Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 5202 0 пікір 28 Қараша, 2016 сағат 12:56

Макс Боқаев пен Талғат Аянов бес жылға сотталды

Бүгін №2 Атырау қалалық сотында Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты үкім шықты. Сот үкіміне сәйкес, М.Боқаев пен Т.Аянов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Сотта төрағалық еткен судья Г.Дәулешова оқыған үкімге сәйкес, Макс Боқаев пен Талғат Аянов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 174 бабы 2 тармағы, 274 бабы 4 тармағы және 400 бабына сәйкес, сот М.Боқаев пен Т.Аяновты кінәлі деп танып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, үш жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады», - деді Г.Дәулешова.

Атап өтсек, атыраулық белсенділерге ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу бойынша айыптар тағылып, басты сот отырысында айыптар дәлелденді.

Еске сала кетсек, аталған қылмыстық іс бойынша басты сот процесіне куәгер ретінде қатысқан Тоқтар Төлешов Атыраудағы жер митингілерін қаржыландырғанын мойындады. Шымкенттік кәсіпкер одан Т.Аянов 150 мың доллар сұрағанымен, белсендіге 100 мың доллар жібергенін растады. Төлешовтың көмекшілері Аяновқа ақшаны қалай жеткізгенін сот отырысында әңгімелеп берді. Айта кету керек, Аяновқа ақша жіберген Төлешовтың қызметкерлері жауап берген кезде Аянов та, Боқаев та шындықты біліп қояды деді ме, отырысты өткізуге кедергі келтіріп отырды. Мәселен, М.Боқаев ауырып тұрмын деп шу шығарса, Т.Аянов аштық жариялап, сотқа қатыспайтындығын жеткізді. Макс Боқаев та маңызды куәгерлер жауап берген кезде сот отырысына қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, сот отырысында Аяновтың қаржының бір бөлігін, яғни 50 мың долларды жоспарланып отырған ұзақ мерзімді жаппай толқулар кезінде қатысушыларға тамақ пен «палаткалар» алу үшін жұмсауды көздегені анықталды.

Басты сот отырысында Атырау қаласы әкімдігінің қызметкерлерінен де жауап алынды. Куәгерлердің айтуынша, Боқаев пен Аянов 24 сәуір күні Исатай – Махамбет алаңында шеру өткізу туралы әкімдікке арыз жазған. Әкімдік Т.Аяновқа жиналыс өткізіп, митингке рұқсат бермейтінін жеткізген. Жазбаша жауап та берген. Қызметкерлер Исатай-Махамбет алаңы бейбіт шеру өткізуге белгіленбеген жер екендігін айтып, олар митинг өткізген жағдайда жауапкершілікке тартылатынын да ескерткен. Одан кейін Аянов пен Боқаевтан әкімдікке 21 мамыр күні митинг пен концерт өткіземіз деп тағы бір арыз келіп түскен. Қала әкімі Н.Ожаев М.Боқаев пен Т.Аяновты шақырып, тағы түсіндіру жұмысын жүргізіп, рұқсат бермеген. М.Боқаевқа оның мемлекеттік жер комиссиясының құрамына алынғаны айтылғанымен, белсенді комиссия отырысына қатысудан бас тартқан. Боқаев та, Аянов та алдын ала келісіп қойғандықтан сол күні бәрібір митингке шығатындарын айтқан.

Сот отырысында сондай-ақ, митингке қатысқандар куәлік етті. Отырыста жауап берген куәгерлердің барлығы митинг туралы жұмыс орындарында, ғаламторда, оның ішінде Facebook әлеуметтік желісінен, WhatsАpp арқылы естігендіктерін жеткізді. Олар әсіресе М.Боқаев пен Т.Аяновтан «Қазақстан жері Қытайға сатылады» деген мазмұндағы түрлі ақпарат пен видеоның келгендігін айтты. Куәгерлердің көбі Қазақстан жері Қытайға сатылады дегенді естігендіктен ғана митингке еш ойланбастан шыққанын жеткізді.

