Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6773 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 10:52

Мектеп формасы сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс

Мектеп формасының бағасы орташа статистикалық тұтынушының материалдық мүмкіндіктерін негізге ала отырып, әлеуметке бағытталуы тиіс.

Мектеп формасы  туралы әңгімелер әдетте оқу жылы басталар алдында қылаң береді. Ал, биылғы жылы бұл мәселеге ертелеу қозғау салынып отыр.  Оның себебі  де жоқ емес, осы уақытқа дейін мектеп формасын негізінен түріктердің, қырғыз бен қытайдың өндірушілерінен сатып алып келдік. Өзге елден сатып алу – сол елдің экономикасын байытуға үлес қосу деген сөз. Сол себепті биылдан бастап мектеп киімін өз тігіншілеріміздің өндіруіне мүмкіндік берілгелі отыр.

Алайда, мәселе тағы да сол қаражатқа келіп тіреледі. Айталық, Алматыдағы қара базарда қытай, қырғыз формалары 5-8 мың теңге шамасында сатылып келді. Ал, алматылық «Angelher», «Glasman», «Ерке-наз», «Сымбат»  фирмаларының мектеп формалары 10-25 мың теңге төңірегінде. Әлбетте,  отандық өнімді сатып алғың келіп, қанша жерден патриот болсаң да, қалтаңа қарай көсілетінің аян. Міне, содан да қытай мен қырғыз өнімдері біздің тауарлардың жолын бөгейді. Отандық тігіншілер тіккен формалардың көбі өтпей, сөреде қалады.

Дегенмен, осы олқылықтың орнын толтыру қадамдары қолға алына  бастаған сыңайлы. Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстанда орта білім беретін ұйымдарға арналған міндетті мектеп формасы туралы талаптар мақұлданған болатын. Құжатқа ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу туралы ұсынысы енгізілді. Палата сарапшылары мектеп формасымен қамтамасыз етуге дайын тігін кәсіпорындарының базасын құрды. Соның бірі – Көкшетау қаласындағы  №1 мектепте өткен кездесу барысында тігінмен айналысатын алты кәсіпорын бірдей мектеп формасын тігуге дайын екендіктерін мәлімдеді.  Мектептегі кездесуге жалпы білім беру ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар, кәсіпкерлер қатысты.

Кәсіпкерлер дайындап келген мектеп формасының үлгілерін жас модельдер сахнаға шығып таныстырды.

 «Диас» тігін фабрикасы» ЖШС директоры Хасен Қажыбаевтың айтуынша, бұл бастаманы өндірушілер бірден қолдаған, алайда олардың өздері орташа статистикалық тұтынушының материалдық мүмкіндіктерін негізге алуы керек.  «Қазіргі нарықтық жағдайларда бір жиынтықтың бағасы шамамен 10000 теңгедей болуы тиіс», – дейді ол.  

Облыстық Білім басқармасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2016-2017 оқу жылында аудан бойынша мектеп формасына деген қажеттілік 86 231 топтама болса, облыс орталығында 13 мыңға жетеді. Бүгінде облыста 26 өндіруші оқушыларға арналған формалық киім тігуге жұмылдырылған.

Мектеп оқушыларына арналған киім формасына қойылатын бір талап -  бірыңғай болуы. Осы тұрғыда  «Жұмағұлов М.С.» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Аида Мұхамеджарова: «Түсі мен үлгісі бір-бірінен қатты ерекшеленбеуі керек. Бұл кез келген дайындаушыға ыңғайлы болады», - дейді.  

Елімізде 2,5 миллионнан астам мектеп оқушысы бар. Ендеше, 2,5 млн баланы отандық тігіншілер киіндірсе, бұл отандық өнімді қолдау әрі экономикаға қосылған үлес емес пе? Оған сол тігін фирмаларында жұмыспен қамтылған адамдарды қосыңыз. Әрине, ол үшін мектеп киімі сапалы, орташа статистикалық отбасы үшін қолжетімді  болуы міндетті. Олай болса, отандық тігін компанияларының  бұл міндеттің үдесінен шығуы өздеріне байланысты  дер едік.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5481