Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3152 0 пікір 17 Қараша, 2016 сағат 17:04

ОҚО әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл күні тұрғындар облыс әкіміне өндірістік және әлеуметтік, құрылыс, электроэнергетика, инвестиция тарту, сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері сынды бірқатар салалар бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.

Ең алғаш қабылдауға кірген шымкенттік Қамбар Жұмжаев пен Нина Ермакова қаладағы бұрынғы «Фосфор» ауруханасы, бүгінде Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік ХҚТУ клиникасы деп аталатын орталықты мемлекеттік балансқа қайтарып алу жайын көтерді. Ондағы медициналық құрал-жабдықтардың сын көтермейтініне алаңдаған емделушілер мекеме облыс қарамағына өткенде мәселе реттеледі деп үміттенеді.

Тұрғындардың өтінішін тыңдаған аймақ басшысы арнайы келген хат бойынша тиісті жұмыстардың жүріп жатқанын айтып, емхананың қазақ-түрік елдерінің бірлескен орталығы екенін жеткізді. Сондай-ақ, әкім бауырлас түрік елімен арадағы достық қатынастың арқасында өңіріміздегі көптеген нысандар – Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қ.А.Ясауи кесенесінің реконструкциялық жұмыстары, мешіттер салуда туысқандық үлестерін қосып жатқанын еске салды. Сонымен қатар, әкім аталған сауал аясында еліміздің Білім министрлігі мен Түркия тарапына хат жолданғанын жеткізіп, Қазақстан үшін оңды шешім қабылданатынын айтты.

Аймақ басшысының қабылдауына екінші болып кірген төлебилік зейнеткер мен кәсіпкер – Мейіржан Қалқабаев пен Асан Дұрсынов "Айланба" каналын толыққанды жөндеуден өткізуді сұрады. Бау шаруашығымен айналысатын азаматтар маусым кезінде суғару жұмыстарында қиындықтар туындайтынын алға тартты.

Ағынсуға қатысты көптеген мәселелердің бар екеніне тоқталған Жансейіт Қансейітұлы аталған проблемадан хабардар екенін білдіріп, келесі жылдың бюджетіне енгізу бойынша жобалық сметалық құжаттардың дайындалып, оған қаржы қарастыру мәселесі көзделіп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық қабылдаудағы үшінші мәселе – шымкенттік тұрғын Саттархан Абдалиевтің тарапынан болды. Ұлттық спорт ойындарының маңыздылығын көтеріп, болашақ ұрпаққа жеткізу туралы мәселеге алаңдаған спорт жанашыры осы сауалды оң шешуді сұрады.

Азаматтың өтінішіне қаныққан өңір басшысы аталған спорт түрін дамыту бойынша жиын өткізу қажеттігіне тоқталып, бұл мәселе аясында облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаевқа арнайы бағдарлама түзіп, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы қала сыртынан ат спорты алаңының құрылысы жоспарланып жатқанын жеткізді.

Жалпы, облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.

Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауға келген келесі азамат - Алтынбек Төлеубаев. Шымкенттік зейнеткер құрылыс және электроэнергетика саласында инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін Ж.Түймебаевтың тарапынан оң ықпал

көрсетуді сұрады. Бүгінге дейін 2 ғылыми жаңалық ашып, 21 патентке ие болған өнертапқыш бұл жолы энергетика саласы мен құрылысқа қатысты тың жобаларын таныстырды.

Ол электр қуатын өзгеше тәсілде өндіріп, пеногазоблок құрылыс материалдары жобалары бойынша көмек алғысы келеді. Айтуынша, соны жобалары іске асқанда ерекше жағдайда өндірілген электр энегриясын ірі кәсіпорындар мен автокөліктерге қолдануға болады, ал құрылыс материалы жер сілкінісі кезінде ғимараттың шайқалу қабілетін бәсеңдетуге себеп болады.

Бұл ұсыныстарға оң көзқарас танытқан облыс басшысы жобаларды ең алдымен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың арнайы технопаркінде тәжірибеден өткізіп, байқауды тапсырды. Әсіресе, құрылыс материалының сапалы да, арзан бағада болуы керектігіне назар аударған әкім оның тиімділігі дәлелденген кезде жаңалықтың өндіріске енгізілетінін хабарлады.

Күн тәртібінде облысқа инвестиция тарту жайын қозғаған Бәйдібек ауданының тұрғынының ұсынысын аймақ басшысы да қолдады. Шыны талшық (стекловолокно), металл өндіру, экотуризм салалары бойынша қаржы аударуға ниетті инвесторға түрлі салалар бойынша барынша қолдаулардың көрсетілетінін айтты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5598