Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3355 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 11:52

Тәуелсіздік тартуы қайырымдылық шара бір айға жалғасты

Түркістанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, кең көлемде қайырымдылық шарасы өтті. Қала әкімдігінің айтулы мерекені ұлықтауға арналған іс-шаралар кестесіне сәйкес, қайырымдылық акциясын өткізуді ұсынған қала тұрғыны сауапты іспен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашты.

Атап айтсақ, өңірдегі игі істерге мұрындық болып жүрген «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінің директоры, денсаулық сақтау саласының үздігі Қыдырәлі Рысбеков бір ай көлемінде қайырымдылық шарасын өткізуге демеушілік танытты.

Тарқатып айтқанда, жас ақындар мүшәйрасы, халық арасында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында колледждер арасында сайыстар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйіне барып азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оқушыларға киім-кешектер мен мектеп құралдарын тапсырды.

Жас ақындар арасында «Ата-анаға құрмет, ұрпақ алдындағы міндет» жыр мүшәйрасында мектеп мұғалімі де студент те, оқушы да қатысуға ниет білдіріп, 80-ге тарта өлеңдерін  ұсынды. Солардың ішінде 14-29 жас аралығында қатысқан жастардың ата-анаға құрмет тақырыбында 78-ге жуық өлеңдер келіп түскен. Осы өлеңдерден 15-і іріктеуден өтті. Іріктеуден өткен үш үміткер жүлделі орындарға ие болды. 1-орынды  Ататүрік мектебінің мұғалімі  Санжар Ғұлама жеңіп алса, қалған үздік үштікті ХҚТУ-дің студенті Рысгүл Досжанова мен ХҚТУ-дің студенті  Еламан Төлеутай қортындылады. Жүлдегерлердің барлығы да ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ сайыс барысында ұйымдастырушы тарапынан арнайы жүлде тағайындалып,  Бердіқұл Қазынаға да ақшалай сый жасалды. Өлеңдер жинаққа басылып шығарылатын болады.

«Дәстүр кені көнеде - жас ұрпаққа өнеге» атты халық арасында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерден сахналық көрініс көрсету сайысын да ерекше атап өтуге болады. Қала колледждері арасындағы бұл сайыста ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту, дәріптеу басты мақсат болды. Сайысқа қаламыздың Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжі, Түркістан медицина колледжі, №21 колледжі,  Яссы колледжі, Этнопедагогикалық колледжі,  «Болашақ» колледжі,  «Түркістан» көпсалалы медицина колледжі өзара  бақ сынады.  Шарада  салт-дәстүрлерге байланысты сахналық көріністер  қойылды.  Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Этнопедагогикалық колледж иемденсе, екінші орын  «Болашақ» колледжіне бұйырды. Ал үшінші орынға «Түркістан» көпсалалы медицина колледжі мен  Түркістан индустриалды-педагогикалық колледждері лайық деп танылды. Бұл ұжымдарға да арнайы ақшалай сыйлықтар табысталды.  

Көпсалалы медицина колледжінің директоры  Қ.Рысбековтың бұл игі исі көпке үлгі. «Ұлттық ойынымыз көпарды ұлықтап өткізсем де болар еді, бірақ жағдайы төмен отбасыларға, студенттерге көмегім болсын деп осы шараларды ұйымдастырдық» дейді ағамыз. Көңілге қуаныш, жүрекке мейірім сыйлайтын  жақсыдан шарапат тарайтын бастамалар өз жалғасын табады деп сенеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572