Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3968 0 пікір 14 Қыркүйек, 2010 сағат 04:59

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ. АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ НЕМІС ПРОФЕССОРЫ

Алаш тұлғалары ұсынған елдік рәмізде киіз үйдің түндігі Батыстан ашылғаны белгілі. Мұны олар «білім-ғылым нұры Ауропадан түсуін қалағандығымен» түсіндіреді. Расында, ХХ ғасыр басында Еуропаның (олар «Ауропа» деген) Франция, Англия, Германия секілді елдері қоғамдық даму мен әлеуметтік өркендеуде біраз жетістікке жеткен болатын. Осыған елеңдеген Ресей империясы амалсыз монархиялық биліктің талғамымен қабыспайтын демократиялық ізденістерге барды. 1905 жылы ІІ Николай мемлекеттің шеткері халықтарына сөз бостандығы мен білім еркіндігіне қолайлы жағдай туғызатын «17 қазан Манифестін» жариялап, екі жылға жетпей мұның күшін жойғанда, Алаш лидері Әлихан Бөкейхан «Ресей алғаш және соңғы рет Ауропа болды» деп әшкерелеген еді.

Жалпы ХХ ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері мен Германия арасындағы байланысты сол кезеңнің шындығы бедерінде қарауға тиіспіз. Айталық, «Алаш қайраткерлері үшін неміс мәдениеті, неміс тұлғасы не еді?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейік.

Ә.Бөкейхан 1915 жылы 22 ақпанда «Қазақ» газетіне «Неміс мәдениеті» атты мақала жариялады. Мұнда қаламгер-қайраткер «соңғы қырық жылда 40 млн. 800 мыңнан 64 млн. 900 мың болып өскен» Германия жұртының Еуропадағы мәдени-тарихи орны мен әлеуетін сараптайды. Ә.Бөкейхан сөзімен айтсақ, бұл өсім, біріншіден, «неміс жұртының тамағы тоқтығын» көрсетеді. Екіншіден, бұл ел «ғұмырын бақыт жолына аударған».

Алаш тұлғалары ұсынған елдік рәмізде киіз үйдің түндігі Батыстан ашылғаны белгілі. Мұны олар «білім-ғылым нұры Ауропадан түсуін қалағандығымен» түсіндіреді. Расында, ХХ ғасыр басында Еуропаның (олар «Ауропа» деген) Франция, Англия, Германия секілді елдері қоғамдық даму мен әлеуметтік өркендеуде біраз жетістікке жеткен болатын. Осыған елеңдеген Ресей империясы амалсыз монархиялық биліктің талғамымен қабыспайтын демократиялық ізденістерге барды. 1905 жылы ІІ Николай мемлекеттің шеткері халықтарына сөз бостандығы мен білім еркіндігіне қолайлы жағдай туғызатын «17 қазан Манифестін» жариялап, екі жылға жетпей мұның күшін жойғанда, Алаш лидері Әлихан Бөкейхан «Ресей алғаш және соңғы рет Ауропа болды» деп әшкерелеген еді.

Жалпы ХХ ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері мен Германия арасындағы байланысты сол кезеңнің шындығы бедерінде қарауға тиіспіз. Айталық, «Алаш қайраткерлері үшін неміс мәдениеті, неміс тұлғасы не еді?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейік.

Ә.Бөкейхан 1915 жылы 22 ақпанда «Қазақ» газетіне «Неміс мәдениеті» атты мақала жариялады. Мұнда қаламгер-қайраткер «соңғы қырық жылда 40 млн. 800 мыңнан 64 млн. 900 мың болып өскен» Германия жұртының Еуропадағы мәдени-тарихи орны мен әлеуетін сараптайды. Ә.Бөкейхан сөзімен айтсақ, бұл өсім, біріншіден, «неміс жұртының тамағы тоқтығын» көрсетеді. Екіншіден, бұл ел «ғұмырын бақыт жолына аударған».

Осы ретте қаламгер орыс пен неміс жағдайын салыстырып өтеді: «Жалғыз ғана бидай салғаннан басқа қолынан түк келмейтін орыс мұжығына ер басына жүз 15 десятина да аз. ...Егін-шөп бір жыл шықпаса, жұт, ашаршылық келеді. ... Ауропа жұртында орыстан басқа жұртта ашаршылық та болмайды. Мұнда адам қол жетпес Құдайдың жаңбырына жалынбайды, өз қолындағы жаһид, өнеріне жалынады».

