Әйел құқығы басты назарда болуы керек
Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов осы сала тізгінін қолына алысымен қазір барша жұртты алаңдатып, бірақ тиесілі шешімін түбегейлі таппай жүрген бірталай өткір мәселелерді орынды көтеріп, жұртшылық талқысына кеңінен ұсынып жүр. Бұл бір жағынан ол мәселенің түйткілін тауып, түйінін жазуға мол ықпалын тигізсе, екінші жағынан еліміздің прокуратура саласының көптің көкейіндегі сұрақтардың бәріне де қатысы бар екенін көрсетеді. Сөйтіп, бұл саланың басты мақсаты адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін барынша дәлелдей түсті, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.
Жақып Қажыманұлы жақында Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен бірлесе отырып, Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелері жөнінде ведомствоаралық үлкен форум өткізіп, онда осы мәселені бүге-шігесіне дейін талдап, оны азайтудың, бұл келеңсіз, адамгершілікке мүлдем жат күйкі көріністі қоғамымыздан аластатудың жолдарын ортаға салды. Осы жиында Бас прокурор келтірген кейбір мысалдар жұрттың жанын түршіктіріп қана қоймай, санасын да бір сілкіндіріп өтті десем, артық айтқандық емес.
Соның бірнешеуін тағы да жұртшылықтың есіне сала кеткен артық болмас.
«Күйеуім, қайнағам, атам 11 жыл бойы ұрып-соқты», деп Шемонаихада бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылған. Астанада бір еркек бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Кішкентай төрт бала жетім қалды. Қызылорданың Жосалы кентінде келесі бір еркек айтқаныма көнбеді деп, әйелін атпен сүйреп өлтірген.
Зорлық-зомбылықтың басқа да сорақы түрлері көп. Мәселен, Алматыда қызы мен күйеу баласының үнемі ұрып-соққанына қорланған қарт ана дарға асылып қалды. Жалпы, тек биылдың өзінде 316 әйел өзіне қол салған. Еңбек етуге ерініп, әйелінің тапқан ақшасын ішімдік пен есірткіге жұмсап, балаларын аш-жалаңаш қуып шыққан азаматтар да аз емес. Отбасынан безініп, алимент төлеуден қашып жүргендер қаншама.
Осындай жан түршігетін жағдайларға не себеп? Бұл тамырын қайдан тартып жатыр? Ол қазақтың қасиетті топырағына қайдан келген? Бұған қарсы ата-бабаларымыз ештеңе тындырмаған ба, сонда?!
Бір сәт тарихымыздың төріне көз жүгіртсек, отбасының амандығы мен тыныштығын сақтауды, әсіресе, оның неғұрлым әлсіз де нәзік сыңары – отаналарын жақтауды ата-бабаларымыз алғаш хандық мемлекет құрылғаннан бастап-ақ қолға алып, оны заңдылық тұрғысынан негіздеуге әрдайым ұмтылып отырғанын байқаймыз. Ол қазақ мемлекетінің алғашқы ханы әз-Жәнібектің бел баласы Қасым ханның «Қасқа жолында-ақ» айқын көрініс ала бастаған.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның тұсында нығайғанын тарихшылар бірауыздан айтып жүр. Ол өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін қолдап, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Жұртшылыққа түсінікті болу үшін қазір мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлерін: күш көрсету, психикалық, сексуалдық және экономикалық деп саралап отырғанын айта кетелік. Экономикалық зорлық-зомбылыққа адамдарды заңмен көзделген тұрған үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкі мен қаражатынан айыру жатады. Аталған билер заңында әйелдердің осы мүліктік теңдігіне баса назар аударылған.
Ал дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығы болып саналатын «Есім ханның ескі жолында» әйелдердің қоғамдағы орны мен жағдайына көбірек көңіл бөлінген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің нығая түсуімен байланысты болса керек. Қазақ мемлекеттілігі нығайған сайын заңдар да дамып, жетілдіріліп отырған. Соның бірі де бірегейі Тәуке ханның «Жеті жарғысы».
