Азаматхан Әміртай: Экономика мен экология арасында тепе-теңдік болуы керек
Бүгінде ел аумағындағы қоқыс полигондарында 100 миллион тоннадан астам қатты қалдықтар көміліпті. Оған жыл сайын 6 миллион тонна қосылып отыратынын ескерсек, бұл көрсеткіш еселеніп өспекші. Ал «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасына сәйкес, еліміз 2050 жылға қарай елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 50 пайызға жеткізу көзделген. Қазір жыл сайын көлемі артып отырған 6 миллион тонна тұрмыстық қалдықтың 2 пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл мәселеге соңғы кезде бас қатырып жүрген азаматтың бірі, кәсіпкерліктен қоғамдық істерге бет бұрған «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайды "Түркістан" газетінің тілшісі аз-кем әңгімеге тартқан екен. Біз сол сұхбатты Абай ақпараттық порталының оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
– Азаматхан Әміртайұлы, бүгінде ел саясатының басты бағыты шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Осы орайда cіз басқарған «Қазақстанның софтверлік компаниялар қауымдастығы», «Инвесторлар альянсы» қоғамдық бірлестігі діттеген мақсатына қол жеткізді ме?
– Еліміз егемендік алғаннан кейін нарықтық заманға бет бұрдық. Соның нәтижесінде кәсіпкерлік өрге домалай бастады. Ал 1990 жылдардың басында кәсіпкерлік жабайы жағдайда дамыды. Өйткені ол кезде «кәсіпкерлік» деген түсінік жағымсыз істі бейнелейтін жұмыс сияқты көрінетін. Егемендік алғаннан кейін кәсіпкерлікке басқаша көзқарас пайда болды. Сауда-саттық, өндіріс, әр түрлі сервистік қызметтер дами бастады. 1990 жылдары пейджингтік байланыс, компьютер сату және жинау, ІТ технологиялық бағдарламалар жасалды. 2004-2005 жылы Қазақстанның бірқатар ІТ компаниялары бірігіп, Қазақстанның софтверлік қауымдастығы құрылды. Соның бір басшысы ретінде Қазақстан темір жолының ІТ технологиясына аудит жасап, қолдау көрсеттік. Екіншіден, мемлекеттің басқару жүйесінде электронды құжат дайындау желілерін енгіздік. Сол сияқты көптеген ІT технологиялық жұмыстарға араласқанымыз бар. Уақыт өте келе кәсіпкерлікті дамыту үшін инвестиция тарту қажеттігін түсіндік. «Инвесторлар альянсы» деген қоғамдық бірлестігін құрудағы мақсат сол. Ал осы бойынша жеткен жетістігімізге тоқталсақ, біріншіден, инвестиция бойынша шетелдік тәжірибені зерттедік. Бір түсінгенім, шетелдік компанияларды Қазақстан нарығына тарту қиынға соғады екен. Өйткені біздегі инвестиция климаты олар үшін қолайсыздау көрінеді.
– Сіз «еліміз инвестиция салуға қолайлы аймақ» деген пікірді жоққа шығарып отырсыз ба?
– Инвестиция тарту мәселесі оңай іс емес. 2015 жылы теңге құнсызданып, доллар бағамы шарықтаған кезде инвестиция тарту қиындап кетті. Оған Ресей компанияларына жасалған қарсы санкцияның да әсері бар. Банктердің қаражат беруі де тоқтап қалды. Былайша айтқанда, «Инвесторлар альянсының» әрі қарай жұмыс істеуін құп көрмедік. Себебі Қазақстанда инвестиция саласында жұмыс істейтін қаншама банк бар. Мемлекеттік «Бәйтерек» қаражат холдингінде мемлекеттік инвестиция тарту институттары жұмыс істейді. Осыдан кейін біз де ойлана бастадық. Өзім Мәскеуде Басқару мектебінде оқып, биыл тәмамдадым. Шетелдерге барып, нарық пен оның заңнамаларын зерттей бастадым. Жер шарындағы адамдар ғылымның жетістігінің арқасында тез дамып, дүниедегі ресурстарды жылдам пайдалануға асық. Ал одан шыққан қалдықтардың экологиямызды бұзып жатқаны маңызды емес. Мысалы, мұнайды өндіру кезінде күкірт, азот бөлінеді. Оның бәрі ауаны ластайды. Екіншіден, қазір әлемде климат өзгеру үстінде. Ауа райының жылы циклонға өтуіне байланысты Мұзды мұхит суы ери бастады. Бұл ішетін ауыз суға деген тапшылықты тудырады. Үшіншіден, жердің де экологиялық ахуалы нашар. Біз мұнай өнімдерін пайдаланып, қалғанын жерге шашып-төгеміз. Мұның салдарынан жердің құнарлығы кеміп барады. Есесіне, әлемнің дамыған елдері экологияға зиян келтіретін саланы атымен қолдамайды. Кәсіпкерлік дегеніміз – экономика. Ал экономика мен экология арасында тепе-теңдік болмаса, өмірімізге үлкен қауіп әкелуі мүмкін. Біз бүгінгі күнді емес, ұрпақтың келешегіне мән беруіміз қажет. Яғни, болашаққа инвестиция салуымыз керек. Бұл көпшілік жіті мән бере бермейтін мәселе – экология қауіпсіздігі. Ол үшін «жасыл» экономиканы дамытуымыз керек. Дәстүрлі экономикадан «жасыл» экономикаға көшу үшін бүгіннен бастап экологияның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жобаларға инвестиция құюымыз керек.
