ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАЙТСЕК САҚТАП ҚАЛАМЫЗ?
Республикалық "Айқын" газетінің соңғы сандарында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері Әділхан ДҮЙСЕБЕК-тің "Тәуелсіздікті нығайтудың" тетіктері деген мақаласы жарияланды. "Мәңгілік ел" болу жолына түскен Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қалудың тетіктерін жіпке тізген материалдың айтары мол. Сол себепті де аталған мақаланы толығымен Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға бағытталған сындарлы саясаты мен жанкешті еңбегінің, көш бастаған қазақ ұлтының асыл қасиеттерінің арқасында экономикалық-әлеуметтік дамудың іргетасын қаладық, халықаралық аренада беделді, іргелі мемлекетке айналдық.
Постиндустриялық өркениетке өтуге байланысты адам капиталы қоғамның орнықты дамуының басты локомотивіне айналды. Адам капиталы – бұл сапалы білім мен ғылым, инновация, креативті еңбек ресурстары, өмір сапасы. Адам капиталы – үдемелі дамудың тетігі, өздігінен еселеніп пайда беретін фактор, оған салынған инвестицияның қайтарымы өндірістегі қайтарымнан 3 есе көп.
Қазіргі жоғары дамыған елдер өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ішкі ресурстардың 70 пайызын адам капиталын дамытуға жұмсай бастаған. Көп ұзамай бұл қуатты ресурс жан-жақты және жедел өркендеудің пәрменді драйверіне айналып, сол мемлекеттер адамзат өркениетінің алдына шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымы мәліметтері бойынша АҚШ, Финляндия, Германия, Жапония және Швейцария елдерінде ұлттық байлықтың 80 пайызы адам капиталы есебінен жасалады. Салыстырсақ, Ресейде оның үлесі 14 пайыз ғана, қалған 72 пайызы табиғат ресурстарын пайдалану, 14 пайызы физикалық өндіріс есебінен жасалады екен. Өз еліміздегі осы көрсеткіштер бойынша мәліметтерді кездестірмедім.
Қазақстан Адам дамуының индексі бойынша (ұзақ ғұмырлық және денсаулық, білім беру, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіштері) әлемде 56-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексі бойынша еліміз 53-орында. Бұлар, әрине, ТМД елдері арасында жаман көрсеткіш емес, бірақ Елбасы белгілеген межеден төмен, 30 дамыған елдердің қатарына ену міндеті үшін жеткіліксіз.
Әлемдік тәжірибені зерделей келе еліміздің даму қарқынын жоғарылата түсу үшін Адам капиталын дамыту ұлттық тұжырымдамасы қажет деген ойға келдім. Бұл тұжырымдама Қазақстанда адам сапасын арттыру саясатының өзегі, бағыт-бағдарымыздың темірқазығы, халықтың ынта-жігерін арттырып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды бір мақсатқа жұмылдыратын идеологиялық құжат болар еді.
Адам капиталын дамытудың ең пәрменді факторы халыққа сапалы білім беру екені даусыз. Білімді халық-тың ғана – еңбегі ұтымды, мәдениеті жоғары, өмірі салауатты. Білімді адамның ғана – рухани дүиесі бай, рухы жоғары, өресі кең, мақсаты биік. Керісінше, білімі сапасыз, мәдениеті төмен, елжандылығы таяз халықтың ісі берекесіз, еңбегі өнімсіз, қаржылары шығын.
Статистикалық зерттеулердің ата-сы атанған американдық экономист Эдвард Денисонның мәліметтері бойынша, егер акционерлік капиталға салынған инвестицияны 10 пайызға көбейту еңбек өнімділігін 3-4 пайызға арттыратын болса, білім беруге бөлінетін инвестицияны осыншама көбейту еңбек өнімділігін 8,6 пайызға ұлғайтады.
Сондықтан адам капиталын дамытудың ұлттық тұжырымдамасының басты қағидаларының бірі – білім беру саласына салынатын инвестицияны ұлғайту.
Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақ-стан халқына Жолдауында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің стандарттарын ендіру туралы тапсырма берді. Білім беруді осы деңгейге көтеру ең алдымен осы салаға тиісті дәрежеде инвестиция салу арқылы мүмкін болары анық. Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша, ЭЫДҰ-на кіретін мемлекеттер білім беруді дамытуға елдің ішкі жалпы өнімінің 5,5 пайызын бағыттап отырса, өкінішке қарай бұл көрсеткіш біздің елімізде 3,1 пайыз
ғана (2015 ж.). Мұғалімдердің орташа жалақысы елдегі қызметкерлердің орташа жалақысынан АҚШ-та – 1,3 есе, Германияда – 1,4 есе, Оңтүстік Кореяда – 1,5 есе, ал Жапонияда 2,4 есе көп. Орташа алғанда ЭЫДҰ елдерінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа жалақының 79 пайызын құрайды, ал Қазақстанда – 62% ғана.
