Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 6196 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 07:10

ҚҰНАНБАЙДЫ КІМДЕР СОТТАҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

Тәуелсіздігіміздің 25 жылында біз көп өзгердік. Шүкір, еліміз бен елдігіміз жаңғырды. Жаңа әлемге жаңа Қазақстан болып ендік. Шекаралар ашылды, тереземіз теңесті. Көп мемлекетпен ынтымақтастық. Жастарымыз талаптанды. Үлкендеріміз бұрынғыдан да иманды, тәубашыл бола бастағандай.

Сонымен бірге ... Құдайдан жасыра алмайтын қиындықтарымыз да бар. Кейде тым әсірешілміз. Өзгенің қаңсығы - бізге таңсық. Шет жұрттан нені үйреніп, неден жиренетінді білмейтіндейміз. Жастардың да бетімен кеткені аз емес. Аға толқынның кейбір өкілі ақсақал жасына жетсе де, елдіктің сөзін айтпай, адасатынды шығарды.

Тағы да қайталаймыз: біз көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ көрген шындықтан қашпаймыз.

Осыдан төрт жыл бұрын интернет иірімін қарап отырып, «bozbala.com» сайтына ұшырасқаным бар (05.12.2012). Мұнда М.Әуес ныспылы бір азаматтың қазақ қоныстанаған бүгінгі Қытай аймағынан шыққан қаламгер Оразхан Ахметтен алған сұхбаты жарияланыпты (бастапқыда «Шұғыла» журналына шықса керек). Қош, әңгіме әдебиет туралы.

Біз жіті танымайтын (бірақ өзі бар қазаққа танымалдығына шәк келтірмейді) Орекең біраз нәрсенің басын қайырып келіп былай дейді: «Әдебиетшілер бас қосқан ортада әдебиет жөнінде өз пікіріңді, өзгеше пікіріңді айтсаң, өзгелер ренжіп шыға келеді. Әй, енді әдеби бас қосуда нені айтамыз?! Бір-бірімізді бет келе өрінсіз қолпаштап, айнала бере жамандап қайтамыз ба? Біз бұл әдебиет сынды дау-дамайлы жолға неге түстік? Сынға шыдаймыз, ауырды көтереміз деп түстік. Бізді ылғи мақтай беруге ешікім де міндетті емес. Сынға шыдамасаң жазбай-ақ қой...».

Былай қарағанда, осы сөздер қисынды-ақ сияқты. Дей тұрғанымен О.Ахмет арғы ойын былай деп те жеткізіп үлгереді: «Сыпыра мақтау, сыпыра даттау - жақсылық емес. Бір есептен мақтауға да, даттауға да қарсы емеспін. Тек жүйесін тап». Осы тұрғыдан байыптасақ, әдебиетте 40 жыл мехнат көрген Орекең бір жүйесін (құпиясын) тапқандай ма, қалай?..

Сұхбатты әрі қарай оқимыз. Ол жүйе не екенін біле түскіміз келеді. Автор тізгінді жібереді:

«Қазір біздің романдарымызда «тарихи шындық қалай бейнеленді?» деген кілтең мәселе сөз болып жүр. «Кейбір тарихи деп аталған романдар белгілі тарихи тұлғаның атын алып, оқиғасын ойдан құрады. Сондықтан, мұндай шығарманы «тарихи шығарма» деп атауға болмайды» деген пікірлер де болды. Енді біреулер «Әдеби шығармада жасампаздық еркіндік бар. сондықтан, оқиғаны ойдан құраса, біреудің басынан өткенді біреуге жамаса бола береді» деп өкірештеді. Әуелі, олар осы пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеу үшін өзге емес, Мұхтар Әуезовтің өзін куәлікке тартады. Ділдәнің, Әйгерімнің образын бұрмалағандығын, Абайдың басынан өтпеген оқиғаларды Абайға телігенін «жасампаздық қажетінен туды» дейді. Сонымен, Мұхтарды алдыға салып алып, тарихи оқиғаны қалай болса солай бұрмалауға жол ашпақ болады. Иә, «Абай жолында» бірталай кейіпкерлер, оның ішінде Ділдә мен Әйгерім тұр ғой, Абайдың ең сүйікті шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының да образы бұрмаланды. Ал, осыны Мұхтар өз еркімен жазды ма? «Абай жолы» қандай дәуірде дүниеге келді? Шәкәрімді ол кезде кім деуші еді? Міне, осындай қиын жағдайда ұлы жазушы еріксізден кейбір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды бұрмалады. Әуелде Мұхтардың мұндай бұрмалауға көнбегені белгілі. Бірақ, саяси, рухани қысыммен бұрмалаушылыққа еріксіз барды. Ділдә мен Әйгерім образы жөнінде, әсіресе, Ғабит Мүсіреповтің қатты қадалып алғанын, ақыры жазушыға өз пікірін өткізгенін Мұхтар мен Ғабиттің замандастары көп жазды. Мұхтардың «тарихқа қиянат ете алмаймын» деп көп қасарысқанын ұзақ жасаған ғұлама жазушының бірі Әлжаппар Әбішев те дәлелдейді...».

