Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2496 0 пікір 15 Қыркүйек, 2010 сағат 11:11

Бiржан ӘЛIМБЕТОВ: Баласының қазасына қуанған ананы бақытты деп айта аласыз ба?

Шынын айту керек, көп қазақтар нағыз мұсылман дiнi қайсы, ондағы түрлi дiни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенiн ажыратып жатпайды. Баласы мешiтке барып, намаз оқып жатса «баламыз түзу жолға түстi, арақ iшпейдi, бұзықтық жасамайды» деп қуанады. Ал бiрақ кейбiр ағымдар жас балаға жайнамазға жығылуды ғана емес, мұсылмандыққа жат нәрсенi үйретiп, мүлдем басқа дүниеге жетелейтiнiне ендi көз жеткiзiп жүрмiз. Маусым айының 22-сiнде Ақтаудағы қатаң режимдi колониядан 21 тұтқын қашып, өздерiн-өзi жарып жiберген оқиға елдi бiр дүрлiктiрген-дi. Қашқындардың барлығы дiн жолына қатты берiлген, тәкбiршiлер ағымының мүшелерi екенiн ақпарат құралдары жарыса жазды. Арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы Әшiрбек Мүмiновтiң айтуынша «Такфир» деген сөз - араб тiлiнен аударғанда бiреудi кәпiрге шығару дегендi бiлдiредi екен. Бұл - Қазақстанның батыс аудандарында әрекет ететiн дiни топ. Олар өздерiнен басқа мұсылмандарды кәпiр санайды. Зайырлы өмiрдi қабыл етпеудi, тек қана дiн жолына қызмет етудi мақсат тұтады. Дiн жолына жиһад, соғыс алып бару керек деп есептейдi екен. Опат болған 21 жанның бiрi - қордайлық Дәурен Әлiмбет. Дәуреннiң әкесi Бiржан талай жылдан берi дәрiгер болып еңбек етiп, абырой-беделiнiң биiктiгi арқасында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған азамат. Ол осы ағыммен алысқанына бiрнеше жылдың жүзi болыпты.

Шынын айту керек, көп қазақтар нағыз мұсылман дiнi қайсы, ондағы түрлi дiни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенiн ажыратып жатпайды. Баласы мешiтке барып, намаз оқып жатса «баламыз түзу жолға түстi, арақ iшпейдi, бұзықтық жасамайды» деп қуанады. Ал бiрақ кейбiр ағымдар жас балаға жайнамазға жығылуды ғана емес, мұсылмандыққа жат нәрсенi үйретiп, мүлдем басқа дүниеге жетелейтiнiне ендi көз жеткiзiп жүрмiз. Маусым айының 22-сiнде Ақтаудағы қатаң режимдi колониядан 21 тұтқын қашып, өздерiн-өзi жарып жiберген оқиға елдi бiр дүрлiктiрген-дi. Қашқындардың барлығы дiн жолына қатты берiлген, тәкбiршiлер ағымының мүшелерi екенiн ақпарат құралдары жарыса жазды. Арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы Әшiрбек Мүмiновтiң айтуынша «Такфир» деген сөз - араб тiлiнен аударғанда бiреудi кәпiрге шығару дегендi бiлдiредi екен. Бұл - Қазақстанның батыс аудандарында әрекет ететiн дiни топ. Олар өздерiнен басқа мұсылмандарды кәпiр санайды. Зайырлы өмiрдi қабыл етпеудi, тек қана дiн жолына қызмет етудi мақсат тұтады. Дiн жолына жиһад, соғыс алып бару керек деп есептейдi екен. Опат болған 21 жанның бiрi - қордайлық Дәурен Әлiмбет. Дәуреннiң әкесi Бiржан талай жылдан берi дәрiгер болып еңбек етiп, абырой-беделiнiң биiктiгi арқасында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған азамат. Ол осы ағыммен алысқанына бiрнеше жылдың жүзi болыпты. Сондықтан Бiржан Әлiмбет­пен әңгiмемiз осы бағытта өрбiдi.

