Саусақ ізін тапсырудан бас тартқандарға айыппұл салынады
Қазақстанда азаматтарды дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өткізетін болады. Парламенттің төменгі палатасына "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" заң жобасын таныстырды. Құжат Қазақстанның халықаралық міндеттерін орындаудан туындаған және "азаматтарды идентификациялау мен дербестендіруді жеңілдетуді" көздейді.
Ішкі істер вице-министрі Рәшид Жақыповтың айтуынша, қазіргі заманғы чипі бар жеке құжаттарға саусақтың ізін де енгізуге болады, бірақ құжаты бар тұрғындардан оны ауыстыру талап етілмейді.
Заң жобасы дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқан қазақстандықтарға айыппұл салуды қарастырады. Ал мұндай тіркеуден бас тартқан шетел азаматтары депортацияланады. Жақыповтың мәліметі бойынша, дактилоскопиялық ақпарат өткізуден бас тартқан Қазақстан азаматтары жеке куәлік ала алмайды.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасын 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта жүзеге асыруға 36,8 млрд теңге (100 млн доллардан астам) қажет.
Биометрикалық ақпарат билікке азаматтардың жеке куәлігін жылдам анықтауға көмектеседі және жалған құжат дайындауды қиындата түседі.
Абай-ақпарат