Автор қала мәдениетіне де айрықша тоқталады. Ә.Бөкейхан тұсында Ресейде - 15, Америкада - 33, Германияда - 60 пайыз халық қалада тұрыпты. «Мәдениет ілгері басқан сайын, қала зорайып, қалада табан ақы, маңдай термен күн көрген адам көбейеді. Зор қаладаға адам есебінен мәдениет дәрежесі сыналады» деп жазады қазақ қайраткері.

Адамзаттың жалпы мәдениетін «рухани мәдениет» және «нәрсе затына жалынған мәдениет» (материалдық мәдениет) деп бөліп көрсеткен Ә.Бөкейхан соңғысын халыққа кеңірек аңдату мақсатында былай деп байыптайды: «Шанышпа үш ағашты біздің қазақ үйіне айналдырған, мұны мәдени жұртта 57 астылы-үстілі үйге айналдырған, салт атпен әрең жүретін соқпақты темір жолға айналдырған, шақырымды телеграмға айналдырған, таяқты осы күнгі 21 пұт болат зеңбірекке айналдырған».

Әрі қарай қаламгер немісте зауыт-фабрик жұмыскері 1882 жылы 4 млн. 100 мың болса, 1907 жылы 8 млн. 600 мыңға өскенін, кеме, темір жол жұмыскері 700 мыңнан 2 млн.-ға көбейгенін, темір жол 19 мыңнан астам шақырымнан 60 мыңға жуық шақырымға артқанын, мұхитта жүзген кеме 180-нен 2 мың 400-ге молайғанын тәптіштеп жазады. Сонымен бірге ол өндіріс саласын алға жылжытатын көмір мен темір өндірудегі неміс жетістігіне тоқталады. Мәселен, мұнда 1885 жылы 73 млн. 600 мың, ал 1913 жылы 191 млн. 500 мың тонна тас көмір қазып алынған. Қорытылған шойын 1885 жылы - 3 млн. 700 мың, 1913 жылы - 19 млн. 300 мың тонна.

Тұтастай алғанда, неміс жұртының байлығы 1872 жылы 70 млрд марка болса, 1914 жылы ол 350 млрд маркаға өскен. Ә.Бөкейханның сөзімен айтсақ, «40 жылда неміс байлығына жылына 7 миллиард таза пайда байланып отырған».

Бүгінгі тілге салсақ, «неміс экономикасына аналитикалық талдау жасаған» қазақ қайраткері мақала қорытындысында: «Бүйтіп ілгері мәдениет жолында желіп-жортып кеткен жұртты бұ күнге шейін тарих білген емес» деп көрсетеді.

Әлихан Бөкейхан Германия және осы мемлекетпен байланыстағы Еуропа тақырыбында бұдан басқа да біршама еңбек жазған. Соның ішінде елеулісі - ұлтқа кең тарайтын «Қазақ» газетінде 1913 жылы 23 шілдеде жарияланған «Бебел» (Август Бебель) атты мақаласы. Бұл материал неміс қайраткерінің 1913 жылы 28 шілдедегі қазасына орай жазылған. Мұнда 27 жасында саясат айдынына көтеріліп, 73 жасында дәм-тұзы таусылған, «адам баласы өзіне өзі риза болып мақтанарлық істің бәрінің басшысы, ұйытқысы, әзелден артық туған сабаз Бебелдің» саяси портреті жасалады. Құрамында «үш миллионнан аса қол ұстасып, тізе қосып жүрген адамы бар» Германияның социал-демократиялық партиясы жетекшісінің тарихи мәртебесі сарапталады.

«Бейшараға болыссаң, қасқырға тартқызбай жүресің бе? Бебел ғұмырында 5 жыл абақтыда отырды, 2 жыл абақтыда Германияның с.д. партиясының басы, үлкен ғылымды Либкнехтпен бірге отырып, университет бітіргендей ғылымды болып абақтыдан шықты. Бебел неше кітап жазды. Рейхстагта сөйлеп, «Впередқа» мақала жазатын еді. Мінезінен дұшпандары кір тапқан жоқ. Тусаң Бебелдей болып ту, жасасаң ғұмырды Бебелдей жаса!» дейді Алаш көшбасшысы.

