ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ ТАҒЫ ДА БІРІНШІ ОРЫНДА!
Димаш Құдайбергенов I am a Singer байқауының алтыншы кезеңінде Лара Фабианның әнін орындап, тағы да жеңіске жетті.
Бұл туралы Қытай әлеуметтік желілері жазуда. Димаш атақты әнші Лара Фабианның «Adagio» әнін айтып, қытайларды тағы да аузына қаратты. Жерлесіміз осымен үшінші рет жеңіс тұғырынан көрінді. «Сүйінші! Димаш тағы шулатты! Бірінші орын! Кеше «Singer» байқауының келесі айналымы өтті. Димаш пианиномен «Adagio» әнін өте жоғары деңгейде орындап, көрермендерді жылатты. Әннің ортасына келгенде жұрттың бәрі орындарынан тұрып, қол соқты. «Димаш, Димаш», деп жанкүйерлердің айғайлаған үні бір сәтке толастамады», – деп жазылған Қытайдағы Wechat әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Қытайда өтіп жатқан “I am a Singer” байқауы бас-аяғы 14 кезеңнен тұрады. Оның алты кезеңі артта қалды. Әр апта сайын жеңіске жеткен өнерпазға бір кубоктан табысталады. Соңғы аптада ең көп жүлдені еншілеген өнерпаз жеңімпаз деп танылады. Әзірге 6 кубоктың үшеуі қазақ әншісінің еншісінде. Яғни, өзгелермен салыстырғанда жеңіске Димаш бір табан жақын тұр.
18 ақпан күні Астана уақытымен сағат 20.05-те байқаудың бесінші кезеңі көрсетіледі. Онда Димаш Бруно Марстың репертуарындағы «Uptown Funk» әнін орындайды. Қазақ әншісі бұл кезеңде бесінші орынды иеленіп, төменге сырғыған еді. Ал алтыншы кезең келесі сенбіде Hunan TV арнасынан берілмек.
Нұрсұлу Найманова
Abai.kz