- Әңгiменi әрiден бастасақ... Сiздiң балаңыз бұл дiни ағымға қалай түсiп жүр?

- Ақтау түрмесiнен қашқан 21 баланың бiрi менiң балам Дәурен едi. Бұл дiни ағым менiң отбасымды ойран қыл­ды. Ұйып отырған отбасы едiк, үш ұл, бiр қызым бар едi. Әйелiм де, өзiм де дәрiгер болып қызмет еттiк. Ең алдымен бұл дiнге әйелiмдi өз әпкесi жықты. Қордайда менiң бажам болды, отбасымызбен жақсы араласып тұратынбыз. Сол бажамның көзi көрмей­тiн, аяғы жүрмейтiн­ аурушаң баласы бар едi. Сол баласын емдетемiн деп бармаған жерi, баспаған тауы қалған жоқ. Бiздiң медицинаның шамасы келмедi. Содан бұлар баланы Қырғызстандағы бiр молдаға емдетедi. Ол молдалар тәкбiр­шiлер екен. Қалай екенiн қайдам, олар баланың көзiн көретiн, аяқ-қолын жүретiн қылады. Содан олар сол дiнге кiредi. Одан бiр күнi дiнге шешесiн жығады. Жалпы, бұл ағымның Қордайда қанат жая бастағанына он шақты жыл болды. Байғұс бажам осылардың күйiгiне шыдамай қайтыс болды. Ол өлiп құтылды. Мен әлi күнге алысып жүрмiн. Содан бұлар менiң әйелiмдi жығады, әйелiм келiп менi тартты. Мен «ондай дiнге бармаймын» деп ашып айттым. «Онда сенiмен тұрмаймын» дедi. Сөйтiп дiнге бола ажырастық, себебi бұл дiннiң заңы бойынша ерлi-зайыптылар екеуi бiр дiнде болуы керек. Егер олай болмаса, бiрге тұруға болмайды. Ол кезде балаларым бұл ағымға қосылған жоқ болатын. Содан не керек, әйелiм­мен ажырасып, балаларым сонымен бiрге кеттi. Әйелiм әпкесiнiң қолына барып тұрды. Олар Алматыда жұмыс iстейтiн. Кейiнiрек қызым жоғарғы оқу орнында оқыды, осы қайтыс болған балам Алматыдағы статистика басқармасында бөлiм бастығы болып жұмыс iстедi. ҚазҰУ-дi бiтiр­ген, жоғары мамандығы бар, ақылды, ойшыл, бүкiл ком­пью­тердiң бәрiн шемiшке­ше шағатын. Ал кiшi балам мектепте оқитын. Әйелiм балаларымның бәрiн әлгi дiни ағымға жықты. Оған дейiн әйелiмнiң дiннен мүлдем хабары жоқ болатын. Содан намаз оқыды, бақсы-балгер боламын деп, өзiн-өзi ұстай алмай, айқайлап, жүйке ауруына шалдықты. Дәурен жап-жақсы жұмысын, жас отбасын тастап, шешесiнiң соңынан ердi. Балам шала қазақ, дiннен мүл­дем хабары жоқ болғандықтан шығар, осы ағымға тез берiлдi.

- Ал, балаңыз түрмеге қалай түсiп жүр?

