АДАМДАРДЫҢ ОҢҚАЙ НЕ СОЛАҚАЙ БОЛУЫНЫҢ БІР СЫРЫ АШЫЛДЫ.
Ғылымда адамдарды солақай және оңқай деп бөлуге қатысты көптеген болжамдар мен жорамалдар бар. Көбіне ғалымдар адамның бұл қабілетін ми қыртысының қызметіне байланысты деген тұжырымда болды. Жақында Рур университетінің зерттеушілері ерекше зерттеулерінің қорытындысын жариялап, өз тұжырымдарын ұсынды.
Ертеде солақайларды адам ретінде бағаламай, оларға күн көрсетпей, ауыр жазалайтын болған. Қимылға белсенді сол қолдарын күйдіріп, түрлі құралдармен жаралап, денелеріне қысып байлап тастаған. Кейде сол қолдарына арнайы қапты киіп жүруге де мәжбүрлеген. Кейіннен барып бұл түсінік жойылған. Ғалымдар адамдардың оңқай немесе солақай болуының сырын табуға ұзақ уақыт талпынды. Баланың бұлай туылуының жұмбағын ашуға тырысты. Нәтижесінде көпшілігі адамның оңқай немесе солақай болуына ми қыртысының қызметі әсер етеді деген қорытындыға келді. Алайда Рур университетінің ғалымдары бұл қорытындыны жоққа шығарып отыр. Баланың оңқай немесе солақай болуы анасының 13 апталық жүктілік кезінде анықталады екен. Ол кезде бала саусағын соратындай жетілу дәрежесінде болады. Нәтижесінде оң қолының саусағын соратын болса оңқай, сол қолының саусағын соратын болса солақай болатын көрінеді. Ал оңқай немесе солақай болуына ми емес, омыртқа тікелей байланысты екен. Себебі 13 аптада баланың миы мен омыртқасы тығыз байланыста болмайды. Сондай-ақ ғалымдар адам омыртқасының оң және сол жақ бөліктерінің бірінде гендік әсер ету жоғары болатынын алға тартып отыр. Осы гендік әсер ету негізінде адам оңқай немесе солақай болады екен.
Нұрсұлу Найманова
Abai.kz