«Жеті жарғы» – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.
Бұл заңдар жиынтығында «Қанға – қан» ережесінен бас тартылып, оның орнына құн төлеу жағына қарай ойысқан. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда, заңдар ізгілендірілген. Алайда, өлім жазасы екі жағдайда сақталып қалған. Атап айтқанда, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар өлім жазасына кесілген. Осы арада заңнамаларымыздың дамуы дүниежүзілік деңгейге жеткен бүгінгі күнгі Қылмыстық кодексіміз бойынша да дәл осы екі қылмыс түрі, яғни бүлікші террористер мен соғыс кезіндегі сатқындық үшін өлім жазасы сақталып отырғаны еріксіз еске түседі. Бұл арада ата-бабаларымыздың табиғи таланты мен ақыл-парасатына еріксіз таңғалып, таңдай қағасыз.
«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына да үлкен орын берілген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйел зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан.
«Тәуке ханның Жеті жарғысын», «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді. Ал осы негізгі жеті өзгерістің үшеуі тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы шығарылған. Оның алғашқы екеуінде ата-аналарына жасаған балаларының қиянаты туралы айтылса, келесісінде әйелдердің мүліктік құқығы қорғалады.
Әйелдерді құқықтық қорғау тақырыбын сөз еткенде, 1885 жылы өткен Қарамола съезінде қабылданған ұлы Абай түзген ережені айтпай кету әбестік болар еді. Барлығы 73 баптан тұратын бұл ереженің тұтас бір блогы, яғни 41-баптан 50-бапқа дейінгі бөлігі осы отбасы және неке мәселесіне арналған. Олардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғарыда біз атаған барлық түрі қамтылған деп айтуға толық негіз бар. Көріп отырғандарыңыздай, әйелдер теңдігі мен оларға қиянат жасамау мәселесіне ұлы Абай да араласқан.
Тағы бір айта кететін жайт, отбасылық зорлық-зомбылық жайы сөз болғанда, кейбіреулер көбіне «Шығыс-
тық менталитет» дегенді ауызға алуға бейім тұрады. Белгілі заңгер Қабылсаят Әбішевтің сөзімен айтсақ, қай мемлекет тарихын алсақ та тұрмыстық зорлық-зомбылық болған. Мәселен, АҚШ-та жыл сайын 1,3 млн әйел заңды күйеуінен немесе азаматтық некелесінен таяқ жейді екен. Ал Францияда әйелдердің 10 пайызына бір рет болса да күйеулерінің қол көтергенін арнайы жүргізілген сауалдама анықтап берген. Алысқа бармай-ақ көршілерімізге келсек, Ресейде жыл сайын күйеулерінің ұрып-соғуынан 12-14 мың әйел ажал құшады, не мүгедек болып қалады екен. Сондықтан бұл мәселенің бүгінгі күні БҰҰ деңгейінде көтеріліп отырғаны тегіннен-тегін емес.
Бұл жерде мен «Мұндай жағдай елдің бәрінде бар» деп осы бір кесірі мол кесапат көріністі жаймашуақтандырып отырған жоқпын. Бұл – біздің ұлттық ділімізге, дінімізге жат нәрсе. Хал-қадерімізше тарихқа жүгініп отырғанымыз да соған көз жеткізу. Біздің бұл жағдайға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен ұлыларымыздың ұлағатын ұстанбағандығымыздың салдарынан ұрынып отырғанымыз тағы анық.
Сондай аузы уәлі, айтқаны дуалы бабамыздың бірі – Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлы:
Аймалайтын – анаң қымбат,
Мейірімді – апаң қымбат.
Асқар тауың – әкең қымбат,
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат, – деген өсиет қалдырыпты. Ендеше, асыл аналарымыз бен аруларымызды аялай білейікші, ағайын!
Сәуле АЙТПАЕВА, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы
Abai.kz