастады.     

Алғаш нарық жылдары жекешелендiруге байланысты мәдениет және өнер мекемелерiнiң есiгiне қара құлып салынып, шетiнен  жабылды. 1995—1998 жылдары клубтар мен кинотеатр, кiтапхана ғимараттары жекешелендiрiлдi. Ал, осы кезеңде тәуелсiз елдiң  мәдени-рухани келбетiн дамытуға жаңаша жол таңдалды. Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев 2000 жылды «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жариялауына байланысты  салаға  тиiстi қаржы көздерi қарастырылып, қолдау көрсетiлдi. Жабылған мәдениет үйлерi мен кiтапханалар кезең-кезеңiмен қалпына келтiрiлiп, қайта жұмыс iстей бастады.

Халқымыздың мәңгiлiк құндылығы --- ел тәуелсiздiгi бiзге ең бастысы бейбiт аспан  астында өмiр сүру бақытын сыйлап қана қойған жоқ. Жиырма бес жылдың iшiнде халықтың әл-ауқаты көтерiлiп, төл мәдениетiмiз бен мемлекеттiк тiлдi жаңғырту iсiнде қыруар жұмыс атқарылды. 1991 жылы облыста небәрi 1713 нысан болса, бүгiнде өнер ордасы ең көп өңiр болып табылады. Тәуелсiздiк жылдары театр саласына нақты қолдау көрсетiлiп, облыста төрт кәсiби театр ашылды. Әсiресе, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшiп,  академиялық мәртебе берiлгенде өнерсүйер қауымның қуанышында шек болмады. Елбасының ақ батасымен  ашылған Түркiстан қаласының сазды-драма театры, облыстық өзбек драма театры, облыстық опера және балет театры, облыстық әзiл-сықақ және сатира театры өмiрге келдi. Соның аясында «Театр көктемi» фестивалi өткiзiлiп, елiмiздiң басқа облыстарына, шетелдерге гастрольдiк сапармен шығуға мүмкiндiктер жасалды. Бүгiнде облыстағы сегiз кәсiби театрда жыл сайын  орта есеппен 2500-ге жуық спектакль қойылып, 330 мыңнан  аса көрермендi қамтып келедi. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның жаңа ғимараты да   Елбасының қатысуымен ашылған. Өнерпаздары жыл сайын 180-нен аса концерт қойып, 60 мыңға жуық көрерменге қызмет етiп келедi. Халықаралық өнер байқауларына қатысып, облыс қана емес,  ел мәдениетiнiң даңқын аспандатып  жүр. Қаңтар айында Алматы қаласында өткен халықаралық би фестивалiнде «Қазына» би ансамблi бас жүлденi иелендi. Ал, «Тұмар» фольклорлық ансамблi ОҚО мен Австрия мемлекетiнiң Каринтия федералдық жерiмен  өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында өтiп жатқан  iс-шарада өнер көрсеттi. Түрлi байқау-фестивальдер, концерттер, салтанатты iс-шаралар  ұйымдастыратын 1300 орынды «Түркiстан» сарайы пайдалануға берiлдi.

 Елiмiздегi төртiншi цирктiң Шымкентте салынуы да бекер емес. Әрбiр төртiншi сәби Оңтүстiкте дүниеге келетiнiн ескерсек, балалардың бос уақытын ұйымдастыру,  рухани тәрбие берудiң тетiгi тиiмдi ойластырылған. «Оңтүстiк-Цирктiң»-тiң шығармашылық ұжымы «Алақай-балақай», «Таңғажайып керуен», «Ертегiлер елiнде», «Наурыз-Думан» бағдарламаларын ұсынып, кiшкентай  көрермендердiң ғана емес, сиқырлы өнерге қызығушылардың көңiлiнен  шығып жүр. Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығында салынған өнер орталығының әртiстерi небәрi бес жылдық  тәжiрибеге қарамастан былтыр халықаралық «Шабыт» фестивалiнде «Цирк» номинациясы бойынша  I орынды иеленiп, «Шабыт» медалiмен марапатталды. Ал, биыл IХ халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалiнде II орынға лайық болды.

Облыстың жиырма бес жылдағы белесi,  мәдени дамуына қатысты деректi фильмдер «Оңтүстiкфильм» мекемесiнiң киномұрағатынан табылады. Ұлттық дәстүрдiң уызына қандыратын,  балаларға арналған  анимациялық және көркем фильмдер түсiруде де аталмыш мекеме үнемi шығармашылық iзденiсте.  

Халық шығармашылығын  насихаттау,  iс-шараларды жаңа формада өткiзу, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында   байқау-фестивальдер ұйымдастырылуда. «Арай» жас эстрада әншiлерi мен iс-шара жүргiзушiлердiң байқауы, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауы,  «Мәңгiлiк ел» патриоттық әндер фестивалi, «Наурыз»  ақындар айтысы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  өнер фестивалi,  «Театр көктемi»   театр фестивалi,  «Жiбек жолы айшықтары» ұлттық киiм дизайнерлерiнiң  байқау-көрмесi,  «Күй құдiретi» күйшiлер байқауы, «Арыс жағасында» ретро-фестивалi мен «Менiң Қазақстаным» ән байқауы, «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының байқауы, «Мәдениетiм — мерейiм» өнер фестивалi --- тәуелсiздiк жетiстiктерi.  Тәуелсiз елдiң таланттарын  танытқан  байқаулар халықаралық додаларда бәйгенi қолдан бермес жүйрiктердi баптап  шығаруда. Атап айтқанда,  жас әншi Карина Нажмеддинова  Эстонияда өткен халықаралық II «Soprus» байқауында бiрiншi орынды иеленiп, шiлде айында Италияда өткен  «Сан оф Италия» фестиваль-байқауында  бас жүлде алды. Ташкент қаласында өткен халықаралық ақындар айтысында дәстүрлi өнер намысын  қорғаған айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков бас жүлденi жеңiп алды. Әншi Әйгерiм Темiрбекова  Париж қаласында шiлде айында өткен «Париж ырғағы» байқауында бас жүлденi иелендi. 