– «Инвесторлар альянсының» орнына «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының қалай келгені түсінікті. Бұл бағытта әуелгі жұмысты неден бастамақшысыздар?
– Біз «Инвесторлар алянсынан» «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы қоғамдық бірлестігіне неге ауыстық?! Себебі еліміздің экологиялық жағдайы әлсіреп кетті. Қазір біздің стратегиямыз да өзгерді. Бұдан былай іс-шараның бәрі жасыл экономикаға негізделеді. Бұл қандай жобалар? Бірінші, қоқысты қайта өңдеу. Екіншіден, мотор майларын, үшіншіден, қағазды, төртіншіден, пластик, пакет бұйымдарын өңдеу. Демек, ішіндегісін пайдалансақ, оның сырты да қоқыс болып қалмау керек. Мысалы, біз су ішеміз де, ыдысын лақтыра саламыз. Шын мәнінде, оны қайтадан өңдеп, пайдалануға болады. Сол кезде қалдық та қалмайды. Қайта өңдеп, пайдалану өндірісін дамытсақ, экологиямызды қорғай аламыз.
– Мәселен, шетелде қағаз, пластмасса заттарын салатын жәшіктер бөлек орналастырылған. Қазір бұл үрдіс еліміздің кейбір қалаларында да пайда бола бастады. Егер осы істі жандандыра түссек, әлдеқайда тиімді болатыны белгілі ғой.
– Бұл жоба кезінде Алматы қаласында енгізілді. Тіпті, 30 млн долларға үлкен зауыт салынғаны есте. Ол зауыт жұмыс істеген жоқ. Себебі оған халықтың психологиясы дайын болмады. Ешқандай белсенділік көрсетпедік. Бәрін бір жәшікке лақтыра бердік. Ол ол ма, көпшілік арасында арнайы жәшікке салуға ерінетіндер бар. Көшеде кетіп бара жатып, кез келген жерге тастай салатындарды да көріп жүрміз. Қайта өңдеу зауытының тұралап қалғаны да сондықтан. Бұл нені білдіреді? Бізде әлі қоғамдық орта мәдениеті қалыптаспаған. Міне, осыған орай жаңа жобаны енгіздік. Біріншіден, қоқысты сұрыптау керек. Қағазды бөлек, пластикті басқа ыдысқа бөліп, өндіріске жіберуді ұсындық. Қазір тағы да түсініксіз жағдай орын алуда. Әр облыстағы шетелдік компаниялар ішінара «50-70 мың долларға қоқыс өңдейтін зауыт салып береміз» деген жобаларын іске асырмақшы екен. Біз соған қарсымыз. Біріншіден, елімізде мұндай зауыт дәл бүгін жұмыс істей алмайды. Оның себептері көп. Оның орнына қоқысты қолмен сұрыптайтын тәсілді енгізуіміз керек.
– Экологияны сақтап қалудың үлкен амалы «жасыл» экономика екенін айтып өттіңіз. Елімізде 2014 жылдан бастап «Жасыл экономика туралы заң» қолданысқа енді. Қазір бұл жоба қаншалықты жүзеге асуда?
