ҚР КОНСТИТУЦИЯСЫН РЕФОРМАЛАУ ЖОБАСЫНА – 5 ҰСЫНЫС
1. Конституцияның 1-бабының 2-тармағындағы «...мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» деген мәтіннен «немесе Парламентте» деген сөз алынып тасталсын. Себебі, жер, тіл, дін, білім сияқты мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешетін мәселелерді Парламентте, әсіресе, бүкіл халық тікелей және жабық түрде дауыс беру арқылы сайламайтын Парламентте шешуге болмайтынын көзіміз соңғы 15 жылда әбден жетті ғой деп ойлаймын.
2.1. Конституцияның 6-бабының 1-тармағындағы (Жер кодексінің 20-бабының 1-тармағындағы) «Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады» деген сөздерден кейінгі «және бірдей қорғалады» деген сөздерді алып тастау керек.
2.2. Жер туралы Кодекс қазақ жері ешкімге, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтарына да, еш уақытта сатылмайтын, тек уақытша тегін пайдалануға берілетін болып, ал, шетелдіктер мен олар құрған заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдік қатысушылары бар отандық заңды тұлғаларға жалға да берілмейтін болып қайта қаралуы, және онда ҚР әр азаматына жалға берілетін жердің ең аз және ең көп көлемі нақты белгіленуі үшін Конституцияның 6-бабының 3-тармағы 1993-жылғы Конституцияның екі абзацтан тұратын 46-бабымен ауыстырылсын.
Конституцияның осы ауыстырылған 6-бабының 3-тармағының 3-абзацы етіп «Жерді тіршілік мақсатына және азаматтық айналымға қосу үшін жер учаскелері заттық құқық түріндегі жекеменшікте болады» деген сөйлемді қосу қажет. Кодекстің 28-бабында да «Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады» деп жазулы тұр.
Бұл өзгерістер не үшін керек? Соңғы жылдардағы ТМД аумағында орын алған саяси оқиғалар қазақтай ең бейқам елдің өзін де еріксіз есін жиып, етегін жабуға мәжбүрлейді. Алла-Тағала да «сақтансаң ғана сақтаймын!» деген. Күндердің күнінде сепаратистер тарапынан бөлек ел боп бөлінуге (кешегі Сингапур, бүгінгі Украинадағы ДНР, ЛНР тәрізді) немесе өзге ел құрамына енуге ұмтылыс тууы мүмкін. «Тумайды!» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Әне, сол кезде «тіршілік үшін берілген заттық құқық» талабы Конституцияның 2-бабының 2-тармағындағы «мемлекет аумағының тұтастығын қамтитын» талабынан төмен екендігін айтып тосқауыл қоюға болады.
3. Конституцияның 7-бабының 2-тармағы, яғни «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөздер толығымен алынып тасталсын. Бұл тармақ тұрған кезде қазақ тілі ешуақытта шын мәнінде, іс жүзінде мемлекеттік тіл бола алмайды. Жасырынбақ ойнағанды, өзімізді өзіміз алдағанды қоятын кез жетті.
4. Көп талқыға түскен "әркімге" қатысты бабты өзгертудің қажеті жоқ.
5. Конституцияның 32-бабы 1993-жылғы Конституцияның 15-бабымен, яғни, «Республика азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар бостандығына кепілдік беріледі» деген мәтінмен ауыстырылсын.
Өмірзақ Ақжігіт
Abai.kz