Батыс пен Шығыстың жақсысын - жақсы, жаманын - жаман деген Ә.Бөкейханның әлемдік мәртебесі бар неміс тұлғаларын асқақтатуы бір бұл емес. 1914 жылы жазған әйгілі «Ән, өлең һәм оның құралы» атты мақаласында («Қазақ», 23 маусым) өнердің осы нәзік саласы туралы толғана келе, Гете, Шопенгауэр, Бетховен, Мартин Лютер сынды неміс халқының арда ұлдарының музыка хақындағы пікір-пайымына тоқталады. Осы орайда бір ақиқатты айта кеткен орынды: Әлихан Бөкейхан қазақша сөйлеткен Герман тұлғаларының тілі, парасаты Алаш халқын әлемдік аяда рухани байытты. Енді мұны тағы да тыңдап көрелік: «Гөте келтіреді: «Ән-өлең шертіп ойнау - ең жоғарғы өнер. Әнде не нәрсе салынса, ішекке не ойналса, сол нәрсе жоғары шығып көтеріледі, ағарады, қасиеттенеді».

Шөпенгәуір сөйлейді: «Өлең, ән, күй салу баршамыздың қазынамыздың (қозғалу, сезу, тебіренуді) бәрін жоғары жасап, жоғары жаратуға зор бір құдіретті сайман. Өлең, ән, күйдің күші, ән қуаты сондай күшті - бұл барлық жаралыс тұрмысын көрсетеді. Өзге өнерлер құр көлеңкісін ғана көрсетеді. Жүрек жанына орнаған дақты сол күймен ғана сыртқа шығарады. Мәрхамат, шәфқат, рахат, мехнат, шаттық-реніш, ғайрат, хафалық, зар, мұң, күйініш - бәрін жүректе қандай болса, сондай қылып көрсетеді».

Бетховен айтады: «Ән, өлең, күй - сондай ашық түрлі жарық тіл. Ондай қылып данышпан да, хәкім де айтпайды. Ол - адамның жол салушысы, жол басшысы. Бұл жол бір ғана сонау биік, жоғары білім ғаламына шығатын жол. Ол ғалам адам баласына сезімді, бірақ денесімен адамзат бара алмайды. Ән, өлең, күй құдірет ғылымымен әбден сырлас».

Мәртін Лүтер: «Ән, өлең, күй аспабы - адамның ғибрат берушісі, адамның ақылын оятып, молайтып, қорытып беруші ең жақсы ақылшысы, жіңішкелікке, төменшілікке, бірлікке, татулыққа, сүйіспеншілікке, ең бірінші оқытушысы, үйретушісі. Ән, өлең, күй - ең сенімді үн. Бұл үнмен адам мехнатын, рахатын, ғайратын, шәфқатын, сүйіспеншілігін билейтін, қайғы-қасіретін Құдайға тапсырады, жеткізеді. Ән, өлең, күй - аспандағы періште тілі, бұрынығы жерде болған пайғамбарлар тілі. Ән, өлең, күй - Алланы танытуға үлкен себепкер».

Мәртін Лүтердің дұспандары аңыз қылысқан: «Мәртін бізді білімімен алдап ерітіп алмады, әнімен елжіретіп ерітеді» деп».

Білім мен танымның тұнығынан су ішкен Әлихан Бөкейхан өнертануды қазақтың да ешкімнен кем емес екенін дәлелдей отырып: «Ән, өлең, күй - адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірдей ұғымды тіл. Бұл тіл - жанға хас жүрек тілі, сезім тілі, күй тілі» деп, ой-пікірін жоғарыда келтіріліген әлемдік алыптардың пайымымен астастырады.

