Мұхтар ШЕРІМ. ҚҰШАҚТАҒЫМ КЕЛЕДІ...
Әй-шәй жоқ, «Атасына нәлеті, дүние деген боқ, көңіл жүрсін тоқ!» деген ұранмен ұрып құлаттым. Кімді дейсіз бе? Талай жыл тапырақтап қасымда жүрген туған әйелімді! Ол есін екі минөттен соң жиды да, неге екені белгісіз: «Жаным кіріп қалды ғой..» деді. Мен оның бетінен сүйдім де:
– Өзің ғой, келесі айлықта қырық мың теңгеге жасанды болса да шуба әперші деп миымды жеп келе жатқан! Мә, қырық мың теңге!
Әйелімнің көздері жайнап кетті.
– Сонда да айтшы, не үшін ұрдың? Шубаны ұрып әпересің бе не?
– Енді... Бүгінде заң атаулы діріл қағып тұр ғой. Әйелін ұрғандар қырық мың теңге айып пұл төлейді екен.
– Тағы да ұршы?
– Е?
– Қырық мың керек болып...
Ашуланып, үйден атып шықтым. Аулаға қайта кіріп, көлігіме отырып сала, зуылдай жөнелдім. «Министрлер еріге бастады, Құдай біледі зеріге бастады! Ішкі істер министрі жаңа заң ойлап тауыпты. Егер полицеймен жағалассаң, он бір миллион теңге айып пұл төлейсің, төлей алмасаң, сотталасың! Сонда деймін-ау, менің әйелім полицейден неге сонша арзан? Егер депутаттар бұл заң жобасын қолдаса, парақорлықтың көкесі сонда болатын шығыр?» деп ойлап келе жатыр едім, МАИ инспекторы тоқтатты. Кабинадан шықпай отырмын. Жаныма келіп, түрін сұстандырды. Қастарын жиырды. Көздерін ойнатты. Мен тілімді шығарып, ернімді жаладым.
– Бері шық! – деп бұйырды.
– Ереже бойынша, маған сыртқа шығуға болмайды. Қандай ереже бұздым екен?
– Жәй, сенімен төбелескім келіп тұр.
– Не үшін?
– Бізбен ерегісіп, жағалассаңдар, ұрсаңдар бар ғой, он бір миллион теңге төлейсіңдер!
– Қызық екен. Әкімдерді ұрып кетсем ше?
– Он екі миллион!
– Министрлерді ұра салсам?
– Он үш миллион!
– Өзімді ұрсам?
– Жүз теңге...
– Кешіріңіз, менің уақытым жоқ, қазір ғана әйелімді ұрып, қырық мың теңге төлеп келе жатырмын! –дедім. Ол мені сыртқа сүйреп шығарып:
– Не? Не, делевойсың ба? Не? Не, болды а? – деп қоймады. Жыным келді. Жұдырығымды түйіп, тұмсығынан енді ұрайын деп жатқанымда, он бір миллион айыппұл есіме түсіп, оны құшақтай алдым.
– Құшақтама деймін, мен саған саунадағы қыз емеспін!
– Сол... Сені құшақтағым келеді!
Ол менен сытылып шығып, құйрығымнан бір тепті. Жыным келіп, жұдырығымды жоғары көтере бердім де, алақанымды жазып, сол қолымммен қасып-қасып қойдым. Он бір миллион ә? Оны төлей алам ба? Сосын мынау менен пара сұрайды... Қой, «Көзді қысқан бай болады!». Дереу оны құшақтай алып, аймалай бастадым. Тіпті ерніне жабыса бергенімде, жаны шығып кете жаздағын анау мені «көкпеңбек» деп ойлады ма, көлігіне отыра қалып, зытып қалды. Құдай–ай, енді құшақтасқандарға қырық миллион айыппұл салу туралы заң шықпаса еді! Қайран, қазағымның заңдары, қор болдыңдар–ау!
Abai.kz