Финляндияға барған іс-сапарымызда елдің Білім және ғылым вице-министрімен кездесудің сәті түсті. Елдің даму деңгейіне таңданып, «мұның сыры неде?» деген сұрақ мазалай берген. Осы сұрақты вице-министрге қойдым. Сонда ол: «Осыдан 30 жыл бұрын Финляндия барлық тұрғыда депрессияда болды. Сол кезде көрнекті тұлғаларымыз, ел ағалары «не істеу керек, елді тығырықтан шығарудың басты тетігі неде?» деп жан-жақты ақылдасқан. Нәтижесінде «мұғалім дәрежесін көтеру керек, мұғалім – халықтың қалың ортасында жүрген тұлға, ол көтерілсе, соңынан жас ұрпақ, бүкіл халық көтеріледі» деген тұжырымға келді» деп жауап берді. Мемлекет экономикалық қиындықтарға қарамастан, елдің басты табиғи байлығы орман шаруашылығынан түсетін қаржыны білім беруді дамытуға, мұғалімнің мәртебесін көтеруге молынан жұмсаған. Ауқатты адамдар да байлықтарын жеке пайдасына емес, отандастарын дамытуға, олардың білім алуына, денсаулығын жақсартуға инвестициялаған. Білім беруді дамытуға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 6,8 пайызына дейін көбейтіліп, 7,4 млрд евроға жеткізілді. Нәтижесінде мұғалімдік қызмет елдегі ең мәртебелі қызметтер қатарына қосылды, ең үлкен бәсеке педагогикалық оқу орнына түсуге – орташа бір орынға 12 адамға дейін. Педагог қызметкерлер айлығы – 2,5-5,0 мың евро шамасында. Мұғалімдік – еркін және қорғалған мамандық. Бағыныштылық тәртіп, қағазбастылық, тексерулер жоқ, яғни мұғалімге толық сенім білдірілген, шығармашылықпен, өз әдістемесімен жұмыс істеуге шек қойылмайды. Себебі, әрбір мұғалім өз мамандығын аса қадір тұтатын, өздігінен ізденуші, жоғары дәрежелі шебер. Бастауыш мектепте тек магистрлер сабақ береді.
Осылай білім беруді дамыту, мұғалімді көтеру арқылы аз уақытта ел келбеті де танымастай өзгерді.
Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF) халықаралық еңбек ұйымы, ЭЫДҰ және Mercer Human Resource Consulting компаниясымен бірлесе отырып 2015 жылы адам капиталы дамуының рейтингін шығарды. Рейтинг білім беру және кәсіптік дайындық, денсаулық, дене және психологиялық хал-ахуал, жұмыспен қамту, құқықтық қорғау және әлеуметтік ұтқырлық деген төрт топтан тұратын 46 көрсеткіш бойынша шығарылды. Осы рейтингте 85,78 индекспен Финляндия көшбас-шы орын алды, одан соң – Норвегия (83,84), Швейцария (83,58), Канада (82,88), Жапония (82,74), т.б. мемлекеттері.
Өткен ғасырдың ортасында қылмысы бойынша рекордтық көрсеткіштерге жеткен Финляндия – қазір адам басына шаққанда полиция қызметкерлерінің саны ең аз мемлекеттің бірі. Сөйте тұра ең қауіпсіз, қылмыс жасау деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің қатарында. Бұл елде сағат 15-16 кезінде қараңғы бола бастайды, бірақ ата-анасы кішкентай балаларының мектепке өзі барып келуінен қауіптенбейді. Жемқорлық жоқ. Transparency International ұйымының мәліметтері бойынша, 2011-2015 жылдары Финляндия жемқорлықтан тазалық жөнінен әлемдік рейтингте Дания, Жаңа Зеландиямен қатар алдыңғы үштікте.
Осы мәліметтердің бәрін зерделей отырып келген қорытындым – Финляндия табиғи ресурстары аз болса да, білім беруді дамыту арқылы, адам капиталын молайтып, нәтижесінде орнықты даму жолына түскен, болашағы үшін сенімді мемлекет.
Адам капиталын дамытуға екі түрлі көзқарас бар. Оның бірі – неотехнократиялық, бұл жоғары технологиялар мен инновациялық, ғылыми іс-әрекеттерді басым пайдалану, екіншісі – гуманитарлық-экологиялық, бұл адам-ның рухани потенциалын дамыту және табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қолдау. Прогрессивті адамзат осы екі бағытты үйлестіре отырып, даму жолын таңдап отыр. Екеуін қатар алып жүргенде ғана адами капитал адамзат үшін құнды және оны алға жетелейді.
