Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 47942 0 пікір 12 Қыркүйек, 2010 сағат 13:20

Ырысбек Дәбей. «Қалың елім, қазағым...» «Абайдан соң...»

«Сақалына сары шіркей ұялап, миығына қара шыбын балалап» қу басы құла түзде қалған қазақтың жан дүниесіне үңіліп, көз жасын бұршақтай төккен әулие Абайдың «жарлылық, жалынышты жаутаң көздік» жайлаған жұртынан алыстағалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақ мұңы, жүрекке қатқан шер-шемен тарқамады. Абай жасаған портрет - «мұрты аузына түскен» ұсқынсыз қазақ уайымы «жасасын азаттық!» - деп, бөркімізді аспанға атқан заманда да айықпады. Неге? Сауалымызға жауап іздестіріп алыс-жақынға қоңырау шалған едік...

 

Омар Жәлелұлы: Елдік сананың ескерткіші

 

«Сақалына сары шіркей ұялап, миығына қара шыбын балалап» қу басы құла түзде қалған қазақтың жан дүниесіне үңіліп, көз жасын бұршақтай төккен әулие Абайдың «жарлылық, жалынышты жаутаң көздік» жайлаған жұртынан алыстағалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақ мұңы, жүрекке қатқан шер-шемен тарқамады. Абай жасаған портрет - «мұрты аузына түскен» ұсқынсыз қазақ уайымы «жасасын азаттық!» - деп, бөркімізді аспанға атқан заманда да айықпады. Неге? Сауалымызға жауап іздестіріп алыс-жақынға қоңырау шалған едік...

 

Омар Жәлелұлы: Елдік сананың ескерткіші

 

«Қалың елім қазағым қайран жұртым» деген өлең сол кездегі қазақтың рухани ахуалынан  хабар беретін өте бір терең талғамды өлең.  Қарап отырып бұл өлеңнен Абайдың ұлттық, елдік санаға көтерілген даналығын аңғарамыз. Хакім «Қалың елім қазағым қайран жұртым» дейді, «қайран тобықтым», «қайран арғыным», «қайран орта жүзім» демейді. Міне, осындай санаға көтерілген ғұламаның ойы өте өзекті. Неге?  Өйткені бүгін біздің қоғамда ондай сана жоқ. Ел болу үшін жұртым десе қабырғасы қайысатын адамдар керек-ақ. Өкінішке қарай ондай адамдар өте аз, санаулы ғана. Ұлттық идеологияға идеал болатын адамдарды насихаттау, Абайды насихаттау, «қалың елім» деп айта алатын адамдарды көтермелеу, әр кез соларды ел ішнен тауып, мәсілихат құру бізде жоқ. Бүгінгі Рулық, тайпалық деңгейде қалып қойған адамдарды сынау, заманға сай келмейтін пасық әрекеттерді басып-басып айту - дәуір талабы. «Жауырды жаба тоқып» жүре берсек, жаңағы Абай айтып кеткен жағдайдан түзелуіміз өте қиын. Хакімнен алатын ең үлкен сабақ - елдік сана. Кейбір адамдарда  «Абай қазақты сынай береді, сынай береді. Абайды оқыған қазақтың баласы түңіліп кетеді» деген ұшқары пікір де қалыптасқан. Хакімнің қазақты сынауында қазір бізде жоқ, бізге жетіспейтін ұлы махаббат жатыр. Жұртын шын сүйген адам ғана оның кемшілігін көріп, түзелсе екен деп, жанына батырып-батырып айта алады. бар. Шәкәрім атамыз «сөккенің болсын - сүйгенің, достығың болсын - күйгенің, ащы тілмен тигенің, жоғалсын деп міндері», - деп, Абайдың тағылымын жалғастырды. Бұл өлеңдерде маймөңке жоқ, бітеу жараны іреп жаратын қылпып тұрған ащы сарказм, ащы мысқыл бар. «Ащы сия  долы қол, не жазып кетті жайы сол. Өкпелесең өзің біл», - деген ғұламаны «қазаққа өкпелейді екен», - деген теріс пікірге таңғанымыз «баяғы жартастығымыз». Жаратушыны таныған, Алланың хиқыметін сезген адамдарда бүгілу, маймөңкелеу, кібіртіктеу болмайды. Тура тартады. Шәкәрім абыздың «жақсы адам мінін айтса кектене ме» дейтіні сол. Бізге бабаларымыз айтқандай кемшіліктерімізді түзеу жетіспейді. «Құлға құл десең -, өлгісі келеді, биге құл десең күлкісі келеді», - дейді қазақ. Рухани жағдайымыз сондай қазір. Біз Ресей империясының құлы болған адамдармыз. Сынды көтере алмайтындығымыз, теріміздің тарлығы, шатынап шыға келетініміз құлдық психологияның көріністері. Сынаған адамның жағасына жармасып, ғұмыр бойы кектесіп өтетініміз сол құлдық синдромдар қалдығы..

