ТӨЛЕГЕН МҰСАБЕКОВ: МЕНІҢ АТАМ ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА ӨЗІН ҚҰРБАН ЕТТІ
Алматы қаласында генерал И. В. Панфилов бастаған 316-шы атқыштар дивизиясы 28 батырының атақты ерлігі туралы «28 панфиловшы» көркем фильмінің қазақстандық тұсаукесері өтті. Тұсаукесердің құрметті қонақтарының бірі панфилов дивизиясы 1075-шы атқыштар полкі 2-ші батальон 4-ші ротасының жауынгері Мұсабек Сенгірбаевтың немересі Төлеген Мұсабеков болды.
«Фильм өте жақсы түсірілген. Москва түбіндегі қантөгіс шайқастарға қатысушылардың бірі болған Иван Шадринді өз көзіммен көрген болатынмын. Ол біздерге, мектеп оқушыларына, 1941 жылдың қарашасында орын алған үрейлі күндердің оқиғалары туралы жиі әңгімелеп беретін», - деді Төлеген Тілеуханұлы Мұсабеков.
Панфиловшы батырдың немересі айтып кеткендей, Кеңес Одағының батыры Иван Демидович Шадрин Мәскеу қаласын фашист әскерлердің шабуылынан қорғау барысында қаза тапқан қарулас достарын жиі еске алған болатын.
«Бұл фильм шынымен халық фильміне айналды. Өйткені ол Отанының бас қаласы Мәскеуді құтқару үшін өмірлерін құрбан еткен көпұлтты халық туралы фильм. Олардың қалған басқа шарасы да болған жоқ, өйткені шегінер жол жоқ, арттарында Мәскеу және оны қандай да жағдайда қорғап қалу қажет деген тапсырма болатын», - деп сөзін жалғастырды Т. Мұсабеков.
Сонымен қатар ол панфилов дивизиясы 28 батырының ішінде қазақтар, украиндықтар, қырғыз және орыстар болғандығын хабарлады: «Аталарымыздың көбі орыс тілін білмегенімен, берген тапсырманы түсініп, Отанымыздың астанасын қорғауда жанын пида етті. Бұл олардың рухтарының қаншалықты мықты болғандығын көрсетеді».
«Жастығына қарамастан, фильмнің түсіру тобы сол уақыттың оқиғаларын, Волоколамск қақтығыстарының қорқыныштары мен қатыгездігін көрсете алды. Мен оларға батыр панфиловшыларды мәңгі есте сақтау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс айтып, осы жолдағы ізденістерді жалғастыра отырып, болашақта бұдан да керемет туындылар жасайтындығына үмітімді білдіремін. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне де бұл жобаға қолдау көрсеткендері үшін ризамын, өйткені аталмыш фильм өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. 28 панфиловшының ерлігі – батылдық пен жанқиярлықтың даусыз үлгісі. Фильм жалпы көрсетілімге шыққаннан кейін көрермендер кинотуындыны түсіруші топтың еңбегіне өздерінің лайықты бағасын беретіндігіне үміттенемін», - деді панфиловшы батырдың немересі.
Айтып кету керек, Алматыда өткен «28 панфиловшы» фильмінің тұсаукесері барысында Төлеген Мұсабеков кинотуындының режиссерлері Андрей Шальопа, Ким Дружинин, сонымен қатар Мұсабек Сенгірбаевтың ролін сомдаған актер Азамат Нығмановқа «Мұсабек Сенгірбаевтың 100 жылдығы» мерейтойлық төсбелгілерін табыс етті.
Abai.kz