Соңғы екі жарым ғасыр бойы дамыған индустриялық қоғам адамзатты ғажайып ғылыми-техникалық және технологиялық жетістіктерге жеткізді. Алайда осыған пара-пар адамдардың дүниетанымына, денсаулығына, психологиялық хал-ахуалына, қоршаған ортаға зиянды факторлар қаулап көбейді. Табиғат та, адам жаны да экологиялық дағдарысқа ұшырады. Жер ресурстарын ашкөздікпен пайдалану, зиянды өндіріс қалдықтары, техногендік авариялар адамға, қоршаған ортаға аса үлкен зардап келтіруде. Рухани құндылықтардан алшақтау, әлеуметтік стратификация, дүниеқоңыздық, жемқорлық, зорлық жасау құбылыстары асқына түсуде. Халықаралық экстремизм мен ланкестік бүкіл адамзаттың, планетаның қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей деңгейге жетті. Бұл проблемалардың ешқайсысын қаржы бөлумен, қысқа уақыттық іс-шаралармен, жазалау жолымен толық шеше алмайтынымызға көзіміз жетіп отыр.
Адамзат қазір Абай атамыздың:
Ақыл мен қайрат жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың жалын артың мұз,
Барар едің қай жаққа? – деп өз заманында-ақ болжаған рухани дағда-
рыс жағдайында тұр.
Материалдық құндылықтар – адамның тән қажеттіліктері, ол жанған от сияқты, тойымсыз, затты қосқан сайын, қажеттілігі артып, лаулай түседі. Материалдық дүние – алдамшы, тойымсыз, оған әсіре елігу – адамды аздыруға, тоздыруға бастар жол. Ал рухани құндылықтар – адамның жан қажеттіліктері, рухани байлық – шынайы, мәңгілік байлық, ол адамзатты адалдандырып, жасампаздыққа жетелейді. Ұлы тұлғалардың рухани мұрасын ғана адамзат жүздеген, мыңдаған жылдар ұмытпай, қастерлеп келеді.
Осы дағдарыстан шығудың жолы – білім мазмұнының рухани-адамгершілік қуатын арттыру.
Білім беру постмодернизм философиясы мен синергетикалық тәсілдеме негізінде, яғни материалдық және рухани дүниенің, адам, қоғам, табиғат, космостың біртұтастығы мен коэволюциясы аясында трансформациялануы тиісті. Соның негізінде білім берудің құндылықтары мен мақсаты да өзгеріп, ол адамның физикалық, әлеуметтік және рухани құраушыларын біртұтастай дамытуға ауысады, футуристік, гуманистік-ноосфералық сипат алады.
1982 жылы физиология мен медицина саласындағы аса көрнекті америкалық маман Уильям Парри Мерфи адам миының екі жартышары арасындағы ассиметрия саласындағы ғылыми еңбектері үшін Нобель сыйлығына ие болды. Ол мидың сол жақ жартысы рационалдық-логикалық ой-өрісті, прагматикалық дүниетанымды қалыптастыратынын, оң жартысы адамның гуманистік дүниетанымын, позитивті эмоциясын, интуициясы мен шығармашылық қабілеттерін реттейтінін дәлелдеген. Дана тұлғалар – миының екі жартышары теңгермелік түрде дамыған адамдар.
Осы кезге дейін үстемдік құрған ньютондық-дарвиндік классикалық ғылымға негізделген білім беру адам миының сол жақ жартышарын дамытуға біржақты бағытталып келсе, болашақтағы білім беру жүйесі адам миының оң жақ жартышарын дамыту арқылы оның рухани күш қуаты мен шығармашылығын өсіретін жаңа деңгейге көтерілуі тиісті.
Мұның жолы қандай? Абай атамыз: «Білімдіден шыққан, сөз талап-тыға келсін кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз». «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» деген емес пе?
Данышпан 31-қара сөзінде:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар», – десе, тағы бірде, «Ақылға сәуле қонбаса – хайуанша жүріп күнелтпек» деп, білім мен тәрбиенің адам жүрегінің түбіне терең бойлау арқылы ынта мен махаббат сезімдері арқылы берілсе ғана құндылыққа айналатынын, сондай ақыл ғана адамның адамдығы екенін айтқан. Ең бастысы осындай білім ғана заттық дүниенің тар қапасынан, рухани дағдарыстан алып шығып, адамзатты жасампаздыққа жетелейді.
Қазіргі ғылым адам ДНК-сының күн сәулесінің спектрлерін де, музыка сазын да ажырататынын дәлелдеп отыр. Бұл музыканың жаратушының адамды дамыту үшін берген күн сәулесімен бірдей айрықша құрал екенін көрсетеді. Оның адамның жүрегін толқытып, жан дүниесін байытатын, рухын асқақтататын қуаты да осыдан.
Кореяда гүл бағында классикалық музыка үздіксіз ойналып тұратынын көрдім, «себебі, осындай музыкамен гүл әдемі және шыдамды болып өседі, нәтижесінде Корея бүкіл әлем елдеріне, тіпті Голландияға да гүлді экспорттайды» деп түсіндірді мұндағы мамандар.