– Елбасының жарлығымен бекітілген мемлекеттік бағдарлама бүгінде қағаз жүзінде қалып отыр. Ең бастысы, «жасыл» экономиканы дамытуда табиғаттың бізге берген экологиялық таза өнімдерін сақтай білуіміз қажет. Халық арасында экологияға деген түсінікті қалыптастыруымыз керек. Қоршаған орта – табиғаттың бізге берген сыйы, Алланың берген аманаты. Бұл ешқандай инновацияның көмегінсіз бар нәрсе. Табиғат Анаға құрметпен қарап, аялап, оған бір пайдамызды әкелу керек деген психологияны жұрт санасына сіңіру керек. Сонда ғана «жасыл» экономика саласы дамиды. Әрине, бұл бағытта «Нұрлы жол», «Жасыл пойыз» бағдарламасында арнайы басымдық берілді. Өкінішке қарай, бағдарламаны ілгерілету жағы баяу жүруде.
– «Байтақ болашақ» экоальянсы алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізген болар. Жалпы, еліміздің қай өңірлерінде экологиялық мәселе ушығып тұр?
– Экологиялық жобалармен айналыса бастағалы еліміздің қалаларындағы атмосфералық қиыншылықтарын біліп, таңғалдым. Ең үлкен экологиялық түйткіл Алматы қаласында туындауда. Біріншіден, көлік саны көбейіп кетті. Екінші, жылу электр орталықтарының (ТЭЦ) көбі көмір жағады. Бұл адамның денсаулығына зиян. Ал жылу жүйелері беріп отырған энергияның 60 пайызы ғана тұтынушыға жетсе, қалғаны ауаға кетіп жатыр. Біз бұл мәселе туралы депутаттарға сұраныс жасап, іске асыруды ойлап отырмыз.
Тағы бір үлкен мәселе – жер сілкінісі қаупі. Бүгінде бұл мәселе қаншалықты қадағалануда? Арнайы алдын ала болжам жасайтын мекемелер жұмыс істей ме? Қаладағы ғимараттар стандартқа сәйкес келе ме, оған да тексеру жүргізу керек. Мұны бақылауды қолға алу керек. Үшінші мәселе, Алматы қаласы маңайындағы су бөгеттері, су қоймалары. Бұлар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін соңғы инновациялық трендтерді пайдаланып отыр ма? Су бөгеттері тұрғындарға қауіп төндірмей ме? Қызылағашта болған жағдай қайта орын алмай ма? Бұдан да басқа мәселе жеткілікті. Қаланың маңайы үлкен қоқыс полигонына айналған. Егер аяқасты өртене қалса, оның зардабы шексіз.
Ел экономикасының көшбасшысы атанған Атырау облысы, қаласы бүгінде ең лас қалалардың қатарында. Егер Каспийді алсақ, теңіздің жағдайы трагедияның алдында тұр. «Қашағанды» іске қосуын қостық. Бірақ бұл кеніш бізге байлық әкеле ме, трагедия әкеле ме? Өйткені «Қызыл кітапқа» енген балықтар жойылуда. Ал Атырау қаласының жанында төрт зауыт бар. Бір жағында АНПЗ, екінші жағында «Болашақ» деген зауыт орналасқан. Химиялық металл зауыты, күкірт шығаратын зауыт тұр. 300 мың халқы бар қала экологиялық қауіп жағдайға тап болып отыр. Мәселен, күкірттің зияны онкологиялық ауруларға, тамақ ауруларына ұшыратады, жеті түрлі аурудың қоздырғышын туғызады екен.
