Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9198 0 пікір 10 Наурыз, 2017 сағат 03:32

КРЕМЛЬ ТАҒЫ ДА ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ ЖАСАДЫ

Таяуда ЕАЭО өкілдері Бішкекте бас қосты. Алайда біз Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан және Армения бестігінің бірлігі біртіндеп сетіней бастағанын осыған дейін де жазған едік.

Бұл жолы жиылысқа Ресей делегациясын РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев бастап келіпті. Петербордағы бас қосуда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ЕАЭО-дағы теңсіздік туралы ашық айтқан болатын. Армения одаққа тек ортақ әскер үшін кіргенін айтқан соң, Белоруссия басшысы Александр Лукашенко ойындағысын ашып айтып салған-ды. Одақтың ойраны шығар күн алыс еместігін ескерткен ол бес жылға толар-толмас уақыт ішінде Ресейге 15 миллиард доллар беріп қойғанын айтып күйінді. Сөйтті де, "орыспен одақты үзем" деді.

Осының барлығын үнсіз тыңдап келген Медведев Дмитрий Кремльдің ресми позициясын жайып салды. "Одақтан шыққыларың келсе, біздің газды еуропалық бағамен сатып аласыңдар" деді төтесінен.

"Еуразиялық экономикалық одақ ешкімді күшпен ұстап отырған жоқ. Тек ескеріңіздер, одаққа мүше кейбір ел біздің газды жеңілдікпен сатып алуда. Елестетіп көріңіздер, егер олар одақтан шығатын болса, қазір Ресей газын Еуропа бағасында сатып алушы еді. Бұл мың текше метріне 200 доллардан болады деген сөз. Ендеше ештеңені дәлелдеудің керегі жоқ. Сондағы соманы есептеп әуре болмаңыздар да. Тиісінше, баға да айтарлықтай қымбаттау болатын еді", - деді Медведев.

Бұл Кремль бопсасының ашық көрінісі болып табылатын сияқты. Бұған Белоруссия басшысы Лукашенко жауап беріпті.

"Мені таң қалдырғаны - әріптесім Медведевтің сөзі болды. Бізге қоқан-лоққы көрсеткен түрі мынау, біз газ ақысын еуро бағада төлейді екенбіз. Бұл дегеніңіз 150 доллардың газын 200 долларға сатып алу деген сөз. Сөйтсек біз Ресейге ауыз ашып отырған нансоғар екенбіз. Білсеңіз газдың бағасы Медведевтің қолындағы дүние емес. Керек десеңіз, біздің де Ресейден еселеп алатын құнымыз бар. Қысқа әрі нұсқа айтамын: бізге жеңілдетілген баға керек емес. Бізге бауырлас Ресейдің басшылығы өз міндеттерін орындаса болғаны. Біз одақты құрғанда біздің азаматтарымызға, кәсіпкерлерімізге, кәсіпорындарымызға бірдей жағдай жасалады деп келіскенбіз. Осы талап орындалса болғаны еді. Ал егер данышпандардың бірі бізді газ бағасымен қорқытпақ болса, қатты қателеседі", - деді Александр Лукашенко.

Бұл жиылысқа Қазақстан делегациясын Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы бастап барған еді.

«ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтарды құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де біз «ойынның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға өзіміз келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тәжірибесіне қол жеткізуіміз қажет», - деді ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев. Бақытжан Әбдірұлының бұл айтқаны саяси тұрғыдан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің жолы болғанымен, астарына үңілсек, Александр Лукашенконың сөзін демократиялық жолмен жеткізгенмен бірдей болды. Тараптар енді маусымның 8-9 күндері Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде кездеседі.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373