«Көңіліңіздің қошы болса, сонда ол ақылыңызды да көркейтеді, сезімдік арналарыңызды ашып, нәтижесінде жақсы ойлар ойланылады, жақсы сөздер сөйленеді, жақсы істер атқарылады. Ал хошы жоқ көңіл – нұрынан айырылған көзбен бірдей. Ол ақылды да соқырландырады» деп жазады белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.
Осы себептерге байланысты мектептің алғашқы сыныптарында баланың зердесіне артық салмақ түсіретін ғылыми пәндерді, ауыр тапсырмаларды көбейтудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Шетел тілін білу – заман қажеттілігі, адамның мәдени деңгейінің көрінісі. Бірақ оны үйрету сағат сандарын көбейту есебінен емес, оқыту-дың озық әдістемесін қолдану есебінен жүргізілгені орынды. Бұл орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытудың осы кезге дейінгі тәжірибесінен көрініп отыр. Бастауыш мектептің міндеті – баланың сезім арналарын, көкірек көзін ашу, талабын ұштау, ынта-ықыласын ояту, көңіл хошын келтіру. Бұл үшін керегі – ана тілі, өнер, еңбек пәндері. Сонда ғана болашақта бала шетел тілін де, ғылымды да оңай игереді. Домбырада күй ойнау үшін алдымен оны саздау керек емес пе? Дұрыс саздалған домбыра ғана көңілдің күйін шертеді, сөйтіп ғажайып симфонияға ұласады.
Адам капиталын дамыту ұлттық тұжырымдамасының келесі мәселесі – жастарымыздың әлеуметтік бейнесі, олардың өмірде өз орнын табуы.
Бүгінгі жастарымыздың әлеуметтік бейнесін «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген Абай атамыздың өсиеттерімен зерделеп қарайықшы.
Ішкен асы мен киген киімін көбірек ойлайтын «әсемпаз» жастарымыз баршылық. Заман ағымына ілесіп «өнерпаз» болып, білімі мен біліктілігі, адами қасиеттері арқасында биіктен көрініп жатқан, ел басқаруға, инновациялық экономиканы дамытуға атсалысып жатқан жастарымыздың қатары көбейіп келеді, олардың өркені өсе берсе екен деп тілейміз. Алайда біз басым көпшілік жастарымыздың қазіргі тез дамымалы өмірге, өзгермелі ортаға «кірпіш болып қалана алмай» жүргеніне басымырақ басымызды ауыртқанымыз жөн болар? Себебі, бұл тек «олардың проблемасы емес», «өздері кінәлі» деп көз жұматын құбылыс емес, ұлттық адам капиталының өткір мәселесі.
Талдау жасап көрсек, ЕЫДҰ елдерінде кәсіби білімі бар адамдардың тек 5,1-ы жұмыссыз. Ал Қазақстанда жоғары білімі бар мамандар арасындағы жұмыссыздар үлесі 2011 жылы 20,9% болса, 2015 жылы олардың үлесі 25,9%- ға дейін өскен.
Менің ойымша, мұның басты үш себебі бар, бірі – білім беру мен еңбек нарығы арасындағы үйлесімсіздік, екіншісі – кәсіптік білім беру сапасының төмендігі, оның ішінде түлектер-дің практикалық қабілеттерінің қалыптаспауы, үшіншісі – жастардың жұмысқа орналасуына мемлекеттік қамқорлықтың, қолдау көрсету жүйесінің осалдығы.
Ел азаматтарын, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек өнімділігін арттыру – мемлекет әлеуетінің басты көрсеткіштерінің бірі. Польшада түлектерді жұмысқа қабылдаған кәсіпорындарға мемлекет жас маманға әлеуметтік қолдау көрсету, мамандығын жетілдіру мақсатында арнайы қосымша қаржы бөледі. Нәтижесінде ешбір түлек жұмыссыз қалып қоямын деп уайымдамайды. Германияда жұмысқа орналастыру кеңестері қызмет атқарады, олар соңғы курста оқу орнына келіп тегін түрде кәсіптік бағдарлау жұмыстарын өткізеді, жұмысқа орналасу үшін қажетті кеңестер береді, жас мамандарды практикадан өткізеді. Нәтижесінде, жоғары оқу орнын бітіргендер арасындағы жұмыссыздық тек 5% ғана. Жапонияда үлкен компанияға қабылданған түлектердің басым көпшілігімен сол жерде өмір бойы жұмыс істеу жөнінде келісімшарт жасалады, компания есебінен барлық әлеуметтік пакет беріледі, мамандығын жетілдіріп отырады.
Біздің елімізде кәсіптік оқу орнын жаңа бітірген түлектерді «еңбек өтілің жоқ» себепті жұмысқа алмайтыны туралы дабыл Парламент қабырғасында да қағылғанын білеміз.