Тоқтаңыз! Сонда алыстағы қандас қаламгеріміздің мақсаты не? Әдебиетке, әдебиет тарихына ревизия жасау ма? Заманның қиындығына қарамай, көркем әдебиет мүмкіндігі аясында тарихи шындықты жеткізген Мұхтар Әуезовті тезге салу ма? Жазушының еріксіздігін айта отырып, нені мақсат тұтты? Басқа-басқа, дәл осы мәселе (көркем шығарма тарихи деректі сол күйінде жеткізуге міндетті емес екені туралы) кеңес заманында сан рет жазылып, талданған жоқ па? Қазірдің өзінде қып-қызыл болып отырған Қытай, оның әдебиеттануы мұны білмеуі мүмкін бе?

Алыстан әдебиетімізді өзінше талдаған Орекеңе мынандай сұрақ қоялық: егер М.Әуезов аталған романында кейіпкерлерінің бәрінің атын басқаша қойса, оқиға ретін де мүлде басқаша құрса, «тарихи дерек» іздеп, кінә артар ма едіңіз?

Бұдан да қарапайым мысал алайық: сіздің 4-5 перзентіңіз, біраз көршіңіз бар делік. Көршіні былай қоялық, өзіңізден жаралған бала-шағаңыздың сіз туралы бәрінің ойы (мысалы, нақты бір оқиға кезіндегі іс-әрекетіңіз туралы) бір жерден шыға ма? Жоқ, тұңғышыңыз «оны көрген жоқпын» деуі мүмкін, кенжеңіз «әкем сол жерге бекер барды» деп қыңыр мінез танытуы да ғажап емес... Жазушы – ең бірінші суреткер, сондықтан сезімін, түйсігін, танымын бояумен жеткізеді. Мысалы, М.Әуезов, біреулер ойлағандай, «жағымсыз етіп» суреттеген Құнанбай бейнесі – түсіне қарағанда, тіпті де жағымсыз емес. Асқақ, керемет, кесек! (бұл туралы сіздің ойыңызға соңынан тағы тоқталамыз).

Жалпы Оразхан Ахметтің шығармашыл тұлға жөніндегі ойы өте қызық. Біздіңше, ол кісі жасына қарамай сенсацияға бейімдеу секілді. Шындықты шыжғырып айту - бұл ағамыздың ойынша, әдебиеттанушының міндеті.

Мәселен, «ақын М.Мақатаев туралы не дейді?» дейсіз ғой. «Мұқағали жөнінде жазылған талай эссені көрдім. Сонда, әуелі ол кісіге әлдекімдер зорлап, яки алдап арақ беріп жүрді дегенге жуық сөз айтылады. Жағамды ұстадым. Арақ ішу деген бір адамның әдеби табысын жоққа шығарар құбылыс емес қой! Мұқағали арақ ішіп жүріп-ақ, соншама рухани байлық жаратты. Бәлкім, ішпесе мұндай болмас па еді?!  Әрине, бұл - оның даралығы. Енді апарып Мұқағалиды сақтанғыш көп тақуаның қатарына қосу бізге неге керек болды? Шындықты бұрмаламай төтесінен айтудың өзі - сол даңқты ақынымыздың өмір бойы ауызынан тастамаған дәріптемесі емес пе? Енді Мұқағалидың өзін-өзіне қарсы қойып, көпіре сөйлеу бізді қай ұшпаққа шығармақ?».

Сіз бұдан не түсіндіңіз? Біз бұдан «ұлы ақынды арақтан бөлек қарау мүмкін емес» деген шығармашылығына мүлдем қатыссыз бір «жалаңаш кеуделі батыр» ойды ұқтық. Сонымен бірге Орекеңнің ақпараты шындыққа сәкес келмейтінін де шамаладық. Көбіміз баспасөзді қараймыз. Бірлі-жарым ауызша естеліктер болмаса, Қазақстанда жарияланған Мұқағали туралы әдеби эсселер айдалаға лақпай, таза шығармашылығын айтады. Сонда О.Ахмет «арақ әңгімесін» не үшін қозғаған?

Біз мұнда бар қазақтың басын қоса алмай «ел бірлігі, рух бірлігі, ұлт бірлігі!» деп шапқылап жүрсек, осыған ақсақал ретінде үн қатуға тиіс Оразхан Ахмет, сыпайылап жүйелесек, «қартайғанда жорға шықты». Бірақ бұл жорғалығы өзін жазымдап алмасын деп тілелік...

