Шымкентте қоғамдық көлік жағдайы мен туризмді дамыту мәселелері талқыланды
Қала əкімдігі аппаратының кезекті жиынының күн тәртібінде екі мəселе алға қойылып, қаладағы қоғамдық көлік қызметінің жағдайы, сонымен қатар туризмды дамытудың жолдары мен мүмкіндіктері сөз болды. Жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы К.Жұматаев қала аумағында күнделікті 440 мың жолаушы тасымалдаумен айналысатын 29 компанияға тиесілі 1130 автобус пен шағын автобустар бар екендігін мəлімдеді. Әрі 2015-2016 жылға 230 автобус ауыстырылғандығын, және қала шекарасының ұлғаюына байланысты шалғайда тұратын тұрғындарды тасымалдауда бірқатар мəселелер туындағанын да айтып өтті.
Осы мəселені шешу мақсатында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірлескен "Шымкент Бас" ЖШС компаниясы құрылды. Аталған автобус паркінің көліктері жолаушыларға облыс орталығының ерекше маңызды бағыттары бойынша қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, қаладағы жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл автожолдарда 325 жасанды кедергі, 60 жасөспірімдерге арналған жол жүру түсіндірме тақтайшалары, мектеп жанынан 9 жаңа бағдаршам құрылды.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мəселе бойынша қалалық кəсіпкерлік бөлімі басшысының м.а. Əсет Әбдіраханов баяндама жасады. Ол өз сөзінде ағымдағы жылы шаһарға келуші туристер легі көбейгенін атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қаламызға келген туристер саны 4000 адамға артқан. Туризмді дамыту мүмкіндіктері ретінде Ə.Әбдіраханов "Шымкент Плаза" сауда орталығының, бес жұлдызды "Holiday Inn Shymkent" қонақ үйінің ашылуы, " Shymkent city" жобасының іске асырылуы, "Shymkent mall" сауда орталығының, жаңа əуежай мен темір жол вокзалының құрылысы, сондай-ақ Бадам өзені жағалауы мен Тоғыс су қоймасы, "Ескі қаланы" туристік аймаққа айналдыруды атап өтті. Бүгінгі таңда Шымкентте 131 мамандандырылған туристік ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде 25 туроператор, 106 туристік агенттік, 2 балалар сауықтыру лагері, 41 туристік нысан мен 69 қонақ үй жұмыс істеп тұр.
Abai.kz