Сот отырысында Талғат Аянов адамдарға түрлі ақпарат жібергенін мойындады. «Мен адамдарды шақырмасам, митингке ешкім келмеуші еді. Мен оларды шақырдым, оны мойындаймын», - деді Аянов.

Отырыста арнайы сарапшылар да куәлік етіп, олар жасаған сараптамаларының нәтижесімен таныстырды. Сондай-ақ, қылмыстық іске қатысты заттай айғақтар қаралды. Айғақтар ретінде жарияланымдар, скриншоттар, видео, фотосуреттер, телефон сөйлесулері мен жазбалары, және де басқа да материалдар зерттелді. Оларға сәйкес, М.Боқаев пен Т.Аянов таратқан мәліметтің билікке қарсы бағытталғаны, ұлттық алауыздық тудырып, шеруге шақырғандығы дәлелденді.

Басты сот отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінен де жауап алынды. Олардың мәліметінше, шетел азаматтарына, шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына, оның ішінде Қытай Халық Республикасына жер учаскелерін беру мәселесі мүлде қозғалмаған. Яғни, бұл М.Боқаев пен Т.Аяновтың таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын білдіреді.

Сондай-ақ, сот процесіне оппозиция серкелері Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбайұлы қатысты. Г.Ерғалиева журналистерге берген сұхбатында Боқаев пен Аянов кәніларын мойындап, процессуалдық келісімге келу тиіс деп мәлімдеген болатын. Отырысқа сондай-ақ, белсенділер Евгений Жовтис, Зәуреш Батталова мен бірнеше шетелдік бақылаушы қатысқанын атап өткен жөн.

Талғат Аянов болса, жауап алу кезінде жерді шетелдіктерге жалға беру туралы естігенде митинг ұйымдастыру туралы ой келгенін айтты.

«Заң шілде айында күшіне енетінін естігендіктен, мен өзім митингті Атырауда ұйымдастыруға арыз жаздым. Максқа барып, Макс сен келіссең, осы арызға сен де қол қой деп өтіндім. Митингке арыз бергеннен кейін, митинг өткізуге рұқсат бермегенге дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Мен қала әкімдігі жиналысында әкімдік қызметкерлеріне митинг өткіземін, егер митинг жасағаннан мені жауапкершілікке тартатын болса, мен жауапкершілікке тартылуға дайын екенімді айттым, мен бұны қазір де осы жерде айта аламын», - деген еді Талғат Аянов.

Т.Аянов митингте пайдаланылған плакаттарды өзінің ұйымдастыруымен әзірленгенін де айтты. Аянов сондай-ақ, митинг кезінде сөйлеген адамдардың сөзінде сыни көзқарас болғанын мойындады.

«Жер сатылайын, жалға берілейін деп жатқанда менің жеке өз басым ең әсерлі, «эффектілі» деп осы митингті санадым. Бұл да диалготың бір түрі. Мен Атырау қаласындағы митингті ұйымдастыруға қатыстым, ұйымдастырдым. Мен айыпталып жатқан баптарды жақсы білем, барлығы түсінікті. Оған сот өзінің бағасын берсін», - деген еді сот отырысында Т.Аянов.

«Т.Аянов айтқандай, митинг өткізу идеясы Талғаттікі болды. Дегенмен, митингті өткізу датасын, яғни 24 сәуірді бірге белгіледік. Мен митингке өз наразылығымды білдіру үшін шықтым», - деді жауап алу кезінде М.Боқаев.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Марат Хабибуллин Боқаев пен Аяновқа тағылған айыптардың толық дәлелденгенін айтып, соттан М.Боқаев пен Т.Аяновты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Десек те, бүгін бұл іске нүкте қойылып, Макс Боқаев пен Талғат Аяновты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019