Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2558 0 пікір 15 Қыркүйек, 2010 сағат 04:13

Қазақ көшi қаңтарыла бастады

Дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында күрмеуi көп күрделi мәселелер жетерлiк. Оның үстiне, көш саябырсып, үкiметтi тығырыққа тiреп отыр. Көшi-қон комитетi мәселенi оңтайлы шешу үшiн жаңа заң жобасын дайындап, парламентке ұсынған-ды. Бiрақ, «бұл заң жобасының шикi тұстары бар. Шеттегi қазақтың тарихи Отанына оралуына кедергi болады» деген қарсы пiкiрлердiң де басы қылтиғаны қашан. Сырт­қы көшi-қон саясатында дауға түскен мына үш сұрақты таразыға салдық.

1. Бүгiнге дейiн ұлы көш Қазақстанға, қазақ ұлтына не бердi?

2. Сiздiңше, дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында қордаланып қалған қандай мәселелер бар? Егер Көшi-қон комите­тiнiң парламентке ұсынған «Халықтың көшi-қоны туралы» жаңа заң жобасы қабылданса, бар мәселе өз шешiмiн таба ма, жоқ па?

3. Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы сыртқы көшi-қонның көлiктi болуына қаншалықты үлес қосуда?


Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, жазушы:

КӨШТIҢ ҚАРҚЫНЫНА КӨҢIЛIМ ТОЛМАЙДЫ

Дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында күрмеуi көп күрделi мәселелер жетерлiк. Оның үстiне, көш саябырсып, үкiметтi тығырыққа тiреп отыр. Көшi-қон комитетi мәселенi оңтайлы шешу үшiн жаңа заң жобасын дайындап, парламентке ұсынған-ды. Бiрақ, «бұл заң жобасының шикi тұстары бар. Шеттегi қазақтың тарихи Отанына оралуына кедергi болады» деген қарсы пiкiрлердiң де басы қылтиғаны қашан. Сырт­қы көшi-қон саясатында дауға түскен мына үш сұрақты таразыға салдық.

1. Бүгiнге дейiн ұлы көш Қазақстанға, қазақ ұлтына не бердi?

2. Сiздiңше, дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында қордаланып қалған қандай мәселелер бар? Егер Көшi-қон комите­тiнiң парламентке ұсынған «Халықтың көшi-қоны туралы» жаңа заң жобасы қабылданса, бар мәселе өз шешiмiн таба ма, жоқ па?

3. Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы сыртқы көшi-қонның көлiктi болуына қаншалықты үлес қосуда?


Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, жазушы:

КӨШТIҢ ҚАРҚЫНЫНА КӨҢIЛIМ ТОЛМАЙДЫ

1. Негiзi көш 1955 жылы Кеңес заманы кезiнде басталды. 1962 жылдың сәуiр айында үлкен көш болды. Тұтас халық босып өттi. Әсiресе, Тарбағатай, Құлжа аймағының шекарасынан. 1 айдың iшiнде 200 мыңдай қазақ Қазақтанға қоныс аударды. Оларға 1 айдың iшiнде - жұмыс, 2 айда - төлқұжат берiлдi. Бұл - екiншi толқын көш едi. Үшiншiсi - тәуелсiздiк алғаннан кейiн басталды. Мойындау керек, ұлы көш Қазақстанға бәрiн бердi. Мәселен, 1962 жылы көшiп келген 200 мың адам Шығыс Қазақстан, Семей, Алматы облысындағы қазақтың қатарын қалыңдатты. Дәстүрiн нығайтты. Қазаққа рухани сүйенiш болды. Ұлттың еңсесiн көтеруде қомақты үлес қосты.