Бұл қалада Орта Азиядағы ең үлкен мұнай өңдеу зауыты орналасқан. Зауыт – ел экономикасының жүрегіне айналғанымен, жергілікті халыққа зардабын тигізіп отырғанын қаланың эколог-мамандары айта-айта шаршаған. Мұнай көп өндiрiлiп, атмосферадағы зиянды заттар құрамы көбейген сайын, оның зардабы да ұлғайып барады. Ішер су мен жұтар ауа лас болса, ол халықтың келешегі жайлы жақсы болжам айту қиын. Өйткені зиянды заттарға бөккен ауамен тыныстаған елдің денсаулығы төмендеп барады. Атырау облысында ауаға ең үлкен жағымсыз әсер ететін мұнай-газ секторы және энергиялық-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарынан шығарылатын ластаушы заттар. Атмосфераға жыл сайын облыстың 42-ден аса ірі өнеркәсіп кәсіпорындарынан 100 мың тоннадан аса ластаушы заттар шығады, оның 80-85 пайызы мұнай-газ секторы кәсіпорындарына тиесілі. Осы мәселенің шешімі қалай болмақ?! Жалпы Атырау мұнайлы өңір болғанымен мұнда жұмысшылар бойына сіңген уды шығарып, ағзаны тазалайтын арнайы сауықтыру орталықтары аз. Саябақтар өте аз. Осы орайда Елбасымыздың «Жасыл экономика» жобасы қағаз жүзінде қалмауы керек. Қаланы көгалдандыру жүйесін жыл сайын арттырып отыру қажет. Зауыттарға жапондық фильтр орнатса, келер зиянның аз да болса кемитіні анық. Экономика мен экология арасында тепе-теңдік орнатылмаса, оның зардабы орасан болары сөзсіз. Себебі бүгінгі уақытта қалайда экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, ертеңгі күнде табиғат ананың қаһарына ұшырап жүрмейік. Табиғатта шексіз нәрсе жоқ. Сондықтан қай нәрсенің болмасын тепе-теңдігін сақтап отырған абзал. Атырау қаласы біреулер үшін вахталық мекен болар. Ал жергілікті халық үшін туған өлкесі. Туып-өскен жерінде еңбек етіп, ұрпақ өсіріп отыр. Олар болашағына алаңдаулы. Біз де бейжай қарай алмаймыз. Бұл өлкенің экологиялық мәселелері турасында үлкен бастаманы қолға алдық.
Мәселен, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының жанында кеңестік кезеңде уран өндірген. Қазір жұмыс істемейді. Бірақ Кеңес одағы кезінде радиацияның уын жаймас үшін су шашып тұратын. Бүгінде оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне Маңғыстаудағы өлі көлден радиация табылғанын немістің ғалымдары дәлелдеді. Соның жанындағы ауыл халқы әр түрлі ауруға шалдығуда. Ал жақында ғана себебі белгілі болған Ақмола облысындағы Калачи ауылының тұрғындары неге ұйқтады? Өскеменнің де экологиялық ахуалы өте нашар. Міне, зардап шегіп жатқан қаншама жеріміз бар. Бізде экологиялық мәселеге толыққанды басымдық берілмей тұр. 20-50 жылдан кейін ұрпағымыздың болашағы не болады?
– Әлгінде ғана ауыз су мәселесі жайында айтып қалдыңыз. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Ал күн сайын олардың 35 мыңдайы су жетіспеушілігі, құрғақшылықтан көз жұмса, жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Экоальянс бұл деректерді де назарға алған шығар…
– Әрине, бұл үлкен мәселе. Ертең алдымызда не күтіп тұрғанын болжау қиын. Қаншама су бөгеттері қараусыз қалған. Қоқыс алаңына айналғандары да көп. Ертеңгі күні қоқыс тастамау үшін олардың маңайына бейнекамералар орнату жайы қарастырылуда. Жиырма жылдан кейін ішетін су тапшы болады. Біз таза суға кір жуамыз. Үнемдеуді білмейміз. Бұл дұрыс емес. Ішетін суды жинау керек. Тұтынушыға жеткенше судың 50 пайызы жол-жөнекей құбыр тесіктерінен ағып кетеді екен. Демек, су құбырлары инфрақұрылымдарын жаңарту қажет.
– Елімізде өндіріс ошақтарынан пайда табуды ғана көздеп, оны залалсыздандыру жағына, зардабына көңіл бөле бермейміз. Бұл мәселемен сіздерге дейін ешкім айналыспаған ба?
– Қазір біз әр облыстың әкімдіктерін аралап, ұсыныстар жасадық. Біріншіден, қалдықты, мотор майларын қайта өңдеу, қаланы таза ұстау үшін жасыл пойыз жүргізу. Экологиялық ахуалға жаны ашып, шырылдап жүрген адамдар бар. Атап айтсақ, табиғат жанашыры Мэлс Елеусізов, Атырауда Мұхтар Дияров ағамыз, Галина Чернова, Махамбет Какимов сынды азаматтар бар. Жақында осы кісілермен кездесіп, біраз жайтты талқыға салдық.