Таяуда (11.11.2016) Алматыдан шығатын «Қала мен дала» газеті Орекеңнің «Құнанбай – қазақ халқы алдында қылмыскер!..» деген бір қисық-қыңыр ойын бұрқ еткізді. Сенсация! «Ит адамды қапқан жоқ, адам итті қауып алды!..».

Айналайындар-ау, жасы сексендегі (1938 жылы туыпты, қазекем әр 33 жасқа 1 жыл қосса, сол шығады да...) Шығыс Түркістандық ақсақалға не көрінді? Оны не түлен түртті?..

«Егер орнатқан таразымыз шын таразы болса,- дейді түйіндемесін одағай ойлы Орекең, - сөз жоқ, ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тіккен хан Кене орыс отаршылдарының қанды шоқпары Құнанбайды басып түседі... Шын мәнінде, Құнанбай – бір Абай емес, мың Абайдың әкесі болса да, қазақ халық алдында қылмыскер».

Біз енді жазбамызды нақты қаратпа сөзге бұрамыз.

Оразхан аға, мұны айтып отырған нақ өзіңіз бе? Әлде хатқа түсірген Нұрсерік Тілеуқабылұлының «қоспасы» ма? Сірә, газетке жолдаған адам ниеті қисық болса да, бірдеңе қоспауы тиіс...

Сіз осы ойыңызды не бозаның буымен айттыңыз, не адамзат дамуы туралы біліміңіздің кемдігімен айттыңыз. Оны дәлелдеу түк те қиын емес.

Біріншіден, қазақтың бірде-бір жазба тарихында «Құнанбай Кенесарыға қарсы шапты немесе Хан Кене мен Құнекең арасында соғыс болды» деген дерек жоқ (біреулер оны ауызша таратса, ар-ұяты - өздеріне).

Екіншіден, сіз Құнанбайдың «қылмысын» Ресейдің патша үкіметінен атақ-шен алғанымен, аға сұлтан болғанымен түсіндірсеңіз, ұлтыңыздың бар жақсысын «қылмыскер» етіп шығарасыз (онда ғылымның басында тұрған Шоқанның әкесі де, өзі де, тіпті Алаштың көшбасшысы Әлихан да – «қылмыскер». Қазаққа еуропалық білім әкелген Жәңгір хан да, Ыбырай да – «қылмыскер». Патша үкіметінің отаршылдық саясатын жалғастырған кеңес өкіметіне қызмет еткен бар қайраткер – «қылмыскер»...).

Үшіншіден, сіз осы көзқарасыңызбен өзіңізше Кенесарының тарихи бағасын бергендей боласыз. Сонда Хан Кене мен Наурызбай өлтіріліп, Сыздық төре бұғаққа алынғаннан кейін тігерге қалған тұяғы өз тұсындағы өкіметке (патша, совет) қызмет етсе, олар да «қылмыскер» болғаны ма?

Сіздің пікіріңіз өткінші жауындай. Былай қарағанда – «намыстан» жаралғандай. Ойлана қарағанда, түкке де тұрмайды. Тұнып тұрған алогизм (қисынға келмейтін қойыртпақ).

Мұны адамзат білімімен байланыста түсіндірсек, сіздің қабылдауыңызға ауыр болуы мүмкін. Интернеттен оқып отырған өмірбаяныңызға қатыстырып айтайық.

Сіз бірсыпыра көркем шығарма жазған жазушы көрінесіз. Соның сүбелілеріне үш мәрте Қытайдың мемлекет сыйлығын алыпсыз (Түсініктеме: ҚХР мемсыйлығы біздікіндей деңгейде емес, оны жалпы «мемлекет марапаты» десек те болады). Енді сұрақ қоямыз: сіз неге ол сыйлықты Оспан мен Зұқадай баһадүрлерді өлтірген, ұсақ ұлттарды бір-біріне айдап қырған өкіметтің жалғасы сынды мемлекеттен алдыңыз? Неге «аталарымның басын алған мемлекеттен сыйлық алмаймын» деп бас тартпадыңыз?..

Әрине, бұлай жасауға да болушы еді. Сіздің ұстанымыңыз тұрғысынан қарағанда. Жоқ, сіз оны алдыңыз және бұған мәзсіз!

Біз, әрине, бұл сұрақты «қырсығып» қойып отырмыз. Адамзат танымы тұрығысынан қарасақ, сіздің Қытай өкіметінен сыйлық алғаныңыздың ешқандай сөкеттігі жоқ. Оспан, Зұқа заманы – бір басқа, сіздің заманыңыз – бір басқа. Сіз сол сыйлықты ала отырып, ҚХР-дың мінберлерінен қазақ жайын көтеруіңіз бек мүмкін. Өйткені, сізге жол ашылады. Ресми өкіметке сөзіңіз өтімді болады.