  Мемлекет басшысы ұлттық басылымдардың басшыларымен болған бiр кездесуiнде: «Бiз Тәуелсiздiктi жыл сайын, ай сайын ғана емес, күн сайын, тiптi сағат сайын қорғауымыз керек» деген болатын. Расында,  «Ең алдымен – ел қамы, содан кейiн – қалғаны» деп Қадыр ақын айтқандай, алдымен Тәуелсiздiгiмiздi қорғау бағытында тиiстi бағдарламалар  қабылданып,  жүзеге асты. Президенттiң қолдауымен 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында облыста мәдени мұраларымызды жинақтап-сақтау, зерттеу мақсатында Түркiстан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталық, «Руханият-Әбу-Насыр әл-Фараби», «Хакiм Абай», «Ерлiк», облыстық бейнелеу өнерi музейi салынды. Ешбiр облыста салынбаған әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi орталық ашылып, Шымкенттегi «Наурыз» алаңында жаңадан салынған облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң  ғимараты пайдалануға берiлдi. Өз кезегiнде тиiмдi жағдай жасалып, жаңа ғимаратқа қоныстанған  мәдениет қызметкерлерi  жұмыстарын  жаңа серпiнмен  атқаруда. Бүгiнде музейлер жыл сайын орта есеппен 6 мыңнан аса жаңа экспонатпен толықтырылып, жалпы қоры 164 417 дананы құраған. Республикалық «Мәдени мұра»  бағдарламасы аясында  облыстағы   31 қала құрылысы және сәулет ескерткiшiне  реставрациялық жұмыстар жүргiзiлдi. 135 монументтiк және мемориалдық ескерткiш орнатылды.

Шынында, дүние — аққан су. Экономикалық қиындықтар, дағдарыс бұған дейiн де әлемдi сан шарпыған, әлi талай болады. Өз ырқымен жылжи беретiн, өзгере беретiн дүниедегi бiздiң өзгермес бiр ғана құндылығымыз бар. Ол – Тәуелсiздiк! Тәуелсiздiк толғауы – елiмiздiң кемел келешегiне ұмтылыстан туған ұлы мұрат жолы. Елбасы айтқандай, Тәуелсiздiк рухы – осы жылдарда дүниеге келген әр сәбидiң жүрегiнде, кiрпiшi қаланған әр үйдiң төрiнде, әр шаңырақта бүр жарды. Сондықтан Тәуелсiздiгiмiзден қастерлi, аялы ештеңе жоқ.  Осынау құндылық шежiресi Оңтүстiкте  «Қазыналы Оңтүстiк» көптомдығына қатталып,  311 томы жарыққа шықты.

2000 жыл «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жарияланғаннан бастап облыста жабылған кiтапханалар жыл сайын қалпына келтiрiлiп, бүгiнгi күнге дейiн 116 кiтапхана ашылған. Оның iшiнде теңдесi жоқ рухани орталық «Отырар» кiтапханасы бой көтерiп, оқырмандарға қызмет етуде. Түркiстан қалалық орталық кiтапханасының жаңа ғимараты, Түркiстан қаласындағы түркiтiлдес халықтардың кiтапханасы салынды. Сарыағаш аудандық орталық кiтапханасына типтiк үлгiдегi жаңа ғимарат салынуда. Облыс кiтапханалары жыл сайын орта есеппен 500 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетiп, 180 мыңнан астам жаңа кiтаппен толықтырылып, кiтап қоры 7 млн. 389 мың данаға жеттi. 163 кiтапхана компьютерлiк техникамен қамтамасыз етiлiп, 116-сы интернет желiсiне қосылды. «Отырар» кiтапханасынан сирек кiтаптар бөлiмi ашылып,  3334 кiтаппен толықтырылды. Қазiргi таңда сирек кiтаптар бөлiмiнiң қорын электрондық нұсқаға көшiру жұмыстары жүргiзiлуде.+

 Бүгiнгi таңда облыста 730 мәдениет және өнер мекемесi халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Мәдени шаралардың саны ғана емес, сапасы да  артқан. Ал, биылғы мәдени iс-шаралардың көбiсi ел  Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына  арналуда.        

Жиырма бес жыл --- үлкен өмiрге ендi ғана қадам басқан  жiгiттiң жасы. Ендеше, көрерменге құр қуаныш  сыйлау емес, мәдениет туын  биiктен  желбiретудi қалайтын Оңтүстiк өнерiнiң алар асуы,  жетер биiгi әлi де алда.

Асылхан ТЕМIРХАН, ОҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019