Сондықтан тұжырымдамада білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұраныстары арасындағы үйлесімділікті күшейту, оқу орындарында өндірістік практиканы ұйымдастыру, мемлекеттік грантқа оқыған түлектердің міндетті түрде жұмысқа орналасуы үшін жауапкершілік жүйесін жасау қажет, олай етпесек, кәсіби білім алудың қадірі кетіп, мемлекет қаржысы босқа шығындалып, дипломды жұмыссыздардың қатары көбейе бермек.
Ғаламдану дәуірінде ұдайы мемлекеттік назарда ұстайтын тағы бір маңызды мәселе – жастарымыздың ел болашағына сенімділігі, патриоттық сезім дәрежесі.
Ақпараттық ашық қоғам, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, ел ішіндегі жемқорлық және басқа келеңсіз құбылыстар жастардың өз болашағына деген сенімін азайтып, шетелге кету үрдісін күн санап көбейтіп бара жатқан жоқ па? Жастары елжанды болмаған ел – іргесі сөгіле бастаған ел.
Қазір Шығыс Қазақстан облысы мектептерін бітіріп Ресей оқу орындарына түсетін, сол жақта қызметке қалатындар саны түлектердің жартысына жетіпті, басқа іргелес облыстарда да жағдай осындай болуы мүмкін. Мұның бір себебі – Ресейдің университеттерінде грант көп, бітірген соң жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол.
Білім мазмұнын адамның тек интеллектін, практикалық дағдысы мен ұтқырлығын дамытуға бағыттау – келешек жақсы орындаушыны қалыптастыру деген мақсат. Бұл қай елден болсын білікті маманды, жақсы орындаушыны іздеп жүретін трансұлттық компаниялардың, бизнес алпауыттарының мүддесіне сай, тіпті олардың тапсырысы болуы да мүмкін. Егер адамның бұл қабілеттері іргелі біліммен, елжандылықпен, рухани құндылықтармен көмкерілмесе, ондай білім алған адам келешек өз еліне қызмет етуден гөрі, легионер болып, шетелде пайда тапқанды дұрыс көруі мүмкін.
Көпшілік жастар арасында маргиналдану, зорлық-зомбылық жасау, ақша бопсалау, суицид жасау оқиғалары, агрессивті топтар мен діни ағымдарға ену үрей тудыратын деңгейге жетті. Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2015 жылы жастар арасында 201 суицид жасалған, 485 суицид жасауға әрекеттенгендер тіркелген. ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан жасөспірімдер арасында осы аса қатерлі құбылыстың саны жағынан әлемдегі ең алғашқы орындардың бірінде. Соңғы айдың өзінде екі суицид тіркелді: Семейде 20 жасар қыз пойызға басылып өлді, Қарағандыда жоғалған 25 жасар қыз асылған күйінде табылды.
Осындай ауруларды жасырсақ, тек асқындырамыз, ал асқынған аурудың арты не болары белгілі. Біз «жақсымызды асырып, жаманымызды жасыруға» дағдыланып алдық. Бірақ адамзат қоғамы – синергетикалық жүйе. Оны жүйенің ішкі заңдылықтары өздігінен реттейді, жабулы күйінде қала бермейді.
Тәрбиелеуден үнемделген қаржының түрмені қаржыландыруға кететінін есте ұстаған жөн. Полицейлерді жақтағанымыздан гөрі, ұстаздарымызды мақтағанымыз дұрыс болар.
Тұжырымдаманың келесі мәселесі – ел азаматтарының рухын көтеру.
Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Байлығы көп елге, саудагерлер қаптап кетеді», «Рухы жоқ елді, кім-көрінген таптап кетеді», «Рухсыз халық – ырықсыз халық» деген сөздері бар. Дана ақынымыздың осы тағылымды тұжырымдары Қазақ елінің қазіргі жаһандану заманында еске ұстайтын қағидасы болса керек. Біздің ұлтымыздың басқа да жоқ асыл қасиеттері көп. Бірақ біз өз-өзімізді жеткілікті бағалай білмейміз, өз-өзімізге сенімділігіміз аз, жалтақтығымыз басым, басқаларға бас июге қалыптасып қалғандаймыз. Бұл біздің ең қымбат құндылығымыз ана тілімізге деген қатынасымыздан, бір сөз қазақша сөйлесек, кінәлі болғандай, жанталаса екінші сөзді орысша айтатындай қазіргі бейбақ күйімізден көрінеді.
Жас жеткіншектеріміз Абылайдың айбарынан, Махамбеттің отты өлеңдерінен, Құрманғазының қуатты күйлерінен, Бауыржанның қайсарлығынан қайрат алуы тиісті, сонда ғана олар еңсесі биік, рухы жоғары, ерік-жігері мол, талабы таудай елжанды тұлға болып қалыптасады.
Дулат Бабатайұлы:
Ту ұстап тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба? – деп қайраған екен намысымызды.