Құнанбай басындағы жағдайды осылай байыптауға болмай ма? Қым-қуыт заманда оның «аға сұлтандығы» билік жүргізген аймағындағы қазаққа зиян болды ма, пайда болды ма? Қазақстанды мекендеген үш жүздің баласы ата-тегіне қарамай Құнанбайды әлі күнге үлгі тұтады. Баласына айтты делінетін «Сен алғаш Абайдай бала туғызып көр» сөзін аңыз қылысады. Оның арғы жағында, тайға басылған таңбадай, ершатқа жазылған хаттай поляк қайраткері, қаламгері А.Янушкевичтің берген бағасы тұр (ешкім оған «осыны жаз» деп бұйырмағанын түсінерсіз). Мұның бергі жағында «Абай жолындағы» М.Әуезовтің тамыры терең бейнелері, зерттеулеріндегі «Құнанбай орыс-түрік соғысында тұтқынға түскен Османлы сарбаздарын шекара асырып отырды» сынды ойлары тұр (қажы сапарынан кейін дүниелік тірліктен баз кешіп, таза тақуа болғаны өз алдына).

Кейде, өкінішке қарай, ақты ақ деп дәлелдеуге тура келеді. Мысалы, «мың Абайдың...» дегеніңізге қарағанда, сіз үшін ұлт құндылығы аз (бәлкім, жоқ) секілді. Біз үшін Абай – ұлтымыздың шамшырағы, ар-ұяты. Дана ақынның әкесі туралы жазған «Арғы атасы қажы еді / Бейіштен тартқан шәрбәтті/ Жарықтықтың өнері/ Айтуға тілді тербетті/ Адалдық, ақыл жасынан/ Қозғапты, тыныштық бермепті» сынды ойын сіз оқымауыңыз мүмкін емес. Қатты айтсақ ғафу етіңіз, бойыңыздағы шайтан сол оқығанды түсінуге, сіңіруге мұрша бермепті. Өкінішті-ақ!..

Енді тағы да жерге түсейік. ХХІ ғасырда өрден емес, етектен табылғанымызға Алладан кешірім сұрай отырып, тағы бір пендешілік түсіндірме жасап көрейік. Сіз Құнанбай аруағын қорлайтын сұхбатыңызда Мұхтар Мағауиннің тек өзіңізге ғана айтқан «Сіздің әңгімелеріңізге ғашық болдым» деген сөзін дәйек етесіз. Әрине, Мұқаң сәл басқаша жеткізген шығар. Өйткені мұндай баға, сөздер ол кісінің лексиконында мүлдем кездеспейді. Жарайды, қояр сұрағымыз: Сіздің Құнекең туралы доғал, дүмбілез пікіріңізге М.Мағауин қалай қарайды екен?.. Әлде Қазақстандағы игі жақсылардың ойына түкіріп-қақырғаныңыз бар ма? Құнанбайды «құнжитқаныңызға» қарағанда, сізден бәрін күтуге болатын сияқты.

Әлқисса, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» (Б.Майлин) дегендей, мұнда Елбасымыздан бастап, ағашты ат қып мінген балаға дейін «Мәңгілік ел» деп улап-шулап жүргенімізде, сырттағы ағайын үшін Құнанбайды мансұқтау неге «көкейтесті» болып қалды?

Бұған дейін Құнанбай қажы туралы кітап жазған Бейбіт Сапаралы мен Тұрсын Жұртбайдың «Оразхан ойларына» қатысты тіл қатпағанына қарағанда, олар бірдеңені білетін секілді... Бәрі Құнанбай заманында қалуы тиіс ру-қырудың ырың-жырың, қысыр әңгімесінен туындайтындай...

Тәуелсіз Қазақстанда Құнанбай туралы кітаптар жарияланып, фильмдер шығып жатқаны біреулердің ішін «қан жылатып» отыр. «Жоқ-ә, атамның кегін қайда қоям!..» - осылай тентек жинаған шоқпар шірімей, біраз үйдің төріне ілінгендей.

Біз ақсақал жасынан асқанына жиырма жылға жуықтаған Оразхан Ахметтің шоқпарлы үйлерге жанамай, елдің бірлігін, ұлттың ұйысуын айтатын берекелі үйлерге кіруін, төрінде отырып бата беруін қалаймыз.

Егер кездейсоқ жын қағып (немесе альцгеймер ауруы тиіп), ол кісі өз үйіне шоқпар жинай бастаса, ағайынынан және балаларынан ол пәлені отқа лақтырып тастауды сұраймыз.

Айқын ШӘРІП

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059