Бабаларымыздың «бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген пәлсапасы бар. Қазақ «елі иесіз, жері киесіз» болмаған, хандары, сұлтандары, билері бар бағулы халық болған. Бағулы деген сөздің ар жағында бағы бар, сол халықтың бағын бағатын адамдар болған деген мағына жатыр. Абайдың заманында хакімнің меңзегені «осы халықты бағатын адамдар болмай қалды, халық бағымнан кетті» деген жанайқай. Мұсылман дінінде мұртты тәрбиелеп, баптап отырады. Мұрт ауызға түссе, харам делінеді. Бұл жерде хакім символикалық түрде халықтың бұрынғы бағымын айтып отыр. Халықты баққан бұрын. Оны оттан, судан сақтап, моральдық ахуалын түзеп, кері кеткеніне жол нұсқап отыратын бағбандары болған. «Енді заман өзгерді, қазақ бағбандарынан айырылып қалды, мұрты аузына түсіп кетті» дейді абыз. Осы бір сөздің өзі сол кездегі қазақтың рухани ахуалынан хабар беріп отыр. Бәрібір сол кездегі қазақтың ұяты бар екен. Абай жасаған рухани қысымнан Алаш қозғалысы пайда болды. Хакімнің рухани динамикалық қысымы жеміс берді. Неге? Кенесарының басы кесілгеннен кейін, орысқа қарсы қарулы күрестің нәтиже бармейтінін Абай түсінді. Енді көтерілістің бағытын өзгерту керек. Рухани көтеріліске шығу керек. «жауыңның тілін біл, орыстың тілін үйрен, сонда олармен теңесесің. Сонда отарлықтан құтыласың» деген үндеу тастады ұлы ақын. Бұл эстафетаны Алаш зиялылары іліп әкетті. Сол кездегі қазақтың сапасының (Абай сынаған қазақтың) қазіргі қазақпен салыстырғанда жер мен көктей парқы бар. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей жағдайдамыз қазір. Абай сынаған қазақ тілін, ділін жоғалтпаған еді ғой. Ал, қазіргі кезде Абайдың тілі түгілі қарапайым әдеби тілді түсіндіріп, иландырып айтатын адамдардың өзі санаулы. Қазіргі рухани жағдайымыз Абай сынаған кезеңнен де кері кетті. Оны айту керек. Қазақтың «жамандықты айтса кетеді» дегені бар емес пе..  Немістің Құдай туралы поэма жазған ұлы ақыны Гиолдрлин «адамзатқа ақырзаман керек» деп айтқан екен. Осы идеяның жүлгесін қуаласақ, ақырзаман таяған кезе де қоғам әбден іріп-шіріп, шегіне жеткен кезде рухани өрлеу басталады екен. Абайдың жасаған жұмысы осы. Арам шөпті өртегендей қазақтың санасын жаңғыртты. Әйтпегенде бойкүйез халық: «Е, алдымызға салған бес-алты малымыз бар, Құдайға шүкір біз де ел екенбіз ғой», - деп тоқмейілсіп жүре беруші еді. Дәл қазір бізге сананы сілкіндіретін сондай идеология керек-ақ. Құлдық санадан айығу керек, ескі мерездерден арылу керек. Өкініштісі, біз қазір көп нәрсені айтпаймыз. Үйткені «бәрі жақсы» бізде. Алданған, қорланған ұрпақ өсіп келеді. Абайдың заманы отаршылдықтың енді басталған кезі болса, жүз елу жыл өткеннен кейін құлдықтың қамытын милықтыра киген халықтың ұрпағымыз біз. Жағдайымыз ауырухананың жан сақтау бөліміне түскен ауыр науқас адамдікіне ұқсайды. Бізге абзал жандар керек. «Жаманды жаман десең, жасып кетеді, тентекті тентек десең, шашып кетеді» демекші, рухымызды көтеретін идеология ауадай қажет. Көрші халықтарда: «ауырудан жазылу үшін науқас екеніңді мойындауың шарт» деген тәмсіл бар. Өзіміздің жұрт: «ауыруыңды жасырғаныңмен, өлімің әшкері» дейді. Жеке адамнан бастап мемлекетке дейін рухани ауыруға шалдыққаныңды, құлдық психологияның шырмауына түскенімізді неге мойындамаймыз? Қытайлар: «Кім өзінің ауру екенін білсе, енді ол ауыру емес»,- деп. Біз кемшілктерімізді мойындап, түзелуге күш салғанда ғана арыламыз бұл дерттен.

