X республикалық «Тіл-парасат» байқауы өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМКҚ «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай X республикалық «Тіл-парасат» байқауын өткізді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Аталған байқау Алматы қаласында этносаралық қатынастар орталығы – Достық үйінде өткізілді.
Байқаудың мақсаты – орыс жастары арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін еркін меңгерген орыс жастарын анықтап, оларды ынталандыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, тіл мәдениетінің деңгейін, беделін арттыру.
Байқауға 18-22 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 12 жеңімпазы қатысты. Дарынды жастарға Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доценті Сиезд Шардарбекұлы Ақымбек (төраға), ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ меммлекеттік қыздар педагогикалық университеті өнер және мәдениет факультетінің профессоры Алпысбай Мырсыдықұлы Көпбаев, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Гүлдариға Мерекебайқызы Кенжебаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Пархат Қорабайұлы Юсуп, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасары Нүптекеева Гүлназ Байғонаққызы қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша Алматы қаласының қатысушысы Драчева Оксана бас жүлдегер атанып, 150 000 ақшалай сыйлыққа ие болды. Қызылорда облысынан келген Денисов Кирилл 1 орын (120 000) алса, Қостанай облысының үміткері екінші орынға (100 000) ие болды. Алматы облысынан келген қатысушы Гончарова Кристина үшінші орын (70 000) иегері атанды. Солопова Алена (Көкшетау облысы), Мисимова Мария (Шығыс Қазақстан облысы), Кастенко Надежда (Жамбыл облысы), Гагарина Алина (Қарағанды облысы) ынталандыру сыйлығына ие болды.
Абай-ақпарат