Мал ұрлығымен күрес күшейтілмек
Түркістан қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың төрағалық етуімен Түркістан қаласы бойынша қылмыстың алдын алу шараларының барысы және мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл қою мәселелері қаралды. Жиынға ауыл округ әкімдері мен тұрғындары, сонымен қатар тиісті сала қызметкерлері қатысты.
ҚІІБ Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция бөлімшесінің басшысы Бауыржан Исаев аталмыш мәселелер бойынша хабарлама жасады. Бабайқорған ауылдық округінің әкімі Арман Ержігітов, Үшқайық ауылдық округінің әкімі Нұрәлі Әлмерденов, ветеринария бөлімінің басшысы Полат Мұсаев, заң бөлімінің бас инспекторы Біржан Бекділдаев қосымша хабарламалар жасап, аталған қылмыстарың алдын алу, болдырмау тұрғысында өз тараптарынан қандай жұмыстар жасалып жатқанына тоқталды.
Төрт түліктің ұрлығына қатысты аталмыш жиынға келген ауыл тұрғындары ұрлықты тоқтатудың, оны құрықтаудың жолдарын бірлесе шешу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар мал ұрлығының жиілеуінің басты себебі бақташының болмауы екенін де айтты.
«Мал ашуы – жан ашуы» демекші, төрт түлігі қолды болып, шығынға ұшырап жатқан ауыл тұрғындарының жанайқайы кімді де болсын бей-жай қалдырмасы анық.
Жиын соңында шаһар басшысы Әліпбек Өсербаев қайталана беретін мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл қою қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар бере келе, мал ұрлығының ашылуы барысындағы жұмыстарды сынға алып, одан нәтиже шығарулары қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.
Abai.kz