Тағы бір мәселе біздің рухани тұтастығымызға түскен сызат.  Қазақ бір Алла, аруақ деп өскен, біртұтас халық еді ғой. Абайдың «ренжіген қазақ басыма шаш қойып, мұрт қойып шоқынып кетпесем бе» деп қорқытатыны бар дейтіні бар емес пе. Міне, мұсылмандықтың деңгейіне қараңыз. Қазіргі кезде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, қазақ руханиятының қақпағы кетті. Көрінген ит сұғанақ тұмсығын сұғып жатыр қазанымызға. Түрлі діни сектаның «жаңбырдан кейіегі саңырау құлақтай қаулағаны» қазақтың бағбаны жоқтығы. Сол рухани жағдай «ұстарасыз аузыңа түсті ау мұртың» әлі жалғасуда.

 

Рахат Мамырбек: Баяғы жартастың жаңғырығы

 

Менің ойымша, Абай заманындағы қазақ дәстүрлі қоғамнан әлі шықпаған, балаң, қырдағы қазақ болатын деп есептеймін өзім. Одан бері де  ғасырдан астам уақыт өтті. Сол заманнан мойны озық шығып, Батысқа да, Шығысқа да көз салып оянған Абайдың (біз қазір Абайды оқып алдық қой. Оқымаған адамның көзімен қарап, қазіргі заманның сауатты, нарыққа икемделген биігінен қарасақ) «жан көрінбес көзіме» дейтіндей жағдайда болатын жөні бар. Өйткені ол кезде қазақ даласында (қазір салыстырып айту әрине, күлкілі) жүйелі білім беріп, жалықпай оқытатын мектеп болған жоқ. Мектеппен бірге не келуші еді? Ең қарапайым нәрсе математика, физика, геометрия, әдебиет келеді ғой тым құрымағанда. Сол XIX ғасырдың ортасындағы қарапайым отбасын алайықшы,  азын-аулақ малын баққанына мәз, мектеп жоқ, мәдени көкжиегі өте тар қазақтарды ғана елестетесің. Электр қуаты деген дүниені атамай-ақ қойыңыз. Тіпті «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебекті» т.б. қиса дастандарды Шәкәрім жазып қалдырды кейін. Ол дәуірде ертекші Баймағамбеттің өзі Абайдың алдырған кітаптарын пайдаланатын. Баймағамбеттің айтқан ертегісіне кинотеатрға барғандай ауыздары аңқиып қайтатын байқұс қазақтар. Құнанбайдың тұңғышы Қалиолла келіп ең алғаш скрипка ойнағандағы жұрттың көңіл-күйін айтшы. XXI ғасырдың көзімен қараған кезде, жағдайы мүшкіл қазақ қоғамының кескін-келбеті көз алдыңа бірден келеді. Дәстүрлі шаруашылық, мал шаруашылығында да технологиялық өндірістер жоқ. Кәдімгі табиғи адамның, алғашқы қауымдық құрылыстың жаратылысы өмір сүрді. Салыстырып қарасақ, сол кезде Америкада Бруклин көпірі салынып жатқан (1885 жылдары). Бұл көпір өте