Алаш қайраткерлері жақын да алыс Герман жұртын осылай танып жатқанда, қиырдағы неміс ғалымдары да Қазақ даласының сырын ұғуға ынтыққан секілді. Біз мұны Алаш қайраткері, жазушы-драматург, журналист-зерттеуші Қошке Кемеңгерұлының «Жол әсері» атты мақаласында («Қазақ тілі», 1924 жыл, 15 тамыз) айтылатын «Берлин университетінің профессоры доктор Кучинскийдің» ізденісімен сабақтастырып айта кеткіміз келеді. Қаламгер былай деп жазады: «Германиядан келген Берлин университетінің профессоры доктор Кучинскиймен Семей уезіне қараған Бұғылы, Шыңғыс, Меңдеш болыстарын, Қарқаралы үйезіне қараған Ағанды, Абыралы, Кент, Ақсары, Дастар, Ақбота болыстарын шет пұшпақтап аралап түстім. Профессордың мақсаты қазақ арасындағы ауру түрлерін, қандай аурудың көбірек тарауы, тазалық шарттарын тексеру еді және де қазақ елінің жалпы тұрмысымен танысу еді. Профессордың елді аралап аз уақыттың ішінде алып қайтқан қорытынды пікірі мынау: «Бұрын қазақпен кітап арқылы да таныстығым жоқ еді. Германияда ең маңызды жағрапия Зейдл дегендікі. Сонда қазақ туралы екі-ақ жол бар. Қазақ көшпелі, мекені киіз үй, баққаны мал деген. Енді байқап қарасам, қазақ туралы екі жол емес, әлденеше түп кітап жазуға болады екен. Көшпелі тұрмысқа қолайланған. Мәдениеттен қазақ туралы екі-ақ жол бар. Қазақ көшпелі, мекені киіз үйлері өте шеберлікті көрсетеді. Мал баққан ел әнші келеді деген пікірді қазақ елі айқын дәлелдейді. Қазақтың кейбір әндері Венгриядағы мадиярлардың әніне ұқсас. Қазақ өң жағынан бір атадан өрбіген емес. Өйткені кейбір қазақтар өңдес Германияда, Италияда, Жапонияда, Орталық Америкада кездеседі. Әсіресе соңғы айтылған ауданда қазақ өңдес көп. Бұл антропологияның (адам өңін тексеретін пән) тереңнен тексеретін зор мәселесінің бірі болу керек».

Мақалада Қошке неміс дәрігерінің қазаққа ілтипаты мен қызметі туралы: «Бар аурудың профессор қазақтың қолынан келетін емін айтып отырды» деп те түртіп қояды. Сонымен бірге осы еңбекте герман ғалымының көзіне түскен алаш жұртының бастамашыл істері де көрініс тапқан. Мысалы: «Бұғылы болысында Медеу деген қазақ 12 бөлмелі мектеп салғызып жатыр екен. Артық дәулеті болмаса да талабы зор... Қарқаралыдан Темірші жеріне жаяу барып, егін салып суарып қайтып келе жатқан қазақтарды да көрдік. Қазақ бейнеттен қашатын емес. Бірақ басшы керек. Әлсіздерге қазынадан жәрдем керек... Жақсы жүйрік шығатын жылқының тұқымы тобықты ішінде Құнанбайдан тараған ауылдарда бар екен. Құнанбай дәуірі жүріп тұрған кезінде ат жетер жерден жүйрік, сұлу айғыр алғызып жылқысын түзеген. Шаған болысында да жылқы тұқымын түзей бастаған байлар бар көрінеді. Шаған болысында Арынғазы Абылайханұлы деген фельдшер сиырдың сементал деген тұқымын өсіреді...». Қаламгер рухани қазынаны ескеруді де  ұмытпайды: «Тобықты ішінде ескі күйлерді тартатындар бар екен. "Асан қайғы", "Ала байрақ" деген күйлер - ескі күй. Бұған қарағанда, ала байрақ қазақтың Алтын Ордадан бөлінбей тұрған кезіндегі күйі болу керек. Күй тартатын кәрі шалдар. Бұлардың көзі жоғалса, ескі күйден айрыламыз...».

Қ.Кемеңгерұлы жол әсерін жүйе-жүйесімен (денсаулық, білім, шаруашылық, мәдени өмір т.б) хатқа түсірген. Бұл үрдіс неміс профессоры жазбаларының ықпалынан өрбуі де мүмкін. Айтқандайын, Қошке мәліметіне қарағанда, өзінен басқа М.Кучинский жанында Халел Ғаббасұлының атқосшысы  және бір латыш жігіті болыпты.