2. Менiңше, шетте жүрген қазақтарды Қазақстанға көшiрiп алу - нөмiрi бiрiншi маңызды мәселе. Өйткенi, қазiр әрбiр үшiншi қазақ шекараның сыртында жүр. Осы күнге дейiн Қазақстанға шеттен        1 миллион қазақ көшiп келдi. Бiрақ, әлi 5 миллионы сыртта жүр. Соңғы жылдардағы көштiң қарқынына көңiлiм толмайды. Тұтас, жүйелi көш жоқ. Мемлекеттiк ауқымда үлкен мiндет бәсеңдеп қалды. Сонымен бiрге көшi-қон комитетiнiң басында мәселенiң маңызын, шетелдегi қазақтардың мұң-мұқтажын жақсы бiлетiн, зерттеген адамдар емес, үстiрт, дiмкес, шала бiлiмдi адамдар отыр. Бұл - бiр. Екiншiден - көшi-қонға бөлiнген қаржы көшiп келгендердiң қолына толық жет­пей­дi. Ең үлкен қылмыс - мiне осы. Өкiнiштiсi, билiк басындағылар «бөлiнген миллиондарды жеп қойды» деп мойындайды. Бiрақ, жегендердi жазалап жатқан ешкiм жоқ. Сондай-ақ, көшiп келiп, 5-10 жыл­ға дейiн куәлiк ала алмай жүр­гендер бар. Сұмдық емес пе бұл? Дұрыс қоныстана алмағандықтан Қытайға, Моңғолияға қайта көшiп кеткендер және бар. Бұған жол бермеу керек. Қайта көшу ондағы ағайындарды қорқытып, үркiтедi. Көшi-қонның жолында осындай кедергiлер көп-ақ. Негiзi, көшi-қонның басшылығына оралмандардың өзiн тарту керек. Бiрiншi басшы болмаса да, орынбасарлыққа.

3. Дүниежүзiлiк қазақтар қа­уымдастығының қолында тек насихат қалды қазiр. Қауымдастықтың көшiрiп әкелуге әкiмшiлiк құзiретi жоқ. «Алтын шыққан жердi белден қаз» деген. Көштiң көзiн бiлiп, жуан қазақ күнкөрiп отырған жерге бару керек олар. 1,5 миллион қазағы бар Шыңжаңға, 1 миллионнан астам бауырларымыз қоныстанған Өзбекстанға, Ресейге барып, үгiт жүргiзу керек. Қауымдастық болса Еуропаға сапарға шығуға құмар-ақ. Жыл са­йын оларды айналдыра бергенше, миллион қазағы бар өлкелерге көбi­рек қатынас жасауды ойлаған жөн.

Рахым АЙЫПҰЛЫ, «Жебеу» республикалық қоғамдық бiрлестiктiң орталық атқару кеңесiнiң директоры:

ЗАҢ ЖОБАСЫНДА КЕРЕҒАРЛЫҚТАР МЕН КЕМШIЛIКТЕР КӨП

1. Өткен ғасырдың орта шенiнде 400 мыңға жуық қазақ ата жұртпен қауышты. Олардың 100 пайызы дер­лiк ауылдық жерлерге ауыр жұмыстарға жiберiлдi. Қаңырап қалған жүздеген ауылдардың тамырына қан жүгiрттi. Қуантатыны, әр отбасы орта есеппен 8-9 бала сүйiп, ұлтымыздың демографиялық жағдайының жақса­руына үлкен үлес қосты. Қазақстандағы қазақтың саны артып, 63 пайызға жеттi. Мiне, бұл - ұлы көштiң ең басты жетiстiгi. Бұдан тыс, ғылым-бiлiм, өнер және спорт шеберлерiнiң қатарын толықтырды. Қандастарымызды қазақ елiне топтау арқылы ұлттық мемлекетiмiздiң iргесiн бекемдеудемiз.

2. Дәл қазiр құқықтық базадағы кереғарлықтардың кесiрiнен қазақ көшi қаңтарылуға сәл-ақ қалды. Қолда бар заңды орындаудың нақты тетiктерiн жетiлдiру iсi мүлде кенжелеп қалған. Үкiмет қаулылары да бiр қайнауы iшiнде, шикi. Мәселен, арнайы квота көшiп келуге тiлек бiлдiрушi диаспора өкiлдерiнiң қандай санаттарына берiлу керектiгi әлi күнге айқын емес. Елге келген оралмандардың нақты мұқтаждығын шешетiн билiк құрылымдарының жұмысы үйлестiрiлмеген. Нақтылап айтсақ, елге оралуға рұқсат алу - Сыртқы iстер министрлiгiнiң құзiретiндегi iс. Ал көшi-қон комитетiнiң мiндетi квотамен көшiп келушiлерге баспана қаражаты және жәрдемақысын таратумен шектеледi. Олардың Қазақстанға түбегейлi қоныстануы, азаматтық алуы - Iшкi iстер министрлiгiне қарасты көшi-қон полициясының құзырында. Жұмысқа орналастыру, әлеуметтiк қамсыздандыру - Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң шаруасы. Жерге орналастыру - жергiлiктi әкiмшiлiктiң мiндетiнде. Бұл мекемелер бiр-бiрiне бағынбайтындықтан, көшiп келушiлерге бiлгенiнше билiк айтуда. Ортақ мәселе туындай қалса, қалыптасқан үрдiс бiрiне-бiрi құлаш-құлаш қағаз жазып, айлап, жылдап жауап күтедi. Осылайша бюрократизмнiң ызғары есiп тұратын мемлекеттiк мекемелердiң арасында қандастарымыздың тағдыры допша домалауда. Ал парламенттегi «Халықтың көшi-қоны туралы» заң жобасы қандастарымыздың құқықтық жағдайын бұрынғыдан да қиындатады. Мәселен, заң жобасының 44-бабында: «Оралман мәртебесi оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады. Оралман мәртебесiн алған күнiнен бастап бiр жылдың iшiнде, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы өтiнiш бермеген оралман, оны ұзарту және қайталап алу құқығынан айырылады», - делiнген. Қолданыстағы заң да оралман мәртебесiн азаматтықпен байланыстырады. ҚР азаматтығын қабылдаған оралман сол сәттен бастап заң бойынша берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек пен жеңiлдiктерден мақұрым болады. Бұл заң ең алдымен осы кереғарлықты түзетуге бағытталуы керек едi.