–Бір сұхбатыңызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне «ақылды қала» жобасын дайындап жатырмыз деген едіңіз. Бұл жоба көрме қонақтарына паш етіле ме?
«Смарт Астана» жобасын жүзеге асыруды қолға алған едік. Шетелдік инвесторлармен жұмыс істеп, жобаны аяқтап қалдық. Құдай қаласа, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысамыз деп отырмыз. Себебі біз пайдаланылған мотор майын қайта өндіруді қолға алдық. Осыны көрмеде көрсетсек деген ойымыз бар.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында «Green Energy & Waste Recycling Forum-2016» деген атпен өткен бизнес-форумда мамандар қоқысты өңдеуге қатысты Қазақстанда қолданылып келе жатқан тәжірибені одан әрі жетілдірудің жолдарын қарастырды. Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков атап өткендей, елімізде жаңғырмалы энергияны дамыту, жаңа энергия көздеріне қол жеткізу, қалдықтарды энергия өндіруге пайдалану бизнестің де дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдың екінші жартысында қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістер күшіне енген болатын. Бұл өзгерістерде кейбір қалдық түрлері, атап айтқанда, электронды құрылғылар, улы заттар сынды қалдықтарды қалай қолдану керектігі көрсетілген. Өкінішке қарай, ол туралы қарапайым азаматтар да, өндірістік кәсіпорындар да біле бермейді. Мысалы, Швейцарияда барлық өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді. Бізге де соны біртіндеп енгізу керек. Осы мақсатта экология мәселесін терең зерттеу үшін Колумбия университетіне білім алуға құжат тапсырып қойдым.
– Ақмола облысының Аршалы ауданында жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық өңдейтін зауыт салу жоспарланғаны белгілі. Бұл сеңнің қозғалғандығын білдірмей ме?
– Зауыт салу үшін жер телімі анықталып, германиялық инвесторлармен әріптестік туралы меморандумға қол қойылған. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында қоқыс өңдейтін кәсіпорынның құрылысын Арнасай ауылында қолға алу жоспарланыпты. Тұрмыстық қалдықтар аудандағы елді мекендер мен Астана қаласынан жеткізіледі. Қоқыс сол жерде сұрыпталып, өңделеді.
– Әлеуметтік, ғылыми жобалардан тыс қалмайсыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен әріптестік орнатқалы журналистік шаралардан да жиі көрініп тұрасыз. «Блогиада» байқауына, сондай-ақ оқу орны ұйымдастырған Жазғы медиамектепке де демеушілік жасадыңыз. Мұнда қандай да бір мақсат бар ма?
– Ақпараттық технологияны, блогосфераны қолдау идеясы жастардың тарапынан түсті. Не үшін қолдамасқа деп ойладым. Ақпараттық бағдарламалау, софтвер саласында жүрген соң қолдау көрсеттім. Себебі бүгінгі жастар көбіне ғаламторда. Ендеше сол жастар көбірек қазақша ақпарат алсын деп, ғаламтордағы қазақ тілінің үлесін арттыруға бел байладық. Ол үшін үздік 64 блогер жыл бойы қазақ тілінде түрлі тақырыпқа блог жазды, жүргізді. Бұл да ана тіліміздің дамуына қосқан тамшыдай болса үлесіміз шығар. Келешекте де осындай қызықты әрі пайдалы жобаларға қолдау көрсетуге даярмыз. Журналистермен үнемі байланыстамын. Журналистер – шығармашылықтың адамдары болғанымен, барлық саламен тығыз байланысты. Сондықтан, әсіресе қазақ журналистеріне серпіліс беру мақсатында демеушілік жасап отырамын. «Төртінші билік» деген атауына сай болу үшін, халықтың сөзін сөйлеп, шындықты жазу үшін оларға қамқорлық керек екені анық. Әкімқаралар тарапынан нұсқау-тыйымдар көп болғандықтан, қазақ журналистері ашықтық принципінен тосылып қалатыны жасырын емес. Сондықтан, біз, кәсіпкерлер журналистерді қолдауымыз керек. Осы мақсатта ҚазҰУ-дың журналистика факультетімен, соның ішінде «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева ханыммен тығыз байланыста жұмыс істеп келемін. Ал ендігі бар күшімізді экологиялық жобаларға бағыттасақ деген мақсат бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы
Abai.kz