ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР ҚЫЗМЕТТЕН ҚУЫЛУЫ КЕРЕК
Бізде бір ғана саяси қозғалыс болғаны жөн – ол лингванационализм. Лингванационализмнің бір ғана құралы бар. Ол – позитивтік дискриминация.
Позитивтік дискриминация дегенді түсіндіре кетейік. Мысалы, мемлекеттік тілді білмейтіндер қызметтен қуылады. Бұл қадамды ең алдымен министрлік деңгейден бастау қажет. Қызметтен кетіру ең алдымен мемлекеттік тілде сөйлемейтін ұлты қазақ азаматтардан басталуы тиіс. Олардың орнына қазақша білетін, әрине өз функционалдық дайындығы бар, мәселенки, орыс тектілерден қойылады.
Бұл позитивтік линвадискриминация он бес, жиырма жылға созылуы белгіленгені жөн. Нәтижесінде қазақша білмейтін қызметкер күрт азаяды, есесіне орыс азаматтары арасында қазақ тіліне деген ынта пайда болады.
Қазақ тілі толық жеңіске жетіп, салтанат құрған кезден бастап саяси ұлттың пайда болуы басталады. Линвистикалық позитивтік дискриминация – демократиялық принцип. Бұл бастама кезінде батыста қолдау тапқан. Бұл секілді ассимиляциялық үрдістер демократиялық принциптерге қайшылығы жоқ. Себебі, басқа ұлттарға қазақ болуға жол ашады. Батыс елдерінде «аз ұлттар міндетті түрде көп сандылар арасында сіңу керек» делінеді. Ұлт мектебі тек біреу ғана, барлық ұлыстар ұлт болып титулдық ұлтпен интеграция мен ассимиляцияға түсуі тиіс.
Батыс елдері мультикультурализмнен зәрезап болып, одан бас тартты. Ал біз озық елдер бас тартқан жүйеге кенеше жармасып жүрміз. Бұдан біз де іргемізді аулақ салсақ, еліміздегі қазақтан басқа ұлт өкілдері «тегім өзбек, өзім қазақпын» дейтін болады.
Әзімбай Ғали
Abai.kz