Сондай-ақ, заң жобасының 45-бабында: «Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң: 1) Iшкi iстер органдарына тiркелу жолымен, жеңiлдетiлген тәртiппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға» құқылы делiнген. Ал Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң 2002 жыл 23 тамыздағы №556 бұйрығымен бекiтiлген «Қазақстан Республикасы Iшкi iстер органдарының Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелердi қарау туралы» нұсқаулығының 42 тармағында: «Жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алуға арыз берiлген уақыттан бастап, мәлiметтердi қарау уақыты     3 айдан аспауға тиiс» деп көрсетiлген. Бұл - оралман мәртебесi тек үш-ақ айға жарамды деген сөз. Ары кетсе     1 жыл 3 айдан аспайды. Егер аталған мерзiм бiтсе, 45 бапта көрсетiлген тәртiпке сәйкес елге оралған ағайын оралман мәртебесiне қайта ие бола алмайды. Яғни, мұндай жағдайға тап болған оралмандар үшiн өз отанының есiгi қайта ашылмайды. Менiңше, заң жобасын дайындағандар оралмандардан есе қайтарып қалуды мақсат тұтқан сияқты. Әйтпесе, қандаста­рымыз­ға мұндай қатал жаза тағайындаудың қандай қажеттiлiгi бар?! Заң жобасындағы мұндай кереғарлықтар мен кемшiлiктер көп-ақ.

3. Қауымдастықтың құрылғанына сынаптай сырғып 18 жыл өттi. Сырттағы ағайын дүниежүзi қазақтары қауымдастығынан үлкен үмiт күттi. Алғашында бұл үмiт белгiлi дәрежеде ақталды да. Барлап қарасақ, марқұм Қалдарбек Найманбаев жетекшiлiк еткен жылдары ұшан-теңiз жұмыс атқарылыпты. Ол кезде алыс-жақын шетелдердегi қазақ диаспорасымен барыс-келiс iзiн суытпайтын. Түрлi басқосулар, мәдени шаралар ұйымдастырылатын. Сырттағы қазақтың, тiптi саудагерiне дейiн осы шаңыраққа бас сұқпай кетпейтiн. Жыл сайын мыңдаған жастар Қазақстандағы жоғары оқу орындарының дайындық курсына түсiп, ұлы көштiң қатарын толтыратын. Өкiнiшке қарай, кейiнгi кезде қауым­дас­тықтан қауқар кеттi. Топталып келген студент жоқ. Ең бастысы, қауымдастық ұлт бiрлiгiн нығайтудың ұйытқысы боларлық мiндеттiң мүддесiнен шығып отыр ма? Үкiметке қазақ көшiнiң көлiктi болуы үшiн қандай ұсыныс айтты? Мұндай сұрақтарды мыңдап қоюға болады. Бiрақ, бiрде-бiр жауап жоқ.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы:

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДА КӨШI-ҚОН ТУРАЛЫ КЕЛIСIМШАРТ ЖОҚ

1. Ең алдымен, оралмандар отанына жанын әкелдi. Дiлi мен тiлiн, таза жүрегiн, ұрпағын сыйлады. Мұстафа Шоқай болып ұлттық рухтың шамын жақты. Халифа Алтай болып милиондаған Құран Кәрiмдi арқалап келiп, қазақ даласына имандылық таратты. Мұстафа Өзтүрiк болып қара белбеудiң халықаралық шеберлерiн жетiлдiрдi. Майра Мұхаммед болып ән салды, Шұғыла Сапарғали болып биiмен өнеге көрсеттi. «Қара жорға» қазақ даласына қанат жайды. Ислам Жеменей, Зардыхан Қинаят, Нәбижан Мұхаметхан, Мұртаза Бұлұтай... топ-топ ғалымдар келдi. Сөйтiп, бауырларымыз рухани жыртығымызды жамап қана қалмастан, демографиялық бостығымызды толтырды.