биік, құрыш-болаттан құйылып жасалған озық технологияның жарқын көрінісі еді бұл өзге жұрттағы. Көпір құрлысынан сол кездегі Америка қоғамының ғылымын, технологиясын, қаланың дамыған, өркениеттің гүлденген кезеңін түсінер едік. Тумысынан дарынды Абай осының бәрін Дрейфердің «Еуропа қоғамдық ойының дамуы» секілді кітаптардан оқып, біліп, қазақтың қараңғы қоғамынан қатты түршігеді. Сонысына қарамай өзге халықты келемеждейтін қазақтың даңғойлығына, тойшылдығына, қызқұмар, қызыққұмарлығына, өнерге ұмтылмайтын жалқаулығына көңілі қалып, жүрегі сыздайды. «Деп насихат бергенде, ұятсыз, арсыз салтынан, қалғып кетер артынан» дейтіні сол ғой хакімнің таусылып. Қазақтың бойкүйездігі, ішіндегі салқындығы өмірді ыстық қабылдаған ғұламаның көкірегін қарс айырып, жүрегін шерге толтырды. Ол кездегі қазақтың жағдайын қытайдың, орыстың, түріктердің тарихымен салыстырғанда құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ұлт ретінде қарастыруға болар еді. XYI ғасырларда түріктер соғыс қаруларының озық үлгілерін қолдана бастады. Үлкен-үлкен қалалар салды.  Стамбулдың инфрақұрылымы болды. Аясофия мешітін салуға жұмсалған қарым мен қабілетті айт. Ал, бізде ондай өркениеттің ұшқыны да болған жоқ сол кезде. Міне, Абай¬ - басшысыз, қамсыз, мемлекетсіз, ғылымсыз қалған сорлы ұлттың жойылып бара жатқан өліара кезеңіндегі ары, ұяты, жанайқайы, үлкен жарылысы, ышқынысы секілді. Абайдан кейін келген Шәкәрім де тығырыққа тірелген ұлтты «қазақтың жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ» деп  сипаттайды. Тіпті бұл жұрттың ішінде жүруге жүрегі дауаламаған абыз Саятқораға сапар шегеді. Абай да, Шәкәрім де ұлттың тағдырына жауап беретін жан ретінде мойындарына парыз арқалап туған аулие адамдар ғой. 23 жылын «қазаққа жол көрсетем» деп жалғыз сапар кешкен абыз Шәкәрім Ар ілімінен екі нәрсені бөліп алып шығады. «Сен әділетке ғана жақ болып, білім ізде. Халыққа еңбек ет» дегенге саятын қағидаттар еді бұл. Толстой, Ганди, Будда секілді ұлттың әбден тұйыққа тіреліп, жоғалардың алдындағы ерсі, оқыс ізденістерге, қадамдарға баруы секілді құбылыс бұл да. Қазақ аспанын торлаған қара түнектің қара бұлты Шәкәрімге көрінді. Саятқорада жалғыз жатып, қазақтың сөніп бара жатқан ақыл-ойын тірілтсем деген асыл мұрат Шәкәрімді диуанадай халге түсірді.