Ұлтымыздың абыройын төгетін, алтын жағасын сөгетін ынжық ылаңдар емес, ерлік пен өрліктің дәстүрін жалғастырар, қатарынан оза туған қол бастар ұландар керек бүгін бізге.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» деген үкілеген үміті мен ақ сенімін ақтайтындай жастар керек бізге.
Қазақ киностудиясы түсірген фильмдер адамның еңсесін еңкейтетін жұпыны көріністерді, қайғылы оқиғаларды, жылау-сықтауды көрсетуді дәстүр етіп алған. Грузин, өзбек фильмдерінде өз кейіпкерлерін қайсар, өжет етіп көрсетеді. Тек Ақан Сатаевтың «Мың бала» фильмі қазақ жастарының рухын көтерген айрықша фильм болды, оны көрген жастар ата-бабаларының ерлік тарихынан қайрат алып, жігерленді, көздеріне жас алды, тік тұрып қол соқты. Бізге керегі де осындай тамаша туындылар. Қазақ телеарналары мен киноэкрандарын бөтен елдердің адамның сана-сезімін төмендететін, еріккеннің ермегіндей арзанқол фильмдері жаулап барады. «Өнердің ішіндегі бізге ең керегі – кино» деп Ленин оның ең пәрменді идеологиялық қару екенін ескергеннен айтса керек. Осыны біз де түсінсек игі еді.
Рухымызды көтеру үшін спортта жеңістер керек, көк туымыздың желбірегені керек. Шабуылдаудың орнына қорғаншақтап, допты алға емес, артқа тебу – біздің футбол командаларының ауруы. Мұндай жасықтық пен жігерсіздік бізді қалайша жеңіске жеткізбек. Кейбір футбол командаларының қаржыны шығындап, абыройымызды төкеннен басқа бітірері жоқ. Ал негізінен, қазақ жігіттерінен тұратын былғары қолғап шеберлерінің командасы абыройымызды асқақтатып жүргеніне қуанамыз.
Қазіргі теледидар мен әлеуметтік желідегі жиі көреріміз «жұлдыздарымыз» – жас әншілер. Оған еш қарсылық жоқ. Азаматтық тұлғасымен жастарға өнеге болып жүрген өнерпаздарымыздың қоғамда өз орны бар, мәдениет саласындағы жап-жақсы ұлттық жобаларымыз да солардың еңбегі. Бірақ ұлағатты ұстаздарымыз бен еңбек адамдары, ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз жастардың көлеңкесінде көмескіленіп қалған жоқ па? Айтқан сөзі мен істеген ісіне, азаматтық ұстанымына қарап үлгі тұтатын рухани көсемдерімізді, тау-тұлғаларымызды, ұлттық абыздарымызды қоғам төрінен көбірек көрсек-ті.
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақта ғана бар қағиданы бұзып, жемқорлыққа салынып, абыройынан айырылған қызметкерлер қандай үлгі? (Жемқорлық рейтингісінде еліміз 126-орында). Қылмыскерлік пен жемқорлық жайлаған елде адам капиталы өз пайдасын бере алмайды. Тіпті шетелден әкелінген жоғары сапалы адам ресурстарының өзі мұндай ортада күтілген нәтиже бермейді, деградацияға ұшырайды.
Осының бәрі еліміздегі адам сапасының көрсеткіштері, ал оны түземей алға басу жоқ. Сондықтан болашақ ел тағдырын, ұлт қауіпсіздігін шешетін осындай мәселелерді зерделеп, ұлттық тұжырымдамаға арқау етіп, кешенді іс-әрекеттер жасалса деп ойлаймын.
Тұжырымдамадағы ендігі басымдық – ұлттық құндылықтарымызды, рухани ядромызды сақтау.
Бар ғаламның құрылысы бірдей екені бәрімізге мектептен мәлім. Әр дүниенің өз ядросы бар. Ядро – сол дүниенің бар асылын жинақтаған субстансасы, өзегі, ол бұзылса дүние жоғалады. Қазақстан қоғамының ядросы – қазақ ұлты, ал қазақ ұлтының ядросы – оның тілі, тарихи және рухани құндылықтары, олардан айырылсақ, жүйелі дағдарысқа кіреміз, іргеміз сөгіледі. Қазіргі ғаламдану кезеңінде сол ядроны бұзуға, яғни, ұлт сапасын әлсіретуге сырттан әрекеттер жасалу қаупін де ескеру керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Махатма Ганди «Басқа елдерден келген желдің соққанына қарсы емеспін, бірақ олар есігімізден де тереземізден де кіріп, өз аяғымызға тұра алмайтындай жағдайға ұшыраудан сақтандырамын» деген екен.
Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Қытай мемлекеттерінің ерекше қарқынды даму феномені адами капиталдың рухани құраушысын басшылыққа алуымен түсіндіріледі. Бұл елдерде мыңжылдық рухани қазыналарға, адалдыққа, ұлттық дәстүрлерге, еңбекқорлыққа, отбасы мәдениетіне, ілтипаттыққа негізделіп құрылған адам капиталы сыйқырлы таяқшадай тез арада фантастикалық нәтижелер берді.
Оңтүстік Кореяда болған екі апта уақыт аралығында кәрістердің өз ана тілін, дәстүрлерін, тарихын қалай қадірлейтінін көрдік. Ата-анасы мұғалімді қадірлеуді балаларының санасына жастайынан құяды, сондықтан ұстаз мәртебесі өте жоғары. Қаптап, әр бұрышта аңдып жүрген полиция қызметкерлері жоқ, бірақ тәртіп бұзылмайды, тазалаушы жоқ – тазалыққа таңғаласың. Адам сапасы жоғары болған жерде, артық шығындар осылай қажеті болмай қалады. Өз халқын ғана емес, дамушы елдердің мыңдаған адамдарын оқытып, жұмыс тауып беріп отырғанына риза болмасқа шараң жоқ. Жері тар, қазба байлығы жоқ болса да жан-жағына жалтақтамайды, басқаларға табынбайды. Еңбек адамына жағдай туғызу, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, білім мазмұнына арқау ету арқылы инновацияны игеріп, орнықты даму жолына түскен ел бұл.
Адам сапасын көтерудің тағы бір шарты – өмір бойы білім алуға жағдай жасау.
Білім берудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау аса жауапты іс, мұнда қателік жасау – бірнеше ұрпақтың обалына қалу деген сөз. Мысалы, бұдан он шақты жылдар бұрын жоғары оқу орындарының заңгерлер мен экономист, қаржыгерлерді қаптатып даярлауы нәтижесінде, қаншама жастарымыз жұмыс таппай сенделіп қалды.
Білім беру стратегиясы шағын топтың шешімімен емес, зиялы қауымды кең қатыстырып, ғылыми-философиялық негіздерді басшылыққа алып, тамыры терең дәстүр мен инновацияның оңтайлы ара-қатынасын сақтай отырып қана құрылуы тиісті.
Қазір технология мен техниканың жаңару кезеңі 4-5 жыл, ал дамыған елдерде тіпті 2-3 жыл ғана. Инновациялық технологияға негізделген өндіріс орындарының үлесі Герма-нияда – 73%, Бельгия, Дания, Австрияда 60%. Экономиканы ұйымдастыру теориясы саласындағы ірі ресейлік экономист-ғалым Б.Мильнердің мәліметтері бойынша, заманауи технологиялармен ұтымды жұмыс істеу үшін маман өз жұмыс уақытының 15-20% біліктілігін көтеруге бөлуі тиісті. Индустриялық қоғам дәуірінде адам алғашқы 20-25 жылында алған білімі өміріне тұтастай жететін болса, қазіргі өзгермелі қоғамдық орта адам өмір бойы білім алғанда ғана табысты бола алады.
Осындай жаңа жағдайлар мамандар дайындау және біліктілікті жетілдіру жүйесін айтарлықтай өзгертуді талап етеді.
Білім беру деңгейлерінің арасындағы мазмұндық және құрылымдық сабақтастықты нығайту қажет. Жоғары сыныптарда оқылған жалпы пәндерді бірінші курста қайталамай орнына кәсіби арнайы пәндерді оқытқан, өндірістік практика көлемін арттырған тиімді болар еді. Мектеп оқушыларының соңғы сыныптардағы оқу жетістіктеріне, бейімділіктеріне мониторинг жасай отырып және мектеп бітірердегі академиялық бағалау тесті (бұл тәжірибе АҚШ-та SAT – Scholastic Assessment Test) деп аталады) қорытындыларын ескере отырып жоғары оқу орындары үміткерлерді өздері таңдап шақырып, емтихансыз грант беретін жүйені балама ретінде қолдануды ойлансақ. Бұл түлектердің ынтасын, білім сапасын жақсартқан, оқу деңгейлері арасындағы сабақтастықты арттырған болар еді.
Креативті адам капиталын қалыптастыру үшін қазір оқытудың формальды, яғни, институттық жүйесі жеткіліксіз, адамның өзі әртүрлі формальді емес жолдармен, online жағдайда біліктілігін жетілдіріп отыруға мүдделі және қабілетті болғаны керек. Дамыған елдерде әр компания өз қызметкерлері мен мамандары үшін менеджмент, іскерлік, психология, коммуникация салаларында тегін тренингтер, коучингтер өткізіп тұрады. Бұл жұмыс орнындағы шығармашылықты, креативтілікті дамытады, ұжымның ынтасын, ұйымшылдығын арттырады. Мұның орнына біздің көп мекемелер әлі күнге дейін авторитарлық басқару режимінен айырылар емес.