2. Дәл қазiр Қытайда қазақ мектептерi жабылып жатыр. Мемлекеттiк саясат бойынша бүкiл балабақша тек қытай тiлiнде жүргiзiлуде. Қазақ баласының тiлi қытайша шығуда. Бұл - үлкен қауiп. Ал ең үлкен кедергi - екi мемлекет - Қазақстан мен Қытай арасында көшi-қон туралы келiсiмшарт жоқ. Осының салдарынан Пекинде жұмыс атқарып отырған Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi дәрменсiз. Мәселен, Үрiмжi қаласында визалық-паспорттық бөлiм ғана бар. Жұмыс атқару дәрежесi тар. Оның үстiне, онда визаны сатып алуға мәжбүрлейтiн жайттар да бар. Пысық делдалдар да осында. Бармақ басты, көз қыстымен басшылардың қалтасын толтырып, халықтiкiн қағып алуда. Ауылдағы егiншi, малшы бауырларымыз 2-3 ай виза кезегiнде тұрып қалуда. Бұл мәселе 10 жылдан берi шешiлген жоқ. Және бiр мәселе - Қытайдағы 7-16 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң ешқайсысына құжат жасалмайды. Қытайдан көшiп келемiн деген ағайын ешқандай квотаның, «Нұрлы көштiң» есебiнен келмейдi. Шекара асып, қоныстанғаннан кейiн ғана квотаға өтiнiш тапсырады, не болмаса «Нұрлы көшке» талаптарын бiлдiредi. Сондай-ақ, көш басын тарихи Отанына бұрған аға­йын шекарада кедергiлерге ұшырауда. Қытай жағын айтпай-ақ қоялық, Қазақстанның өзi жылы қабақ танытуды бiлмейдi. Кеден босағасын аттаған күннен тонауға ұшыраған қандастарымыз қағазбастылықтың қармағына iлiнедi. Одан қалса кеудемсоқ билiк пен әкiреңдеген әкiмдер, тiкбақай хатшы қыздар, сыбайлас жемқорлыққа сыбана кiрiскен пысықтар көп. Сондықтан да көштiң басын керi бұрғандар да аз болған жоқ. Оралмандардың өз зиялылары өз тағдырын шешетiн билiктiң шетiнен көрiнгендi қойып, қойшы таяғын ұстап қырға кеттi. Ала дорба көтерiп базар жағалады. Осының бәрiн реттейтiн заң кемелден­бейiнше бұл ши ешқашан шешiлмейдi.

3. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында үш жылға жуық қызмет атқардым. Iшек қырындысына дейiн бiлемiн. Арманы көп болғанымен дәрменi жоқ. Көп нәрсенi көтерiп жатырмыз дегенiмен тарихқа бұрылыс жасай қоятын көш бастарлық көсемдiгi жоқ. Осындай әлсiздiгiн бiлдiргiсi келмей, халыққа жонын күдiрейтiп көрсеткiсi келедi. Жоғарыда үкiмет, төменде халық алдануда. Қазақ көшiнiң бүгiнгi тоқырауына да ештеме жасай алған жоқ. Шетелмен мәдени байланыс жасауда да тендер ақшасын игеру мақсатында ғана аздап тырбаныс жасаған болады. Соның өзiнде 2000 данамен шығардық деген кiтаптары 500 данамен шығады. Қ.Шабданұлының «Қылмысының» өзi бiр мың данамен жарық көрдi. Қауымдастық үйi де оралмандардың емес, аздаған адамдар үшiн салынған сауда сарайы сияқты. Осындай жұмыс атқарып отырған мекеменiң сыртқы көшi-қонға ықпал жасай қоюына мен емес, өздерi де сенбейдi.

 

Дилара ИСА

Жас Алаш №73 (15531) 14 қыркүйек, сейсенбі 2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475