- Шешесi жағы жақсылап тартқаннан кейiн балам жұмысты тастап, осы ағыммен бiржолата айналысты. Содан Ұлттық қауiпсiздiк комитетi оларды бақылап жүрiп, 2009 жылы тұтқындап, 11 жылға соттаған болатын. Бiздiң ауылдан 6 бала сотталды. Өмiрi дiннен хабары жоқ менiң баламды соттағанда «осы дiни топтың басшысы» деп соттады. Сөйтiп балам ешкiмдi өлтiрген жоқ, ешкiмдi ұрған жоқ, осы дiнге бола сотталып кете барды. Бiрден Ақтау түрмесiне түстi. Негiзi Ақтау мен Атырау нағыз дiннiң күйiп тұрған жерi ғой. Ақыры балам сол ағымның ықпалынан шыға алмай, түрмеден қашып опат болды. Өздерiн-өзi жарып опат болды. Жалпы осы дiни ағымдардың тарихын өзiмше зерттеп көрдiм. Сондағы бiлгенiм - мұсылман дiнiнiң 22 тармағы бар екен. Әрқайсысы өзiнiкiн дұрыс дейдi. Бiр-бiрiмен тартысады да жатады. Басқа-басқа мұсылман дiнiнiң бiр-бiрiн мойындамауы не деген сұмдық?! Мен де Аллаға сенемiн, мойындаймын. Бiрақ бұлардың сенiмдерi, тiрлiктерi тым бөлек. Менiң балам бас иген дiни ағым Кавказдан келген көрiнедi. Бұларда ұлт, ел-жұрт деген болмайды. Бұларда тек бiр-ақ заң бар. Ол - Құран. Бес уақыт намазын оқып, мына дүниенiң бәрiн тәрк қылу керек. Ертең өлетiн о дүниенi, жұмаққа барудың жолын ойлау керек. Басқа ештеңе қызықтырмайды. Қайбiр күнi аудандық газетте имамның «Хиджабым - менiң қорғаным» деген мақаласы шықты. Оқып көрсең, масқара. Мемлекетiмiздiң заңдарын пайдаланып, әр адамның жеке құқына қол сұқпау керек дей отырып, мектептерде хиджаб киюге рұқсат ету керек, балалар сақал жiберуi керек дейдi. Бiзде дiн бөлек, мемлекет бөлек, мемлекет дiн iсiне араласпайды. Ал керiсiнше дiн мемлекет iсiне араласып отыр ғой. Көз алдыңызға елестетiңiзшi, әйел-қыздарымыздың бәрi хиджаб киiп кетсе, еркекте­рiмiздiң бәрi сақал жiберсе, ұлттық келбетiмiзден не қалады. Қазақ мемлекетi деген қайда қалады?!

- Сiз осы ағыммен алысқанда, бұл мәселенi айтып қайда шағымдан­дыңыз?

- 2007 жылы Отар ауылында мешiт ашылғанда соған келген Дiни басқарманың мүфтиi Дербiсәлi қажының қолына хат ұстатқанмын. Негiзi дiнiмiздiң абыройын қорғайтын, түрлi ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенiн анықтап беру дiни басқарманың мiндетi ғой. Құқық қорғау органдары дiнге берiлушi­лердi жазалаудан басқа ештеңе iстеп отырған жоқ. Президент бүкiл дiндердiң бәрiнiң басын қосып, татулыққа шақырып жат­қан кезде бiздiң дiни басқарма мұсылман дiнiндегi ағымдарды жинап, басын қосып, ортақ тiл табыстырып, қазақ ұлтына кесiрiн тигiзбейтiндей жағдай жасау керек емес пе? Ағымдар бiр-бiрiмен келiсiмге келуi керек қой. Оның орнына әр ағым бiрiн-бiрi жамандап, айтысып-тартысады да жатады. Шынын айту керек, қазiргi ағымдар бiздiң балалардың бәрiн құртып жатыр. Ата-анасы баласы мешiтке барып, намаз оқып жүргенiне мәз. Бiрақ, терiс ағымдардың жетегiнде кетiп бара жатқанын бiлмейдi. Ол ағымдар «бұл дүние­нiң қызығы жоқ, сендер о дүниенi, ақыреттi ойлаңдар» деп тәрбиелейдi. Аруақ жоқ, өлгендердiң басына барып құран оқуға болмайды, құдайы тамақ беруге болмайды, газет оқуға болмайды. Бес уақыт намаздан басқа ештеңе бiлмейдi. Жас балалар көздi жұмып тұрып, олардың айтқандарын орындайды. Сондықтан барлық үмiт тек президентте, басқа ешкiмнiң қолынан келмейдi. Оған ҰҚК, дiни басқарма өтiрiк ақпарат беретiн сияқты. «Ойбай, бiзде дiни экстремизм жоқ, бәрi әйбат» деп. Мұның бәрi өтiрiк. Қазiр бұл мәселе қып-қызыл өрт. Дәл қазiр осыған тоқтам болмаса, бес-алты жылда бұл ағымдар бiр-бiрiмен қырқысады. Бала әкесiне, қыз шешесiне қарсы шықса, болашағымыз не болады?! Ағымға кiрiп кеткен балалардың ата-аналары «балаларымыз бiр түрлi, менiң iстеген тамағымды iшпейдi, сен кәпiрсiң» дейдi» деп күйiнедi. Олар «Сендер кiмсiңдер?» десең, «Мұсылманбыз» дейдi, «Ұлттың кiм?» десең, «Ұлтымыз жоқ, бiз мұсылманбыз» дейдi. Сөйтiп, қазiр ұлтымыздың жоқ болып кету қаупi төнiп тұр. Бұл ағымдар - қазаққа төнген қатер. Ертең ұлт ретiнде жоқ болып кетемiз. Сондықтан барлық қазақ бауырларымды мына жат ағымдарды тоқтатуға шақырып отырмын. Оларды күшпен емес, уағыз, идеология арқылы тоқтату керек.