Үздіксіз білім беру сапасы тек білім деңгейлері бойынша өлшенбейді, ол халықтың әртүрлі топтарын сапалы біліммен толықтай қамту дегенді де білдіреді.
Ақылы мектептердің көбеюі, жас балаларды дарынды, дарынсыз деп бөлу, кейбір мектептерді айрықша артық қаржыландыру педагогикалық ортада әлеуметтік стратификация құбылысына әкеліп соғады. Бірдей қолжетімділік, педагогикалық әділеттілік ұстанымдарының бұзылуы балалардың сана-сезімінде дискомфорт тудырып, қарым-қатынасты дегуманизациялайды, пессимизм, жікке бөліну, көреалмаушылық, намыстану сезімдерін өршітіп, бірте-бірте адамдар арасындағы агрессивті қарым-қатынастарға ұласуы мүмкін. Оның үстіне қарапайым отбасынан талай дарындардың, тамаша тұлғалардың шыққаны бәрімізге белгілі.
Бір халықаралық конференция кезінде Финляндия профессорынан «Сіздердің білім беру жүйелеріңіздің басты айырмашылығы мен артықшылығы неде?» деп сұрағанымда, «біздің елде барлық мектептерде бірдей жағдай жасалған, дарынды балалар, бай балалар мектебі, ауыл, қала мектебі деген жоқ; себебі, біз әрбір оқушыны ұлттық адам капиталының құнды элементі деп бағалаймыз. Фин ұлты бес жарым миллион ғана, әрбір адам біз үшін бағалы, сондықтан әр оқушыға жеке көңіл бөлеміз, ешкімді де кемсітпейміз, ол жоғары деңгейге жеткенше жеке-дара көмек көрсетеміз, үлгірмей жатса қосымша бір жыл тегін оқытамыз» деп жауап берді. Бұл педагогикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да асқан көрегендік емес пе? Біз де осы дана саясатты ұстансақ керек-ті. Себебі, жастайынан әлеуметтік аутсайдерлер қатарына шеттетіп, тобырлар қатарына қосатындай қазақ та көп емес, әрбір қазақ баласы бағалы.
Дүниежүзілік банк қолдауымен ЭЫДҰ әзірлеген «Қазақстандағы мектеп ресурстарына шолу» (2015 жыл) құжатында Қазақстанда озат балаларға, олардың олимпиадалардағы көрсеткіштеріне баса көңіл бөлінетіні, ал төмен көрсеткіштерді жөндеуге, яғни, әлеуметтік жағдайында, оқу үлгерімінде, тәртібінде қиындығы бар немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға аз көңіл бөлінетіні біздің білім беру жүйесінің осал тұстарының бірі деп бағаланып, бұл Қазақстанның PISA, TIMSS сияқты халықаралық салыстырмалық зерттеулердегі төмен көрсеткіштерінің бір себебі екені айтылған. Қазір елімізде қолайсыз отбасында өмір сүріп жатқан 247 925 бала бар екен. Осы балалардың әрбірі күнделікті жеке көңіл бөлуді, қамқорлық пен қолдау көрсетуді қажет етеді емес пе?
Жергілікті әкімдіктердің мұғалімдерді де олардың шәкірттерінің олимпиада немесе ҰБТ нәтижелерімен бағалайтыны әділеттілік емес, себебі, олар бірдей жағдайда жұмыс атқарып жатқан жоқ және бұл оқу бағдарламасын сол мақсаттарға қажетті көлемде ғана орындауға алып келеді.
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев ауыл мектебінің қала мектептерімен арасындағы айырмашылығын азайту, шағын жинақты мектептерді интерактивті тақталармен, қашықтықтан оқыту құралдарымен жабдықтау, инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға, өзекті мәселелер бойынша ұстаздармен тікелей ақылдасуға баса назар аударып отыр. Бұл – еліміздің білім жүйесінде осыған дейін орын алып келген жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған ұстаным екені анық.
Менің ойымша, жоғарыда аталған мәселелерге терең де кешенді әлеуметтік, педагогикалық-психологиялық зерттеулер өткізіп, ашық талқылап, ұлттық тұжырымдаманың өткір мәселесі ретінде, мемлекеттік масштабта тиісті шаралар белгілеу керек. Баяндалған жайдың бәрін Білім және ғылым министрлігінің шаруасы деп қарасақ немесе жасыру, заңды қатайту жолымен шешеміз десек, жаңылысқанымыз. Адам капиталы мәселесін мемлекетіміздің орнықты дамуының платформасы ретінде қарап, қоғамдық кеңес құра отырып, бүкіл зиялы қауым, әрбір ұйым, көш бастаушы «Нұр Отан» партиясы және басқа идеологиялық институттар назарға алса, әрқайсысымыз өз үлесімізді қоссақ қана оңды нәтиже болмақ.
Әділхан ДҮЙСЕБЕК,
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин белгісінің иегері
Abai.kz