Бір қызығы, ұлт зиялылары репрессияланып, олардың атын атауға тыйым салынған жылдары (1974) осы неміс ғалымына қатысты бір дерек ғалым Ысқақ Дүйсенбаевтың «Мұхтар Әуезов» атты еңбегінде «жылт ете қалды». Осы кітапқа енген «Әз аға» естелігінен мына жолдарды оқимыз: «Шамасы, 20-жылдардың басында болу керек, неміс ғалымы (медик) Макс Кучинский бастаған шағын топ жазды күні Мұқаңдардың ауылына келеді. Неміс оқымыстысының жанында бір орыс (неміс тілін білетін), бір қазақ (орыс тілін білетін) екі тілмашы бар екен. Сол жылдары дәрігерлік жоғары мектепте оқып жүрген Қошке Кемеңгеров қазақ ауылына келген соң еркін серуендеп, біраз серпілмек болады да, Мұқаңды өз орнына тілмәштік етуді өтініп, ол кісі ойламаған жерден аз уақыт Кучинскийдің қарамағында қызмет етеді. Ал, Макс Кучинский ең алдымен даланың білімді адамымен сөйлескісі келген тілегін білдіргенде, оны Мұқаң Шәкәріммен таныстырады. Неміс ғалымына ол зор құрмет көрсетеді. Сонымен қатар Құрбан айтына байланысты екі күндей ойын-сауық жасайды: ат жарыс, балуан күрес, көкпар тарту, тағы да басқа ойындар, әсіресе ән. Олардың бәрін суретке түсіріп, Кучинский қарық боп қалады. Ол ұзақ уақыт Шәкәріммен әңгімелескеннен кейін: «Бұл кісі шынында да даланың көпті көрген адамы екен» деп қатты сүйсінеді. Кейін өз еліне, Германияға оралған соң Макс Кучинский «Степь и ее обитатели» деген атпен кітап шығарыпты деседі. Бірақ, сол еңбекті алдыруға қанша әрекеттенсе де Мұқаң, неге екені белгісіз, одан еш нәтиже шығара алмапты» (213-214-б.).

Алаштың белгілі зиялыларымен сұхбат құрып, қазақ мәдениеті мен білім-білігіне қанық аталған неміс ғалымы туралы тағы бір мәлімет біз ҰҚК архивінен тапқан Ә.Бөкейханның А.Байтұрсынұлына жазған хатында да көрініс тапқан. Бұл мұра қайраткердің 1995 жылы С.А.Жүсіп құрастырған «Таңдамалысына» де енді (қараңыз: 397, 456-б.).

1925 жылы 23 маусымда Мәскеуден жазылған Әлихан хатында мынандай жолдар бар: «Профессор тамыз бен қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен одан Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірлерге барсаңыз, Ахмет Байтұрсынұлын ұшырастыруға тиіссіз. Бұл кісі сізге серік болады» дедім мен тағы да.

Енді сенің келісіміңді біліп, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мәскеудегі неміс өкілдігіне кетпекшімін. Ол өзі бізідің қазақ өкілеттігіне соғып, анықтап сұрап алатын шығар.

Тамыз айында қайда боласың? Мырзағалиевті неміспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің профессорым), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз» деп.

Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеу нысанасы да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді».

Бұл хатта сөз болып отырған неміс ғалымы пен Қ.Кемеңгерұлы, М.Әуезов деректеріндегі неміс ғалымы бір азамат екені анық. Бұдан мынандай қорытынды шығаруға болады:

Біріншіден, Берлин университетінің профессоры Макс Кучинскийдің Қазақстан сапарын ұйымдастыруға Алаш көсемі Ә.Бөкейхан бірден-бір себепші болған.

Екіншіден, профессор Макс Кучинскийдің Қазақстан сапарын жай ғылыми-танымдық немесе ғылыми-практикалық сапар деу аз. Мұның болашақ қазақ тәуелсіздігіне қатысты саяси астары да бар. Өйткені, Ә.Бөкейхан хатында тұспал, меңзеу анық байқалады. Сонымен бірге ОГПУ-НКВД да ұйықтап жатпай, бұл хатты 1925 жылы-ақ қолға түсірген.

Үшіншіден, қалай болғанда ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақтың аса танымал, беделді қайраткерлерімен жолығып, олардың ой-пікірін жазып алған бүгінгі Қазақстан ғылымына бейтаныс Макс Кучинский тұлғасы Қазақ-Герман достастығының белгілі бір кезеңін ғана көрсетпейді, жалпы Алаштың Еуропаға терезе ашқан елеулі сәтін аңғартады.

Біздіңше, аталған неміс ғалымы туралы деректерді Германияның университеттері мен ғылыми орталықтары архивінен іздестірген дұрыс. Қазақ жері мен зиялылары туралы еңбек те осындай мекемелердің аз таралыммен шыққан ғылыми жинақтары қатарында «шаң басып» тұруы мүмкін...

Мұны жан-жақты іздестіру, кешенді зерттеу - дәл осы күннің еншісіндегі мәселе.

 

 

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, профессор

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489