- Ақтауда түрмеде отырған кезде балаңыздың артынан бардыңыз ба?

- Жоқ, барған жоқпын. Өз-өздерiн жарып жiберген оқиғадан кейiн ғана ба­рып, баламның денесiн әкелiп, ауылға жерледiм.

- Баласының жерлеуiне анасы келдi ме?

- Келдi. Бiрақ мен «баламның жер­леуiне тек анасы, баламның әйелi ғана келсiн» деп айтқанмын. Сөйтсем, ұбап-шұбап бәрi келiптi, қуып жi­бер­дiм. Шынымды айтсам, олар көздерiне жас алып жылаған да жоқ. Қайта «Бiз бақыттымыз, баламыз шейiт, шаһид болды» деп қуанып жүр. Туған баласының өлiмiне қуанған қандай бақыт ол? Баласының өлгенiне қуанып, «Әне, менiң балам дiн жолында қаза тапты» деп басқаларға мысал етiп жүр. Әйелiмнiң қазiргi тiрлiгiне қарап отырсам, зомби болып кеткен секiлдi. Менiң балам не үшiн өлдi? Осы сұрақтың жауабын таппай жүрмiн. Осы сұрақты кiмге қоюым керек? Ел үшiн, жер үшiн өлсе, өз-өзiмдi тыныштандырар едiм. Құқық қорғау органдарының тiрлiгi қа­мап, түрмеге жiберу, болды. Менiңше, бұл бағыттағы жұмысты басқаша жүргiзу керек. Прокуратура органдары «ей, сен қандай дiнсiң, қайда тiркел­генсiң?» деп сұрамай ма? Ислам дiнi тiркелген, қалған ағымдар соның көлеңкесiнде жұмыс ат­қарып жатыр. Бұл ағымдардың Қа­зақстан­ға қандай пайдасы бар екенiн тексеру керек.

- Басқа балаларыңыздың жағдайы қалай?

- Үш ұл, бiр қызым бар едi деп айттым ғой. Үлкен ұлым осыдан бiрнеше жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Екiншi ұлым осы Дәурен болатын. Одан кейiн­гi қызым - дәрiгер, ол да шешесiнiң кесiрiнен сол дiн жолына түсiп кеткен. Кiшi баламды зорға-зорға дегенде қолыма алып, бетiн берi қаратқандай болдым. Ол - Алматыда студент. Бiрақ шешесiнен ажырата алмай жатырмын. Қолымда жүргенде бетi берi қарап қалады, шешесiне барса қайтадан айнып қалады...

 

Әңгiмелескен Оралхан ДӘУIТ

Жас Алаш №70 (15528)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475