Абай мен Шәкәрімнен кейін бұл тарихи міндетті Алашорда азаматтары мойнына алды. Тарихи миссияның үдесінен шығу үшін Алашорда қайраткерлері бүкіл күш-жігерін сарқып, қылша мойнын қылышқа тосты. Осыдан кейін қалықтың нанымы мен сеніміне, еркіндігіне шіре салған Кеңес үкіметі жайғасты қазақ жеріне. «Коммунизим орнатамыз», «бай мен кедейді теңестіреміз» деген сияқты өте тұрпайы ұрандар, жұмақты жер бетінен табардай мәре-сәрелік басталды. Өзі де үзіліп әрең келе жатқан халықтың өзіндік екпіні, қабілеті, қасиеті, болмысы, қайрат-жігері үзіліп-үзіліп, ең соңында қазіргі қойыртпақ қалпымызға жеттік. Болашақ туралы болжар болсақ, қазақ түрлі тарихи жағдайларға байланысты Алашорда қайраткерлері секілді ұлт мұраты үшін құрбандыққа бара алатын қасиеттерін жоғалтты қазақ. Абай, Шәкәрім бойындағы ұлтқа жауапкершілік, дүниеге парыз арқалай келген сондай туыс, жаратылыс, бауырмалдықтан арылып шықты қазақ. Ең қорқыныштысы осы. Қазақ қазір өзін  жақсы көріп, аялап, алақанына салып сүйетін Алашорда деген партияны (еміс-еміс есінде бар) сағынады. Өзін сүйген тұлғаны сағынғалы бір ғасырға толып қалды. Халық та жілік майы үзіліп, қауқарсыз болып қурап шықты XX ғасырдан.  Осы кезеңде қазақтың ішінде бір толғақ бар секілді. Тұлғаларды, Кеңестік идеологияға шатаспаған таза ұлт қайраткерлерін туа алмай жатқанға ұқсайды қазақ қоғамы. Біз сондай кезеңде тұрмыз. Ондай толқын келмесе, Алашорда феномені, Алашорда құбылысы енді қайталанбаса, ұлттың оңалмасы белгілі.

Ал, рухани таянышымызға, рухани тұтастығымыз жайлы сөз қозғасық, қазақ даласына исламдық дін өнегесін кіргізіп, сол діннің жалпыхалықтық деңгейге көтерген адамның бірі, бірегейі - Ахмет Яссауи еді ғой. Олар халықты қалай иландыра алды? М.Әуезовтің жазуынша (мен сол М.Әуезовтің сөзіне имандай сенем) қазақ  дүниені поэтикалық-эпикалық тұрғада ғана қабылдай алады екен. Яссауи ақын болды. Ол өте көркем тілмен, поэтикалық-эпикалық, эстетикалық жоғары өлшемдермен, түрлі формалармен уағыздады Исламды. Сондықтан қазақ оны қабылдай алды. Абай да, Шәкәрім де сол бағытты ұстанды. Мысалы, Алашорданың көбі ақын. Солардың бәрі қазаққа саясатты, ағартуды эстетикалық тұрғыда қабылдатты. Бұл талғам Алашордамен түгесілді де, Кеңес одағы кезінде ұлттың талғамы өзгерді. Кеңестік динацитінен кейін қазақ азды. Ұлт қатты өзгерді. Қазақ жүрегін жоғалтты да, миы ғана жұмыс істейтін зомбиге айналды. Бұл құбыжық құбылыс, қауіпті будан. Тәуелсіздіктің алғаш таңы атқан шақта бұрынғы қазақтың жүрегі өлген, ондай көркемдік талғам деңгейін жоғалтқан қазақ нені болса да қабылдауға бейімделген. Әуезов айтқан қасиеттерінен айырылған халық әртүрлі діндердің қасаң, тек қана логикаға бағынған өте қауіпті жайттарына мойын бұрып кетті. Қорыта айтқанда,  Абайдың заманында оңып тұрмаған қазақ бүгін де асығы алшысынан түсіп, «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бай-бақытты заман кешіп жатыр деп айта алмаймын. Осы түрімізбен модернизация жолына шыға аламыз ба? Жоқ, қаптаған қалың дін, жемқор жүйе болашақтың жарқын келбетін елестетуге мүмкіндік бермей отыр.

 

«Қазақ әдебиеті» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450