РЕКТОРЛАР ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНА РЕФОРМА КЕРЕК ДЕЙДІ
Жақында Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінде аз-кем реформа жасалды. Ел тарихындағы ең реформашыл министрлік бұл жолы Ежелгі Қазақстан тарихын ЖОО-да оқытпау туралы мәселе көтерді.
Осыған байланысты экономист Мұхтар Тайжан пікір білдіріп, кей деректерді бөлісті.
Мұхтар Тайжан, экономист:
- Бәрімізге белгілі, Ежелгі Қазақстан тарихы ЖОО оқулықтарынан алынып тасталды. Енді Университеттер мен институттарда студенттер Қазақстан тарихын 1905 жылдан бері қарай оқитын болады. Бұл үлкен қиянат. Кезінде Ермұхан Бекмаханов тұңғыш болып ашқан Ежелгі Қазақстан тарихы кафедраларын биыл жаптық.
Мен Жоғары білімді Польшаның Варшава университетінен алдым. Ол жерден не көрдім? Поляктар өз балаларына тарихты мектеп қабырғасынан жіті сіңіреді. Содан кейін ЖОО-да тереңдетіп оқытады. Себебі, Ұлттың тарихы сол ұлттың сана сезімінің биік, өр болуы үшін керек. ЖОО-да тарих тереңдетіліп оқытылуы керек. Мектептерде тарих ғылым ретінде дамымайды. Себебі оған шарт жоқ. Сондықтан Ежелгі Қазақстан тарихын ЖОО оқулықтарына қайта енгізуіміз керек.
Хош, реформатор мырзалардың білім жүйесіне жасап жатқан революциясы расында ұлттық тарихқа жасалып жатқан қастандық емес пе? Жалқы сұрағымыз мынау еді: Ежелгі Қазақстан тарихын неге оқу бағдарламасынан алып тастады?
Сөйтсек, бірлі-жарым ректор министрлікке хат жолдапты. Хат жолдап, Ежелгі тарихты оқытпай-ақ, қоюға болатынын айтыпты.
Мысалы, Сәкен Аманжолов атындағы ШҚО Мемлекеттік Университетінің ректоры А.Куандықов өз хатында «Қазақстанның жаңа тарихы» (немесе Жаңа Қазақстанның тарихы) деген курстың маңызы мен мәнін ашып жазып, «Ұлы дала елі», «Мәңгілік ел» идеяларын көбірек насихаттауды сұрапты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Д.Ахмет-Зәки де бұл ұсынысты қолдап, Жаңа Қазақстанның тарихын оқытуды өтініпті.
С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің проректоры Г.Ахметова, Д.Серікбаев атындағы ШҚО Мемлекеттік техникалық Университетінің ректоры Ж. Шаймарданова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті ректорының міндетін атқарушы А.Жүнісов, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің ректоры М.Сарыбеков, М.Өтемісұлы атындағы БҚО Мемлекеттік Университеті ректорының міндетін атқарушы А.Тасмағамбетов, Рудный Индустриялық институты ректорының міндетін атқарушы Л.Божко да осы мазмұнда Министрлікке үшбу хат жазыпты.
Сөйтіп, ескі тарихты қоя тұрып, Жаңа Қазақстанның тарихын оқыту өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды екенін жетер жеріне жеткізіп тұрып жазыпты. «Abai.kz» порталы ректорлардың ресми хатын ұсынып отыр.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz