Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
8679 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 08:11

ЖАС ЖАМБЫЛДЫҢ ЖЫР КЕШІ: «ЕГЕМЕН ЕЛІМ – ЕРКЕ ЕЛІМ»

Қазақстан ерекше дарынды балалары көп елдердің қатарында 12-орында тұр екен. Қуанатын жайт па? Әрине, қуанатын жайт. Қазақтың дарынды ұлының бірі бұл күнде есім-сойы жұртқа кеңінен тараған  Жамбыл Дүйсенов болса керек. Ол 2003 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Алты жасында Б.Момышұлы атындағы 131 мектеп-лицейіне оқуға барып, 1 жылда 1-ші және 2-ші сыныпты бірден аяқтады. Ал 3 сынып оқып жүрген кезінде, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына және Жамбыл Жабаевтың туған күніне арнап, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда өзінің жеке шығармашылық кешін өткізді. Астана қаласының тұрғындарына арналған жыр кеші де елдің есінде. Осылайша ол Қазақстанның "Гиннес" рекордтар кітабына Қазақстан бойынша ең жас ақын болып енді. Жас ақынның еліне деген, Отанына деген махаббатынан туған жырлары барша қазақ халқын тебірентті. Бала жүректен шыққан сөздердің жалынды әрі жанды келуі біраз ақындарды таң қалдырды. Жас Жамбыл өзін баламын деп есептемеді. Осының арқасында ол  Ж.Жабаев, Б.Момышұлы, М.Мақатаев, Д.А.Қонаев, Ботпай батыр сынды  төс белгілерін  иеленді. Жоғарыда атап кеткен тума дарын иесі міне осы еді. Жамбыл жырларында өте ауқымды дүниелерді қозғап, маңызды мәселелерді көтеріп, еліне деген ыстық сезімін жаудырып отырады.

         Жамбылдың 2010 жылы "Тәуелсіздігім-тәңірден келген тәтті сый" атты аудиожазба кітабы 2000 данамен жарыққа шықты. Ал 2012 жылы "Періште тілек" атты алғашқы жыр жинағы оқырманға жол тартты. Осылайша өз оқырмандарына жырынан шашу шашып, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленіп, үлкен ақын ата-апаларының батасын да алып үлгерді. Ақындық дейтін әлемге бала жүрегімен, батыл жырымен  осылайша қадам басып кетті.

Республикалық байқаулардың бас жүлдегері жас ақын Жамбыл Дүйсенов қазақ елін тағы бір қуантпақ. 2016 жылдың 30 қарашасында Алматы шаһарының 1000 жылдығына арналған "Алматым – бақ мекенім" атты шығармашылық кешін ол "Студенттер" сарайында өткізбекші. Сонымен қатар Астана қаласында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап "Егемен елім – ерке елім" атты шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр. Алматы қаласында өтетін кешке жас ақынды қолдап, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Мақпал Жүнісова, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Майра Ильясова, Рамазан Стамғазиев, Қарагөз Тілеубекова, Ибрагим Ескендір, Бейбіт Мұсаев, Еркебұлан Елшатқызы, Іңкар Нұрмағанбетова сынды қазақ өнерінің саңлақтары қатысады. Елім деп соққан адал жүректі ұлдың, отты жырларынан сіздер де сусындап қайтыңыздар.

Сайлаухан Абылай

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1985